Президенттің Жолдауында халықтың, әсіресе өскелең ұрпақтың психикалық денсаулығын, психологиялық қолдау қызметтерін құрудың маңыздылығы атап өтіледі.
Жан дүниеге жанашырлық
391
оқылды

Бүгінде елімізде психологиялық қызмет көрсету саласының дамуы өзекті мәселелердің біріне айналды. Қолданыстағы бірыңғай стандарттар мен лицензиялау жүйесі мамандардың кәсіби деңгейіне қаншалықты кепіл болып отыр? Жыл сайын дайындалып жатқан 6,5 мыңнан астам психологтің білім сапасы мен практикалық қабілеттерін бақылау тетіктері қандай? Осы бағытта әзірленіп жатқан заң жобасы саладағы қандай проблемаларды қамтиды? Біз мұны «Алаңда» сарапшылардан сұрап көрдік. 

 

– Қазақстанда қазіргі қолданыста психологиялық қызмет көрсетудің қандай бірыңғай стандарттары мен лицензиялау жүйесі бар?

 

Айна МЫСЫРӘЛІМОВА, 

Мәжіліс депутаты:

– Мемлекет халықтың психологиялық саулығын сақтау үшін бірнеше стратегиялық қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, психологиялық қызмет көрсету заңнамалық деңгейде жетілдірілуде, бұл балалар мен ересектердің психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар психотерапевттер мен психологтер үшін кәсіби құзыреттілік деңгейі және олардың қызметін бақылау жүйесі кү­шейтілуде. Мемлекет психикалық ден­саулықты жақсарту үшін білім беру жүйесі мен мемлекеттік мекемелерде психологиялық көмек көрсету қызметтерін дамытуға ба­ғытталған шаралар қабылдауда. Психологтер мен психиатрлар үшін арнайы даярлық пен білім беру бағдарламаларын жетілдіру маңызды болып табылады. Сондай-ақ әлеуметтік қолдауды күшейту, профи­лак­тикалық шараларды енгізу және балалар мен жасөспірімдер арасында психикалық денсаулықты сақтау үшін кешенді шаралар қажет.

Шолпан КАРИНОВА, 

«AMANAT» партиясының хатшысы:

– Бүгінгі таңда Қазақстан әлеуметтік қолдаудың толыққанды институты ретінде психологиялық қызметті қалыптастырудың маңызды кезеңінде тұр. Алайда бірыңғай лицензиялау жүйесінің, кәсіби стан­дарт­тардың және психологтердің біліктілігін растау механизмдерінің болмауы алаң­даушылық тудыруда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ашық деректеріне сәйкес, елде 13 000-нан астам психолог маман жұмыс істейді, бірақ олар­дың қызметін орталықтандырылған есепке алу жоқ, ал статистика салаларға (білім беру, денсаулық сақтау, жеке практика, әлеуметтік сала) бөлініп жүргізіледі. Нор­мативтік реттеулер де салалар бойынша бар, бірақ толыққанды бірізділік қамтылған ұстаным жоқ.

Ұлттық классификаторда белгіленген 27 психолог мамандығының жиырмасы бойынша нақты біліктілік талаптары жоқ. Бұл салаға тиісті білімі мен арнайы құжаты жоқ адамдардың енуіне мүмкіндік береді. Әрине, білікті, кәсіби мамандар бар, олардың қатары да аз емес. Дегенмен де қысқамерзімді, сенімсіз, оның ішінде онлайн курстардан өткен кейбірі мекемелер мен орталықтарда жұмыс істеп, жеке орталықтар ашып, кәсіби көмекті күмәнді тәжірибемен алмастырып отыр. Олардың әрекетіне бақылау жоқ, бұл бүкіл мамандыққа көлеңке түсіруде және қоғамға, адамдарға қауіп төндіреді. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының бастамасы ерекше маңызды. Ол еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен сарапшыларын тарта отырып, психологиялық қызмет туралы заң жобасына негіздеме әзірлеуде. Бұл жұмыс аясында мамандар болашақта кім психолог бола алатынын айқындап, мамандардың бірыңғай тізілімін жасап, кәсіби даярлық пен практикалық талаптарды нақтылап, әсіресе психодиагностика саласында міндетті сертификаттауды енгізуді ұсынып отыр. Олар психологиялық көмекті мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі ретінде қарастыруды ұсынуда. Әрине, заң шығару бастамасы бар құзыреттер шеңберінде бұл ұстанымдар әлі де нақты­ланады, кеңейтіледі, толықтырылады деп есептеймін.

