Financial Times жариялаған ақпаратқа сүйенген Aikyn.kz, бүгінгі соғыс даласындағы әскери технологиялардың қаншалықты өзгергенін талдайды.
Соғыс түтіні әлі толық сейілмей жатып, қытайлық Chengdu Aircraft Company компаниясының акциялары күрт өсе бастады. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Faisal Mahmood
Соғыс түтіні әлі толық сейілмей жатып, қытайлық Chengdu Aircraft Company компаниясының акциялары күрт өсе бастады. Отыз жыл бұрын жасалған Қытайдың J-10 Vigorous Dragon атты алғашқы жойғыш ұшағы нақты ұрыс жағдайында өзін жақсы көрсеткен.
2025 жылдың 7 мамыры, таңғы 4-те Исламабадтағы Қытай дипломаттары сыртқы істер министрлігінде жиналып, заманауи қытайлық әскери ұшақтардың Үндістан қолданған батыстық техникаға қарсы алғашқы қақтығысының нәтижелерін талдаған. Бұл бұрын соғыс жағдайында сыналмаған радарлар мен зымырандармен жабдықталған қытайлық ұшақтың алғашқы нақты ұрысы болған еді.
J-10-ның жаңартылған нұсқасын басқарған пәкістандық ұшқыш үнділік Rafale (Францияда жасалған) ұшағын атып түсірген. Бұл оқиға нақты болмаса да, ықтимал дәлелдермен расталған кезде, ұшақты жасаған Chengdu компаниясының акциялары 40%-дан астамға қымбаттаған.
«Нағыз ұрыс жағдайынан артық жарнама жоқ. Бұл Қытай үшін жағымды тосынсый болды… нәтиже айтарлықтай әсерлі», – дейді Вашингтондағы Стимсон орталығының қытайлық әскери мәселелер жөніндегі сарапшысы Юн Сан.
Пәкістан мен Үндістан арасындағы әскери қақтығыс Қытай мен АҚШ бастаған батыс одақтастары арасындағы қарулы бәсекенің маңызды нүктесіне айналды. Фото npr.org сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Getty Images
2025 жылғы 22 сәуірде Үндістанның Кашмир аймағында 26 туристің қаза табуымен басталған шиеленіс Үндістан мен Пәкістан арасындағы соңғы онжылдықтардағы ең елеулі әскери қақтығысқа алып келді. Бұл дағдарыс Қытай мен АҚШ бастаған батыс одақтастары арасындағы қарулы бәсекенің маңызды нүктесіне айналды.
Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институтының және Стратегиялық зерттеулер жөніндегі халықаралық институттың мәліметтері бойынша, Пәкістанның әскери техникасының 81%-ы Қытайдан келеді. Оның 400-ге жуық жойғыш пен шабуылдаушы ұшақтарының жартысынан көбі сол елде жасалған.
Бұл Қытайдың 1960 жылдардан бері Үндістанды шектеу мақсатында Пәкістанмен орнатқан «барлық ауа райына арналған достық» деп аталатын серіктестігінің нәтижесі. Германияның Маршалл қорының сарапшысы Эндрю Смолдың айтуынша, Қытай Пәкістанға жеткізетін қаруларын өз қорғаныс өнеркәсібімен қатар дамытып келеді.
«Ядролық қару мен баллистикалық зымырандар саласындағы ынтымақтастықтан бөлек, Қытай бұрын Пәкістанға сапасы төмен танктер, артиллерия мен атыс қаруларын жеткізетін. Ал қазір Пәкістан – Қытайдың жаңа әскери мүмкіндіктерінің витринасы іспетті», – дейді Смолл.
Ал Үндістан болса байлық пен аймақтық амбициялары өскен сайын әлемдегі ең ірі қару импорттаушысына айналды. Соңғы онжылдықта Үндістан қару-жарақ жеткізуде Ресейден АҚШ, Франция және Израильге бет бұрып, заманауи жойғыштар, көлік ұшақтары, барлау және ұрыс дрондарын сатып алды.
Алғаш рет қытайлық әскери техника жоғары деңгейдегі батыстық қарумен бетпе-бет келді. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: US Army
Йель университетінің Оңтүстік Азия зерттеулері бойынша оқытушысы Сушант Сингх: «Бұл оқиғаның жаһандық маңызы зор. Алғаш рет қытайлық әскери техника жоғары деңгейдегі батыстық қарумен бетпе-бет келді. Қақтығыс немен аяқталса да, бұл Тайваньдағы болашақ сценарийге және батыстық қорғаныс компанияларының арзан әрі технологиялық дамыған қытай техникасына қарсы не істеу керектігіне сабақ болады», – дейді.
Соғысқа араласқан елдердің одақтастары бұл әскери қақтығысты мұқият зерттеп, бақылап, үйренуде. Мысалы, Украина Ресейдің ұзын танк колоннасын Батыс зымырандарымен тоқтатқаннан кейін, Үндістан дипломаттары Киевтегі жағдайды жіті қадағалай бастаған.
Тайвань болса, HIMARS жүйесінің тиімділігін көріп, өз тапсырысын жылдамдатуға тырысты. 2026 жылға қарай Тайваньда Украинадан да көп – 30-ға жуық HIMARS жүйесі болады.
