ЖОО-ды лицензиясынан тез айыруға мүмкіндік болмайды.
Жабылған жоғары оқу орындары жұмыс істеп отыр ма? – Ғылым және жоғары білім министрлігі жауап берді
istockphoto.com
602
оқылды

Ел ішінде Асхат Аймағамбетов министр кезінде жабылған университеттер қайта жұмысын жалғастырып жатыр деген алып-қашпа әңгіме таралуда. Бұл жоғары оқу орындардың неге жабылғанын және олар нақты қандай кемшіліктерін түзеп, неге қайта ашылғанын анықтап, сол оқу орындарының атын атап, түсін түстеп беруін сұрап, Ғылым және жоғары білім министрлігіне Аikyn.kz ресми сауал жолдаған болатынбыз.

Алайда министрлік нақты қандай жоғары оқу орындардың жабылғанын, қайсысы қайта ашылып, жұмысын жандандырғанын атамады. Ол оқу орындарының қандай ереже бұзғаны да көрсетілмеді.   

«Бақылау қорытындысы бойынша, жабылған ЖОО-ларда білім беру процесінің сапасына теріс әсер ететін білім беру саласындағы заңнаманы бұзушылықтар: біліктілік талаптарына сәйкес келмеу, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын сақтамау, үлгілік қағидаларды бұзу анықталған», – делінген министрліктің жауабында.

Ал жабылған оқу орынның қайта жұмыс бастауына не түрткі болғанын, олардың қандай қателігін түзеп, реттелгенін де ашып айтпады. Тек лицензия беру қызметі мемлекеттік қызмет түрлеріне жататынын еске салды.

«ЖОО-ларға лицензия берудің негізгі талабы – ЖОО-ның біліктілік талаптарына толықтай сәйкес келуі» деп министрлік атағанымен, оқу орындарының біліктілік талабы қандай екенін келтірмеген. Бар болғаны сауалымызға «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 51-тармағына сәйкес, ЖОО-ларға білім беру қызметімен айналысуға лицензия мемлекеттік қызмет шеңберінде жүргізілетін біліктілік талаптарына сәйкестігіне рұқсаттың бақылау нәтижелері бойынша беріледі»,  деп министрлік жауап берді.

 Саясат Нұрбек ЖОО-ны лицензиясынан айыруға байланысты не өзгертті?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2023 жылдың басында «Биылдан бастап біз мемлекеттік бақылау үлгісін өзгертеміз. Бұл принцип нөлден енгізіледі және ЖОО-ны лицензиясынан тез айыруға мүмкіндік болмайды» деген болатын. Министрліктің мәлімдеуінше, 2023 жылы «таза парақтан» реттеу саясаты енгізілді. Соның шеңберінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласын реттейтін заңнамалық актілер арнайы Жұмыс тобымен (құрамында: «Атамекен» ҰКП, БАҚ өкілдерінен тәуелсіз сарапшылар, заңды тұлғалар ұйымы, ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығы, Академиялық адалдық лигасы, ЖОО өкілдері) түбегейлі қайта қаралған. Сөйтіп, ондағы ескірген, орындау мүмкін емес және қазіргі жағдайға сәйкес келмейтін талаптардың алынғанын хабарлады.

– Ол үшін арнайы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті талаптар тізілімі енгізілді. Тізілім реттеушілік актілерге олардың жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігі тұрғысынан талдау жүргізу мерзімдерін айқындауды көздейді. Қазіргі таңда Міндетті талаптар тізіліміне жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы 20 НҚА енгізілген.

Талаптар тізілімін қалыптастыру және жұмыс істеу алгоритмі келесідей: біріншіден, реттеуші МО тізілімге енгізу үшін кәсіпкерлік қызметті реттеуге негіз болатын реттеуші актілердің тізбесін қалыптастырады. Осыдан кейін реттеушілік актілер келесі талдау (қайта қарау) жүргізу мерзімдерін көрсете отырып, Талаптар тізіліміне енгізіледі. Егер реттеуші орган бұл талдауды белгіленген мерзімде жүргізбесе, онда мұндай актілердің күші жойылады немесе оларға өзгерістер енгізіледі (6 ай ішінде – заңдар бойынша; 3 ай ішінде – өзге актілер бойынша). Яғни, егер талап Тізілімге енгізілмесе, онда ол бойынша мемлекеттік орган бақылау субъектісін тексеріп, жазалай алмайды. Тиісінше, егер тізілімде талап болмаса, онда жаза да жоқ. Бұл –  тізілімнің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі, делінген министрліктің жауабында.

Негізі министрлік міндетті талаптар тізіліміне нақты қандай талаптың енгізілгенін көрсетпеген. Әйтеуір жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласына байланысты Міндетті талаптар тізіліміне 20 нормативті құқықты акті қосылғаны ғана белгілі.

 Талаптардың қайта қаралуы нені жеңілдетті?

Сонымен қатар «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бөлігінде тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын және білім беру жүйесіне тексеру парақтарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 1 желтоқсандағы №166 және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 2 желтоқсандағы №116 бірлескен бұйрығына бірқатар өзгеріс  енгізілді.

«Атап айтқанда, тексеру парақтарындағы талаптар қайта қаралып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы қолданыстағы НҚА-ға сәйкестендірілді. Осылайша, профилактикалық бақылау жүргізу үшін тексеру парағында тармақтар саны 24-тен 23-ке, біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру үшін тексеру парағында тармақтар саны 29-дан 23-ке қысқарды», – деп жауап берген Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Министрліктің қабылдауынша, 2024 жылдан бастап бақылау шараларының жыл сайынғы тізімі тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде қалыптастырылып келеді.

– Яғни, «проблемалық» ЖОО-лар мен олардың «осал аймақтары» (тұстары) «Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде айқындалып отырады. Осы арқылы ЖОО-лар жинақталған деректерді талдауға, тәуекел дәрежесі «жоғары» ықтимал аймақтарын ерте анықтауға және уақытылы шара қабылдауға мүмкіндік алады, – делінген хатта.

Сондықтан жоғары оқу орындарын тексеру ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік бақылаудың 4 түрімен жүреді. Атап айтсақ: бару арқылы профилактикалық бақылау; бармай профилактикалық бақылау; біліктілік талаптарға сәйкестігін тексеру; жоспардан тыс тексерулер.

«Тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін реттеуші мемлекеттік органдар бақылау мен қадағалау субъектілерін (объектілерін) нақты тәуекел дәрежелеріне жатқызатын және бақылау іс-шараларын жүргізу графиктерін немесе тізімдерін автоматты режимде қалыптастыратын тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып жүргізеді. Сондай-ақ осы графиктер немесе тізімдер тексеру тағайындауға негіз болады», – деп жазған министрлік жауабында.