Нұргүл ТОҚСАНБАЕВА, 

психология ғылымдарының докторы, профессор:

– Еліміздің жоғары оқу орындарында психолог мамандарды даярлау бірыңғай стандарттар мен арнайы лицензия негізінде ғана жүзеге асырылады. Университеттерде білім алатын студенттердің кәсіби дайындық деңгейі мен практикалық бейімділігі жоғары. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінде жалпы психологиямен қатар, салалық бағыттағы мамандар да дайындалады. Атап айтқанда, әскери, этнопсихология, кроссмәдени және экспе­рименттік психология, сондай-ақ басқару, құқық, түзету (коррекциялық) психологиясы оқытылады. Университет базасында әртүрлі психологиялық орталықтар жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде студенттер болашақ маман ретінде 9 кредиттік пән аясында осы орталықтарда тәжірибеден өтіп келеді. Нағыз кәсіби маман қалыптастыру үшін білім беру базасының мықты болуы аса маңызды. Дегенмен қазіргі қоғамда психолог мамандығының мәртебесі мен бағасы өз деңгейінде қалыптаспаған. Менің ойымша, бүгінгі таңда университетті тәмамдаған жастар, әсіресе тәжірибеден өткен түлектер, жоғары деңгейдегі практик-мамандарға айнала алар еді. Алайда олардың кәсіби өсуіне жағдай жасайтын және қолдау көрсететін орталықтар өте аз. Егер мемлекет тарапынан ауқымды психологиялық орталықтар ашылып, сол жерде тәжірибелік тренингтер мен кәсіби тәжірибе ұйым­дастырылса, психологтер халыққа сапалы әрі қолжетімді көмек көрсете алар еді. Мысалы, ірі емханалар тәрізді ғимараттарда арнайы кабинеттер ашылып, психологтер бірнеше сағат бойы азаматтарға диагностика жүргізіп, практикалық көмек көрсетуге мүмкіндік алса, бұл сала әлдеқайда қарқынды дамитын еді.

 

– Мемлекет халықтың психологиялық саулығын әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігіне айналдыру үшін қандай стратегиялық қадамдар жасап отыр?

 

Айна МЫСЫРӘЛІМОВА:

– Психологиялық қызмет көрсету саласындағы жаңа заңнамалық бастамалар қазақстандық қоғамның психологиялық денсаулығын жақсартуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Бұл шаралар мемлекеттік және жеке секторлардың бір­лескен жұмысы арқылы жүзеге асырылып, барлық деңгейде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Біріншіден, психологиялық қызмет көрсету заңнамалық деңгейде реттелетін болады, мұнда тәрбие процесінің білім беру жұмысының ажырамас бөлігі екендігі атап өтілмек. Қазіргі таңда қоғамда ата-аналардың өз балаларының психоло­гия­лық әл-ауқатына жауапкершілікті жеткілікті деңгейде алмағаны байқалады. Жас ата-аналар, ажырасулар мен жалғызбас­ты ана­лар көбінесе баланы тәрбиелеуде қиындықтарға ұшырайды. Бұл баланың психоэмоционалды жағдайына теріс әсер етіп, тұрақсыздық пен күйзеліс туғызады. Психологтер мен психиатрлардың мұндай отбасыларға сапалы қызмет көрсетуі маңызды. Екіншіден, қылмыстық мінез-құлықты, әлеуметтік ауытқуларды анықтау және олармен жұмыс істеу үшін пси­хологтердің арнайы мекемелерге қатысуы міндетті болады. Әсіресе, ювеналды полиция мен жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссия­лармен жұмыс істеу қажеттілігі артуда. Психологтер психикалық ауытқулары бар тұлғалармен жұмыс істеуге міндетті мамандар ретінде заңнамалық тұрғыда бекітілмек. Үшіншіден, жасөспірімдердің психология­лық әл-ауқатын қолдау үшін кәсіби ма­мандар­дың құзыреттілігіне баса назар аударылатын бо­лады. Құпиялылық қағи­даттарының сақталуы және бұл талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті заңды түрде белгілеу қажет. 

