Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында алғаш рет өткізіліп жатқан Әлихан Мақсұт атындағы RoboZerde – 2025 халықаралық робототехника фестивалі ғылым мен шығармашылықтың, білім мен болашақтың нағыз тоғысқан тұсы болды.
Білім мен болашақ бәсекесі
435
оқылды

Бұл шара  жас буынның техникалық қабілетін паш етіп қана қоймай, олардың болашаққа сенімі мен ұмтылысын нақты көрсетті. 

Фестивальда ерекше көңіл күй мен технологиялық серпіліс лебі сезілді. Залдағы роботтар, дрондар, жарыс алаңдары – бәрі де балалардың еңбегі мен ізденісінің айғағы іспеттес. Қырғызстаннан келген коман­далардың қатысуы фестивальдың халық­аралық мәртебесін арттырып, жастар ара­сындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтты. Мұндай ауқымды бастамалар жарыс қана емес, болашақты бірге құруға бағытталған стратегиялық қадам. Бұл шара арқылы жасөспірімдер әлемдік ғылым кеңістігіне енуге алғашқы нақты қадамдарын жасап отыр. Сонымен қатар фестиваль аясында өткен пікірталастар мен семинарлар жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, жаңа технологиялық шешімдер мен инновациялық ойлау қабілеттерінің маңызын тереңірек түсінуге ықпал етті. 

Фестивальды ұйымдастыруға еңбек сіңірген мекемелердің үлесі ерекше. Олардың қатарында Астана қаласының Білім бас­қармасы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ, Astana IT University, KAZ ROCKETS қоғамдық қоры, «Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры», My Extra Lab ЖШС, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, елордадағы бірқа­­­­тар білім ордасы – №9 «Зерде» маман­дан­дырылған лицейі, «Роботек» білім беру робототехника мектебі, «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы бар. Бұл ұйымдар фестивальды жоғары деңгейде ұйымдастырып, жас дарындардың бола­шағы үшін пайдалы болатын алаң ұсын­ды. Мұндай жобалар – қоғам мен мемлекет­тің болашаққа деген жауапкер­шілігінің көрі­нісі. Қатысу­шыларға барлық жағдай, техника, жарыс алаңдары, ақ­па­раттық қолдау жасалған. Фестивальда ата-ана­лар мен педагогтер де жас дарын­дардың жетістігіне куә болып, балалармен бірге қуанды.

Жарыс барысында түрлі номинация ұсынылып, жас қатысушылар тек техникалық емес, шығармашылық, логикалық, стра­тегиялық қабілеттерін де көрсете білді. Фестиваль қорытындысы бойынша жеңім­паздар келесі номинациялар бойынша жүлдеге ие болды: «Басқару симуляторы» санаты бойынша Нсанбаев Алихан (Батыс Қазақстан облысы); My Extra Case Competition шығармашылық санаты бойынша Codi Science командасы (Астана қаласы); «Инверсті сызық бойымен жарыс» санаты бойынша Robo Com командасы (Астана қаласы); «Мерген» санаты бойынша Aloft командасы (Көкшетау қаласы); Micro-FPV санаты бойынша Тимофей Муравьев (Қарағанды қаласы); «Дрон футболы» санаты бойынша «ОБТШО» командасы (Батыс Қазақстан облысы).  Жеңімпаздарға диплом, медаль, ақшалай сыйлық пен ку­бок табысталды. Қатысушылардың бо­йын­дағы жаңашылдық, ізденіс, батыл қа­дамдар еліміздің ғылыми-технологиялық дамуына үлес қосатыны сөзсіз. 

«Robozerde-2025» фестивалі – жасөс­пірімдердің ғылыми-техникалық қабілетін дамытып, олардың заманауи технологиялар саласындағы әлеуетін танытатын маңызды алаңға айналды. Мұндай бастамалар – еліміздің инновациялық болашағына ба­­­ғытталған нақты қадамдардың бірі. Фестиваль барысында көрсетілген жобалар мен бас­тамалар жастардың техникалық шығар­машылығының жоғары деңгейін көрсетті. Фестивальдың маңызы ғылыми жетіс­тіктермен ғана шектелмейді, ол жас­тарға өз мүмкіндігін ашуға, жаңа тех­но­логияларды меңгеруге және бір-бірімен тәжірибе ал­масуға мүмкіндік береді. Бұл алаңда жас дарындар болашақтың ғылымы мен тех­­нологиясына қадам басып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосуға дайын екенін көрсетті. 

Тоғжан НҰРҚАНОВА