Үндістан мен Пәкістанның аракідік болсын ұрыс-керіске баруы – екі елдің шекарасын аймақтық емес, жаһандық әскери сынақ алаңына айналдырды. Әрбір әскери қақтығыс мыңдаған операциялық деректерді генерациялайды. Бұл деректер келесі ұрысқа дайындық үшін маңызды ресурс. Қару өндірушілер бұл мәліметтерді жүйелерін жетілдіру үшін пайдаланады.
Нью-Делидегі бір әскери атташенің айтуынша, қазір Батыс елдерінің әскери сарапшылары үнділіктердің J-10C ұшағына қатысты радарлық және электрондық сигнатура мәліметтерімен бөлісуін тағатсыздана күтуде.
Қытай үшін бұл тек ұшақ емес, сонымен қатар, алдыңғы бөлігіне орнатылған белсенді фазалық антенна массиві (АФАР) жүйесінің жауынгерлік сынағы. Бұл радар тек нысандарды анықтап қана қоймай, зымырандарды бағыттауда да маңызды рөл атқарады.
Пәкістанның әскери техникасының 81%-ы Қытайдан келеді. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters Connect / Zou Wei
Пәкістанның әуе операциялары басшысының орынбасары Аурангзеб Ахмед бұл ұрыста PL-15 зымырандары қолданылғанын мәлімдеді. «Бұл бір сағаттық шайқас әскери оқу бағдарламасының бөлігіне айналады», – дейді ол.
Лондондағы Қорғаныс зерттеулерінің біріккен корольдік институтының зерттеушісі Роберт Толласт PL-15E зымыранының қолданылуы «ерекше маңызды болуы мүмкін» екенін айтады. Үнділік бұқаралық коммуникация құралдары ұрыстан кейін жерден табылған зымыранды талдау Қытайдың жаңа жүйесі жайлы құнды ақпарат беруі мүмкін екенін ескертеді.
Үндістан тарапы француздық SCALP зымырандары арқылы нысандарды дәл соққылап, Пәкістанның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің әлсіздігін көрсетті. Пәкістан қолданатын HQ-9 жүйесі Ресейдің С-400 кешенінен едәуір артта қалған, ал бұл флагмандық жүйе Үндістанда бар.
«Төтенше әскери дайындық жағдайында да үнділік зымырандардың Пәкістан аумағына еніп, анықталмай қалуы – үлкен қауіп», – дейді Үндістан ұлттық қауіпсіздік бойынша сарапшысы Лакшман Кумар Бехера.
Индия мен Пәкістан өткен қақтығыстардан сабақ алған. Мысалы, 1999 жылғы Гималайдағы соғыстан кейін Үндістан ресейлік МиГ ұшақтарының әлсіз тұстарын көріп, француздық Mirages-дарға көшті. 2019 жылғы Балакоттағы шабуылдан кейін өз тікұшағын атып түсірген Үндістан Әуе қорғаныс жүйесіндегі өзінің кемшіліктерін байқалған еді.
Пәкістан қолданатын қытайлық HQ-9 жүйесі Ресейдің С-400 кешенінен едәуір артта қалған, ал ресейлік флагмандық қорғаныс жүйесі Үндістанда бар. Фото tribune.com.pk сайтынан алынды
Қазір де жағдай қайталануда. Қажетті шешімдерді қабылдау Үндістандағы баяу бюрократияға байланысты ұзаққа созылып жатса, Пәкістан Қытайдың бірден-бір жеткізушісі ретінде бұл процесті оңай ұйымдастырып отыр.
2025 жылдың наурызында ғана Үндістан ерте ескерту ұшақтарының санын үш есеге ұлғайту жоспарын жариялады. Бірақ бұл жүйелерді толық орналастыруға бірнеше жыл қажет болады.
Батыс атташелерінің бірі: «Егер қақтығыстар жалғаса берсе, Үндістан бұл жүйелердің жоқтығын ауыр сезінеді. Егер үнділік Rafale ұшағын Қытайдың 100 км қашықтықтан жіберілген зымыраны атып түсірсе, бұл қажеттілік шұғыл мәселеге айналады», – дейді.
Үндістан мен Пәкістан арасындағы соңғы әскери шиеленіс аймақтағы тұрақтылыққа үлкен қауіп төндірді. Қақтығыс бірнеше күнге созылып, екі тараптан да әскери және бейбіт тұрғындар арасында шығындар болды. 10 мамырда Үндістан мен Пәкістан әскери басшыларының тікелей байланысы арқылы атысты тоқтату туралы келісім жасалды. Бұл келісімге АҚШ-тың делдалдығы әсер етті.
Қазіргі уақытта жағдай салыстырмалы түрде тынышталғанымен, екі ел де жоғары әскери дайындықты сақтап отыр. АҚШ пен басқа да халықаралық ойыншылардың араласуы аймақтағы тұрақтылықты сақтау үшін маңызды рөл атқаруда.
АҚШ тарабы екі елге де сабыр сақтау қажеттігін ескертіп, ядролық қарусыздану мен аймақтық қауіпсіздікке шақырды. Осы бітімгерліктің көмегімен уақытша болса да екі ел арасындағы ұрыстар бәсеңдеді. Алайда түбегейлі шешімге жету үшін ұзақмерзімді диалог пен сенімді халықаралық бақылау қажет деп ойлаймыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.