Шолпан КАРИНОВА:

– Менталдық денсаулықты мемлекеттік саясаттың бір тармағына айналдыру – заманауи сын-қатерлерге берілген жауап. Бүгінде барлық елдер осы проблемалық сұрақтарды назарына алып отыр. Біздің қоғамымыз да оларды сезіп отыр, тыс қалып жатқан жоқ. Ашық деректерде алаңдатар­лық ақпараттар бар, олар эмоционалды шар­шауға ұшырау, депрессиядан зардап шегу, ұйқысыздыққа шалдығу, апатиямен күресу. Бұл – жай ғана деректер емес, қоғам тарапынан сапалы психологиялық көмекке деген жоғары сұраныстың көрінісі. Әйгілі будда философы, Нобель сыйлығының лауреаты Далай Лама: «Ішкі тыныштық болмаса, адам қаншалықты жайлы өмір сүрсе де, бақыт пен қауіпсіздік сезімі бол­майды» деген болатын. Ал америкалық психолог, қажеттіліктер иерархиясы теориясының авторы Абрахам Маслоу «Қауіпсіздікке деген қажеттілік – адамның негізгі психологиялық қажеттіліктерінің бірі. Бұл қажеттілік қанағаттандырылмаса, тұлға толық дами алмайды» деген. Ендеше қандай да болмасын қоғамдағы психо­логиялық ахуал халықтың негізгі жағдайына әсерін тигізбей қоймайды. Осы жағдайға байланысты «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты еліміз бойынша жетекші мамандарды біріктіретін жұмыс тобын құрып, академиялық қауымдастық, денсаулық сақтау және білім беру өкілдерін, салалық эксперттерді, жеке меншік секторды тартты. Бір жарым жылдан астам уақыт ішінде 200-ден астам сараптамалық ұсыныстар жинақталды. Халықаралық тәжірибеде де оң мысалдар бар. Финляндияда психо­лог­тердің қызметін медициналық қызметкерлер деңгейінде реттейді. Германияда мемлекеттік емтихандар мен супервизия талап етіледі. АҚШ-та психолог болу үшін қатаң лицен­зиялау және сертификаттау жүйесі жұмыс істейді. Қазақстан осы тәжірибелерді зерттей отырып, өз қажеттіліктерімізге сай келетін модель құруға тиіс.

Нұргүл ТОҚСАНБАЕВА:

– Қазіргі уақытта халықтың психо­логиялық саулығын арттыру мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл бағытта практикалық психологтердің атқаратын рөлі жоғары. Мемлекет тарапынан қолдау болса, халыққа жақын орналасқан, баршаға қолжетімді психологиялық практикалық орталықтардың жұмыс істеуіне жағдай жасалса деген ұсыныс бар. Себебі бүгінде балалар арасында буллинг, сондай-ақ мінез қиындығы жиі кездеседі. Акцентуация мәселесі кеңінен таралып отыр, ал ата-аналар бұл жағдайды еңсеруде қиындық көруде. Мектептердегі психологтер саны аз болғандықтан, барлық балаға жеке қолдау көрсетуге мүмкіндік жоқ. Сондықтан халыққа сапалы психологиялық көмек пен қолдау ұсынатын арнайы орталықтар ашылса, бұл қоғамның психологиялық денсаулығының нығаюына үлкен үлес қосар еді. Қазіргі таңда көп психолог өзін таны­ту үшін амалсыздан өзін жарнамалап, «мен психологпін» деп айғайлауға мәжбүр бо­­лып отыр. Бұл дұрыс емес, себебі пси­хология – терең кәсіби дайындықты, сенім мен тәжірибені талап ететін сала. Нағыз мамандар еңбегі арқылы танылуы керек. Егер психологтерге арнап үлкен орталықтар ашылып, олар тұрақты түрде кәсіби қызмет көрсететін болса, халықтың да салаға сенімі артады. Адамдар психологтің көмегіне табиғи түрде жүгініп, психологиялық көмек алуды қалыпты әрі қажетті жағдай ретінде қабылдайтын еді. 

