– Бүгінгі мектеп оқушылары ChatGPT, DeepSeek сияқты жасанды интеллект құралдарын белсенді қолданып жүр: үй тапсырмасын орындайды, шығарма жазады. Бірақ… Оларға бұл құралдарды қалай дұрыс, сауатты, ғылыми этикаға сай және тиімді қолдану керегін ешкім үйреткен жоқ. Салдары: көшіріп алу, үстірт ойлау, дайын жауаптарға тәуелділік. Біз көлікке тыйым салмаймыз. Керісінше, жүргізуді үйретеміз. Жол ережесін оқытамыз. Емтихан тапсырады. Бағдаршам мен белгілерді үйренеді, түсінеді.
Жасанды интеллект бойынша да осылай жасауымыз керек. Дамыған елдер жасанды интеллектіні оқытуды — мектеп бағдарламаларына кіргізуде. Қытай: Пекин мектептерінде жасанды интеллект бойынша сабақтар жылына кемінде 8 сағат көлемінде оқытылады. Бұл пән міндетті болып есептеледі. Эстония: Еуропадағы үздік білім беру жүйесіне ие ел.
2024 жылдан бастап жоғары сынып оқушыларына ChatGPT қолдануға рұқсат беріледі, мұғалімдер арнайы курстардан өтеді. АҚШ: Microsoft, Adobe, IBM, Uber сияқты алпауыт компаниялардың 250-ден астам басшысы ашық хатқа қол қойып, жасанды интеллектіні мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды. Ал бізде ше? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектінің дамуына баса назар аударып, өзі бақылап отыр. Біз, ЖИ туралы арнайы заң жобасын дайындадық.
Бірақ… ChatGPT, DeepSeek сияқты жүйелердің шыққанына екі жылдан асты. Ал Қазақстан мектептерінде ЖИ-ге қатысты жүйелі оқыту, әдістеме, бағдарлама – мүлде жоқ. Ашығын айтсақ, балалар бұл технологияны баяғыда-ақ қолданып жүр, үй тапсырмаларын ChatGPT-мен орындап, мәтін жазып. Ең өкініштісі, біз оларға оны дұрыс, сауатты және адал түрде пайдалануды үйретпедік.
Ал мұғалімдер болса – дайын емес. Нақты бағыт-бағдар жоқ. ЖИ-ды пайдалану, бағалау саясаты қалыптаспаған. Сондықтан ЖИ-ге қатысты ұлттық білім беру саясатын қалыптастыру керек; жасанды интеллектіні білімге қалай, не үшін және қандай деңгейде енгізу керек, соны анықтайтын тұжырымдамалық құжат қажет; ЖИ-ді білім мен ғылымда қолдану саясатын әзірлеу; мектеп бағдарламасына, университеттерге ЖИ енгізу бойынша Жол картасын әзірлеу; оқу бағдарламаларына Жасанды интеллект модульдарын енгізу, этика, сыни ойлау және ақпараттық гигиена сабақтарына көңіл бөлу; мұғалімдерді арнайы даярлықтан өткізу, – деді Асхат Аймағамбетов.