«AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының атынан Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналары атынан Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Беделбайұлына хат жолдады.
Ерекше күтім қажет балалар көмек алу үшін 3 ай кезек күтеді
483
оқылды

Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды: «Әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе», – деді Президент. 

Іс жүзінде жағдай қандай? Бүгінгі күні елімізде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жөніндегі 394 ұйым, 227 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 13 ресурстық орталық, 10 аутизм орталығы жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігінің  мәліметінше, 1080 мектеп кабинеті ерекше балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетеді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Барлық түзету кабинеттеріне кезекке тұрады. Балалар 3 ай және одан да көп уақыт түзету көмегін күтіп жатыр.

Психологиялық-медициналық педагогикалық комиссияның 2024 жылғы есебінің деректері бойынша, ерекше қажеттіліктері бар тіркелген 235  баланың  80%    түзету шараларымен қамтылса, аудандар мен шалғай ауылдардағы қамтылған балалар жағдайы қандай?

2021 жылы қабылданған Инклюзия бойынша Заңына сәйкес,   алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін заңды негіздер көзделді. Жергілікті атқарушы органдарға ерекше  балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту және орналастыру бойынша өкілеттіктер берілді.

2023 жылдан бастап барлық заңды тетіктерге ие бола отырып, осы күнге дейін барлық әкімдіктер мемлекеттік тапсырысты орналастыра қойған жоқ. Бүгінде  тек 3079 бала ғана қамтылған! Жетісу облысы – 140, Солтүстік Қазақстан облысы – 145, Қарағанды облысы – 300, Шымкент қаласы – 1000, Алматы қаласы  1494 бала ғана қамтылған. 

Тағы бір мәселе. Қазақстан мектептерінде ерекше балаларға арналған педагог-ассистенттердің жұмыс тәжірибесі енгізілді. Дәл осы ассистенттер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ортасына ықпалдастыруда маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта аутизм және басқа да ментальдық бұзылуы бар балалар осы ассистенттердің болуының арқасында қарапайым оқушылармен қатар мектептерге бара алады.

Алайда педагог-ассистенттердiң қызметiн реттеуге байланысты бiрқатар проблема бар. Бұл – еңбекақы төлеу, жұмыс режимі,  жүктемесі, еңбек демалысы және т.б. мәселелер. Бұл жағдай педагог-ассистенттер арасындағы кадрлардың жоғары «тұрақсыздығына» алып келеді, ерекше балалардың мектепке қатысуын қиындатады, сенімгерлік қатынастарды қалыптастыруға кедергі келтіреді, білім беру процесінің сапасын төмендетеді. Білікті мамандар еңбек жағдайларының бәсекеге қабілетсіздігінен, атап айтқанда жалақының төмендігінен мектептерге бара қоймайды.

Осыны ескере отырып, «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты сізден мынадай міндеттерді шешуге жәрдем көрсетуді сұрайды:

1. Жергілікті атқарушы органдар мүмкіндгі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау бойынша мемлекеттік тапсырысты уақытылы орналастыруды, тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз етсін.

2. Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына педагог-ассистент бірлігін штатқа енгізу туралы мәселені қарастырсын.  

3. «Педагог» кәсіби стандартының мамандықтары тізбесіне  олигофренопедагог, дефектолог, логопед,  ерте даму бойынша педагог, сурдопедагог, тифлопедагог сияқты мамандармен  қатар  «МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ ТАЛДАУШЫСЫ» мамандығын енгізсін.