 

– Қазіргі әзірленіп жатқан заң жобасы психологиялық қызметтің қандай мәселелерін қамтиды?

 

Айна МЫСЫРӘЛІМОВА:

– «AMANAT» партиясы «Психологиялық көмек туралы» заң жобасын әзірлеуде. Қазақстанда психологиялық қызмет көрсету саласы қарқынды дамып келе жатқанымен, әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер көп. Бүгінгі таңда халыққа көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен адам құқықтарын сақтау маңызды талап ретінде алға шығады. Еліміздегі психикалық денсаулық орталық­тарында тіркелген 300 мыңнан астам адамның жағдайы, стацио­нарлық көмек пен меди­циналық-әлеуметтік оңалтудың сапасы және алғашқы медици­налық-санитарлық көмек жүйесіндегі осы бағыттың даму деңгейі қайта қарауды талап етеді. Сонымен қатар қоғамда психикалық денсаулыққа қатысты жоғары деңгейдегі стигматизация байқалады. Көптеген адамдар әлеуметтік дискримина­циядан қорқып, көмек сұрауға ұялады. Бұл мәселе психикалық ауытқушылықтары бар азаматтардың ем­делуден кейін жұмысқа орналасу мүмкін­діктеріне де теріс әсер етеді. Білім беру саласында да проблемалар аз емес. Мектеп психологтері жүйелі жұмыс істеуге мүмкін­дігі шектеулі, ал колледждерде жастар ара­сындағы суицид көрсеткіші алаң­датуда. Жоғары оқу орындарында ака­демия­лық еркіндік мүмкіндіктермен бірге дайындық сапасына қатысты бірқатар кемшіліктерді де туындатуда: бірыңғай стандарттардың жоқтығы, практикалық тәжірибе алаң­дарының жетіспеуі және ғылыми зерт­теулердің аздығы байқалады. Осы мә­селелердің барлығы елімізде пси­хологиялық көмек көрсету қызметін заңна­малық тұрғыдан реттеу қажеттігін алға тар­­тады. Бүгінде әзір­леніп жатқан заң жобасы саладағы рет­теусіздікті еңсеруге, мамандарды лицензиялау және қызмет стандарттарын енгізу арқылы халықты сапалы әрі қауіпсіз психологиялық көмекпен қамтамасыз етуге бағытталған. Шетелдік тәжірибе көрсет­кендей, тиімді лицензиялау, қатаң стандарттар мен этикалық нормалар – саладағы сенімді­ліктің кепілі. Сондықтан Қазақстан да осы бағытта жүйелі және батыл қадамдар жасауға тиіс. 

Шолпан КАРИНОВА:

– Әлі жұмыстың тек басы ғана. Заң жобасы деп айтуға ертерек. Нақты Парламент Мәжілісі жұмысқа кіріскенде заң жобасы бойынша айтуға болатын болады. Ал қазіргі мәтінде төмендегідей негізгі мәселелерді шешу үшін негіздемелер ұсынылды: психолог мамандығының құқықтық реттелуінің болмауы; кәсіби емес қызметтің (т.с.с. «жал­ған психолог») бақылаусыз таралуы; дипломы бар мамандардың бірыңғай ұлт­тық тізілімінің жоқтығы; білікті, арна­йы кәсіби білімді мамандармен қатар шы­найы білімі жоқ мамандардың қызметтерді қатар ұсынуы, соның салдарынан кәсіпке келтірі­ліп жатқан зияндардың болуы; психо­диагностика мен кәсіби этика саласындағы стандарттардың жеткіліксіздігі; жеке деректер қауіпсіздігіне байланысты проб­лемалар; өңірлер бойынша көмекке қол­жетімділіктің теңсіздігі және т.б.

