Бүгінде есте жоқ ескі заманнан жеткен құнды жәдігерлеріміз аз емес. Кейбір құндылықтарымыз топырақтан аршылып, күні бүгінге дейін жарыққа шығарылуда. Одан бөлек, кезінде қолдан-қолға мұра болып қалып, қазір құтты тұғырын тауып жатқан жәдігерлеріміз де баршылық. Соның бірі – Құнанбай ауылынан жеткен ағаш табақ.
Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылының тұрғыны 83 жастағы Ақбай Ысқаққызы құнды ағаш табақты талай жыл көзін қарашығындай сақтап келген. Ақбайдың әкесі – Ысқақ болса, оның әкесі – Мәулен, ал Мәуленнің әкесі – Өте. Міне, осы Өте өз дәуірінде ел басқарған болыс болған. Өте болыстың жұбайы Тәті әжеміз болса, Құнанбай қажының немере қарындасы. Тәті ұзатылар кезде оның жасауын Құнанбай қажының ауылы әзірлеген. Сол тұста қымбат бұйымдармен қатар, қыздың абыройы үшін Өте болыстың ауылына бір келе түйе де аттандырылған. Бір келеде кемі 30 түйе болатын болса, Құнанбай қажының ауылы әр қызға осы мөлшерде түйе сыйға берген. Міне, осы дәулетті қыз жасауының ішінде ағаш табақ та болған. Ақбай Ысқаққызы бабадан балаға жеткен осы мұраны талай жыл сақтап, Сарысу аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізіп отыр.
– Құнанбай қажы өз дәуірінде қандай тұлға болғаны тарихтан белгілі. Тәті қарындасының жасауын бір келе нарға тиеп жөнелткен. Осындай тұтас ұлтқа танымал жерден қыз айттырған Өте бабамыз да жүрек жұтқан кісі болса керек. Тәті әжеміз ауылында ерке қыз болса да, келін болғанда даналығын танытқан. Ол кезде ауылдың қыз-жігіттері түйеге бірден мініп, ауыздықтауға салатын болса, Тәті әжеміз түйелерді жуасытып ырыққа көндіруді көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, әжеміз мейірімді, тиісті жерде ақыл-кеңесін де беріп отырған, – дейді Ақбай Ысқаққызы.
Тәті әжеміздің артынан келген жасауларының ішінде бағалы самаурын да сақталған екен. Алайда Ақбай анамыздың інісі Сәуірбек оны «Тәті әжеміздің көзі» деп үйінде қалдырыпты. Ақбай Ысқаққызы болса, керісінше, қолындағы ағаш табақты мұражайға өткізіп, құнды жәдігерді көпшіліктің көруіне мүмкіндік туғызған.
Сарысу аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльмира Көкішева мұндай бағалы сыйлыққа шексіз разылығын білдіруде.
– Музейдегі әрбір бұйым құнды. Алайда үлкен кісілердің бағалы бұйымдарын өз қолдарымен әкеліп мұражайға тапсырып жатқаны қуантады. Біз ондай тартуды ерекше бағалаймыз. Музейге келушілердің ерекше ықыласын аударатын да осындай жәдігерлер. Бірнеше ғасырдың куәсі болған ағаш табақтың бір ернеуі сәл жырылғаны болмаса, жақсы сақталған. Бұл құнды жәдігер мұражайымыздың ажарын аша түсетіндігіне бек сенімдіміз, – дейді музей директоры.
Биыл Құнанбай қажы Өскенбайұлының өмірге келгеніне 221 жыл толып отыр. Демек, ағаш табақ үш ғасырға жуық қолданыста болған деген болжам жасауға болады. Ал мұндай құнды жәдігерлер бүгінгі һәм кейінгі ұрпаққа өткен тарихты танытып, оны ұлықтауға сеп болатыны анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы