Жыл басынан бері аталған жоба аясында осы өңірге қарасты Әйтеке би, Алға, Хромтау және Қарғалы аудандарында қоғамдық қабылдау өткізіліп, онда 117 азаматтың өтініші тыңдалды. Оның ішінде 71 адамның мәселесі оң шешіліп, 46 өтініш бойынша заң аясында түсіндіру жұмысы жүргізілді. Тұрғындар негізінен құжат жинау, алимент өндіру, еңбек заңнамасының бұзылуы және алаяқтық мәселелері бойынша жүгінуде.
Мәселен, ақтөбелік Нағима Мұхамбаева 4 адамнан 36 млн теңге қаражатын қайтара алмай жүргенін айтты. Кәсіпкер тұрғын үй салумен айналысады. Құрылыс жұмысына тартқан кейбір азаматтар бастаған ісін аяқтамай кетіпті. Нағима Мұхамбаева оларды заң жүзінде жазалауға мүдделі.
«2004 жылы Қарақалпақстаннан көшіп келіп, өз кәсібімді бастадым. Былтырдан бері үйі суға кеткен тұрғындарға баспана тұрғызып, құрылыс жұмысымен айналысып келеміз. Алайда осы жұмысты жүргізуге келіскен кейбір азаматтарға қаражатты алдын ала беріп, сан соғып қалдық. Партияның қоғамдық қабылдауына заңгерлерден кеңес алу үшін келдім», – деді ол.
Айта кетейік, былтыр «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында 95 қабылдау өткізіліп, 305 азаматтың өтініші тыңдалды.
Елнар ЕЛТАЙ