Сарапшылар кәсіби стандарттарды бе­кіту, міндетті аттестация мен тәуелсіз біліктілік кеңесін құру, еңбек функцияларын бекіту, біліктілік талаптары, жүктеме нор­мативтері мен оқу бағдарламаларына негізгі талаптар енгізуді ұсынады. Сонымен қатар цифрлық қауіптерге – кибербуллинг, әлеу­меттік же­лілердегі манипуляциялар, жасанды интел­лект­тің жасөспірімдерге әсеріне ерекше назар аудару қажет екендігі айтылды. Заң жа­сау қажеттілігін мемлекеттік және кәсіби дең­гейде қолдау – оның қоғамдық маңыз­ды­­лығын көрсетеді. 2025 жылдың көктемі мен жазы – құжаттың негізгі тетік­терін нақ­­­­­­тылау үшін стратегиялық кезең. Заңды іске асыру – жалған мамандардан арылуға, мамандыққа деген сенімді қалпына келтіруге және қоғамға сапалы, этикалық, қолжетімді психологиялық көмек көрсетуге, сол арқылы қоғамда дұрыс психологиялық ахуалды қа­лыптастыруға және дамытуға жол ашады. Бұл жұмыс – жай ғана болашақ құжатты әзір­леу емес, кәсібилік, этика және адамға қам­­қорлық қағидаттарына негізделген бола­шақ психологиялық көмек жүйесінің іргетасы. 

Нұргүл ТОҚСАНБАЕВА:

– Психология – психикалық құбы­лыстардың даму заңдылығын зерттейтін ғылым, ал психика – мидың функционалдық қызметі. Құбылыс ұдайы құбылып тұрады. Сондықтан оны бірыңғай стандартқа байлап, емдей алмайсың. Бұл шаруаны кәсіби маманның еншісіне қалдырамыз. ЖОО қабырғасында психологтің құзыретіне не кіретінін, диагностикадан бастап экс­перимент барысында емделушімен қарым-қатынас тәртібіне дейін үйретеміз. Сондықтан әзірленіп жатқан заң жобасы аясында психологтерге және педагог-психологтерге (бұл екеуі екі түрлі мамандық) жағдай жа­сауды, олардың халықпен жұмыс істеуіне, мейлінше тегін қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік жасауын қарастырсақ игі. 

 

КЕРЕК ДЕРЕК:

 

■ Қазақстанда психикалық денсаулық орталықтарында қазіргі уақытта 300 мыңнан астам адам тіркелген, бұл жалпы халықтың 1,5%-ын құрайды. 

■ Елімізде психиатриялық көмек көрсету саласында 368 маман жетіспейді. Бұл қатарда 83 психиатр, 69 балалар психиатры, 81 психотерапевт, 60 психолог және 75 әлеуметтік қызметкер бар. 

■ Алғашқы психикалық денсаулық сақтау орталықтарында жұмыс істейтін мамандарға арналған нормативтер бар. Мысалы, бір психиатрға 20 000 адамға дейін бекітілген, бір балалар психиатрына немесе психотерапевтке 60 000 адамға дейін бөлінген. Алайда қазіргі уақытта республика бойынша 202 жұмыс орны ғана бар, оның ішінде 163 физикалық адам жұмыс істейді. Осылайша, қазіргі күні мамандар санының тапшылығы айқын.

■ Қазақстанның әлеуметтік саласында жұмыс істейтін 11 мыңнан астам психолог бар, бірақ олардың жұмысы әртүрлі жүйелерде бөлінген және стандарттаудың жоқтығы кәсіби деңгейде бірізділіксіздік тудыруы мүмкін.

■ Қазақстанның 43 жоғары оқу орнында 17 882 студент «әлеуметтік ғылымдар» бағыты бойынша білім алуда. Бұл студенттердің ішінде 4 094 мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатыр. Ал психология мамандығы бойынша 260 адам ғана оқытылуда.

■ Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарында 68 психиатр маманы дайындалып, 2024 жылы дәрігер ретінде шықса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 86-ға, ал 2026 жылы 101-ге жетеді деп жоспарлануда. Бұл мәлімет психиатрия саласындағы мамандарға деген қажеттіліктің өсуін дәлелдейді.

Дайындаған 

Айдана НҰРМҰХАН