Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды.
Президенттің айтуынша, Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Кездесуде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретіні жөнінде айтылды. Былтыр БАӘ-нің елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті.
Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.
Абу Дабидің Тақ мұрагері көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін жеткізді.
Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге ұмтылу қағидаттарына құрылғанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитынына тоқталды. Тақ мұрагерінің айтуынша, бүгін қол қойылатын келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді.
Маңызды құжаттарға қол қойылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның келіссөздері аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттар алмасу рәсімі өтті. Оның ішінде бірқатар маңызды құжат, атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Энергетика және инфрақұрылым министрлігі арасында автокөлік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктері Әділет министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум; «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен Masdar компаниясы арасында Қазақстан Республикасында 2 мың МВт-қа дейін қуат сақтау жүйесі және 500 МВт-қа дейін тәуліктік энергиямен қамту жобаларын әзірлеу бойынша ынтымақтастық туралы келісім; «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен AIQ арасында Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім; «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен Abu Dhabi Commercial Bank арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум; Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы арасында Қазақстан Республикасында суперкомпьютер кластерін құру жөніндегі келісім; «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы сауда флотын кеңейту бойынша ынтымақтастықты дамытуға қатысты хаттама; «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен AIQ арасында мұнай-газ саласын цифрландыру бағытындағы ықпалдастық мәселелері бойынша стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім; Түркістан облысы әкімдігі мен Абу Даби даму қоры арасында Түркістан қаласында шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы перзентхана құрылысын салу және қаржыландыруға қатысты өзара түсіністік туралы меморандум; Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Terminals Astana Airport Limited арасында Астана қаласының Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен оған іргелес аумақты дамытуға инвестиция салу туралы келісім бар.
Бұдан бөлек, құжат алмасу рәсімінде Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметі арасында жел электр стансасы жобасын іске асыру туралы келісімнің ратификацияланғаны туралы хабарланды.
Мектеп-лицейді аралап көрді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян елордадағы шейх Халиф бен Заид Әл Нахаян атындағы №84 мектеп-лицейді аралап көрді.
Мәртебелі меймандарға қазіргі кезде оқу ошағында 2 800 бала білім алып, 159 педагог еңбек ететіні жөнінде ақпарат берілді. Биылғы оқу жылында «Цифрлы мектеп» жобасы дайындалып, жаратылыстану және математика пәндері 7 бағытта, атап айтқанда, IT STEM, FAB LAB, роботты техника, қолданбалы математика, биоинженерия, математикалық модельдеу, биохимия салаларына бөліп оқытылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян араб тілі кабинетін көрді. Мектеп оқушылары араб тілі мен әдебиетін меңгеруде жеткен жетістіктерін танытты.
Сондай-ақ оқушылар Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагеріне мектеп музейін таныстырды. Онда екі елдің ынтымақтастығы мен достығына арналған көрме ұйымдастырылған. Экспозицияға ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі араб әлемі жөнінде сыр шертетін кітаптар, ұлттық киім үлгілері мен тарихи жәдігерлер қойылған.
Инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктері көп
Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Астана» халықаралық қаржы орталығына барып, оның жетістіктерімен танысты. Сондай-ақ АХҚО Соты, Қаржы қызметін реттеу комитеті, биржа және Халықаралық төрелік орталығының ерекшеліктері көрсетілді.
АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров Қазақстан Президенті мен Абу Дабидің Тақ мұрагеріне инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.
Бүгінгі таңда Біріккен Араб Әмірліктерінің 46 компаниясы АХҚО резиденті ретінде тіркелген. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технология, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі секілді түрлі салада қызмет етеді.
Бұдан бөлек, Қазақстан мен БАӘ капитал нарығы арасында байланыс нығайып келеді. Мәселен, биыл 7 мамырда Nasdaq Dubai және Astana International Exchange (AIX) биржалары орталық депозитарий-лерінің арасында тікелей байланыс орнағанын жариялады. Былтыр AIX Абу Даби биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржа хабына қосылды.
Серіктестік аясы кеңейе түседі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу Дабидің Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян «Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумының жабылу салтанатына қатысты.
Президенттің айтуынша, келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады. Бүгін қол қойылған құжаттардың жалпы сомасы 5 миллиард долларға жуық. Бұл экономиканың негізгі секторларын қамтитын коммерциялық келісімдер серіктестік аясын кеңейтуге септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған уағдаластықтардың толық жүзеге асырылуына екі елдің бизнес және корпоративтік сектор өкілдері елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
– Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің Шығанақ аймағындағы жетекші сауда және инвестициялық серіктесі. Бүгінге дейін экономикамызға 4,3 миллиард доллардан астам инвестиция құйды. БАӘ-нің 2031 жылға дейінгі даму стратегиясы біздің инновация, өнеркәсіпті дамыту және әртараптандыру бағытындағы ұлттық басымдықтарымызбен үндеседі. Сондықтан біз серіктестерімізге қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес қауымдастығы өкілдеріне Қазақстанда ЭЫДҰ халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сай жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар жөнінде айтты. Осы орайда шетелдік инвесторларға, соның ішінде БАӘ компанияларына жүйелі әрі жедел көмек беру үшін құрылған Инвестиция тарту жөніндегі кеңес жұмысы туралы мәлімет берді.
– Энергетика, логистика, қаржы, интеллектуалды технологиялар, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа түрлі салада ынтымақтастығымызды кеңейтуге мүмкіндік мол. Masdar, Presight, Abu Dhabi Ports, Terminal Holdings және Аbu Dhabi Commercial Bank cекілді серіктестерімізбен бірге жүзеге асырып жатқан маңызды жобалар өзара ықпалдастықтың қарқын ала түскеніне айқын дәлел. Осы және басқа да бастамалар екіжақты қарым-қатынастың дәйекті әрі тиімді дамып келе жатқанын көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бизнес форум аясында цифрлық технология дамуына, қаржы, урбанистика және «жасыл» экономика салаларындағы заманауи трендтерге арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар екі елдің бизнес өкілдері B2B форматында кездесулер өткізді. Форумға Әмірліктерден Абу Даби Экономикалық даму департаментінің, БАӘ сауда-өнеркәсіп палаталарының, сондай-ақ Masdar, AMEA Power, Abu Dhabi Ports Group және тағы да басқа ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
«Қазақстан – БАӘ» бизнес-форумында бірнеше коммерциялық келісімге, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі мен QazaqArab Sugar ЖШС арасында Қазақстанда қант зауытының құрылысы жобасы бойынша инвестициялар жөніндегі келісімге; Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Астана қаласы әкімдігі мен Presight компаниясы арасында мәліметтерді өңдеу орталығының құрылысы бойынша меморандумға; Астана қаласы Білім басқармасы мен Emirates Kazakhstan Education Investment Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға; «Астана» Халықаралық қаржы орталығы мен Abu Dhabi Global Market арасында мәліметтерді қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға; «ҚМГ Инжиринг» ЖШС мен AIQ арасында білім алмасу және AIQ шешімдерін әзірлеуге арналған стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісімге; «Атамекен» ҰКП Қазақстанның сыртқы сауда палатасы мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға; Semurg Invest ЖШС мен Abu Dhabi Ports Group арасында «Құрық» көпмақсатты терминалының құрылысы және оны дамыту қағидаттары жөніндегі келісімге; «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағы АҚ мен Khalifa Economic Zones Abu Dhabi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға; «Alel Agro» АҚ мен LULU Group арасында агро азық-түлік өнімдерінің саудасын ілгерілету және сатып алу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Сапар соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянды елорда әуежайынан шығарып салды.
Мейір ЖАСЫН