Еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көпшілігі әлі де толыққанды жұмысқа орналаса алмай келеді. Қоғамда оларды тең мүмкіндіктердің иесі ретінде емес, қамқорлыққа мұқтаж топ ретінде қабылдау басым. Инфрақұрылымның қолжетімділігі, кәсіби даярлық, жұмыс берушілердің жауапкершілігі сияқты салаларда әлі де жүйелі өзгерістер қажет. Осы өзекті мәселелерді тарқатып, олардың шешу жолдарын талқылау үшін «AMANAT» партиясының хатшысы Шолпан Кариновамен сұхбат құрдық.
– Шолпан Таңатқызы, бүгінгі таңда Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыру қандай деңгейде деп ойлайсыз? Бұл бағытта мемлекет, бизнес пен азаматтық сектордың ынтымақтастығы қандай рөл атқаруда?
– Бүгінде Қазақстанда инклюзивті қоғам біртіндеп қалыптасып келеді. Әр адам өзінің денсаулық жағдайына немесе басқа ерекшеліктеріне қарамастан, қоғамда өз орнын тауып, пікірін еркін жеткізіп, еңбекке араласа алатын мүмкіндікке ие болуда. Біз қазір теория жүзінде емес, нақты тәжірибе деңгейінде жұмыс істеп жатырмыз: мүмкіндігі шектеулі жандар еңбекке тартылып, білім алып, қоғамдық өмірге белсенді қатысуда. Бұл оң өзгерістер мемлекеттің, бизнестің және азаматтық сектордың өзара бірлескен жұмысының, ашық диалог пен шынайы серіктестіктің нәтижесі деп айта аламын. Бұған дейін де Мемлекет басшысы орнықты және инклюзивті экономикалық өсімге бағытталған маңызды курсты айқындап берген болатын. Осы тұрғыда еңбек етуге және дамуға дайын адамдардың қоғам өмірінен тыс қалмауы аса маңызды.
Айта кетсек, 2024 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстанда 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, олардың 58%-ы немесе шамамен 420 мыңы еңбекке жарамды жаста. Алайда олардың тек 32%-ы ғана ресми түрде жұмыс істейді. Бұл сандар мүмкіндігі шектеулі адамдардың еңбекке орналасу деңгейін арттырудағы мәселелерді көрсетеді.
Жалпы алғанда, инклюзивті саясатты дамыту және осы санаттағы азаматтарды жұмысқа орналастыру жағдайларын жасау – бұл тек әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар ел экономикасын дамытуға қосатын үлес деген сөз. Осы мақсатта 2016 жылдан бастап елімізде жұмыскерлер санынан 2%-дан 4%-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілеу жүйесі енгізілді. Бұл – оң қадам. Дегенмен, шын мәнінде, кәсіпорындардың тек үштен бірі ғана бұл квотаны орындайды. Ал бұл тым күрделі жұмыс па? Меніңше, бұл жерде жүйелі түсіндіру жұмысы мен жақсы тәжірибелер жетіспейді. Сондықтан біз әлеуметтік бағдарланған кәсіпорындар туралы көбірек айтып, көрсетіп отыруымыз керек.
– «AMANAT» партиясы да бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарды. Сол бастамалардың нәтижесіне тоқталып өте аласыз ба?
– Әрине, бұл бағытта «AMANAT» партиясы бірнеше жылдан бері «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырып келеді. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында ғана мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен әлеуетін түсіндіру мақсатында еңбек ұжымдарымен 400-ден астам кездесу өткіздік. 280 бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1 600-ден астам адам жұмысқа орналасты. Былтыр партия жанынан мүгедектігі бар адамдарды қолдау жөніндегі кеңес құрылды.
Сонымен қатар 2008 жылдан бастап «AMANAT» партиясының қолдауымен біз «Жан шуақ» сыйлығын табыстап келеміз. Осы уақыт ішінде 120-дан астам қазақстандық мүмкіндігі шектеулі азамат мәдениет, спорт, білім, қоғамдық қызмет салаларындағы жетістіктері үшін марапатталды.
Партияның Әйелдер қанаты инклюзивті мәдениетті ілгерілетуді басты басымдықтарының бірі ретінде айқындады. Соның айқын мысалы – «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі. Бұл шарада мүмкіндігі шектеулі балалар мен дені сау балалар тең жағдайда жарысып, бірлескен эстафеталарға, командалық ойындарға қатысып, қозғалыстың, араласудың, өзара түсіністіктің қуанышын бөліседі.
Бұл бастама тек спорттық бастама емес. Бұл – теңдік, өзара қабылдау, бала кезден бастап өзара әрекеттесу мәдениетін қалыптастыру туралы дер едім. Бірге өскен балалар, бірге ойнап, жарысқан балалар бірін-бірі «ерекше» немесе «кәдімгі» деп бөлмейтін болады. Олар дос, серіктес, бір команда мүшесі болып, дәл осылай кедергісіз қоғамның болашағы қалыптасады.
– Инклюзивті саясаттағы халықаралық тәжірибеден біз қандай сабақ ала аламыз және оны Қазақстан жағдайына қалай бейімдеуге болады?
– Инклюзивті саясаттағы халықаралық тәжірибе Қазақстан үшін көптеген маңызды сабақ береді. Мысалы, Германияда мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа қабылдаған жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан еңбекақысының 70%-ына дейін өтемақы төленеді. Бұл – жұмыс берушілерді инклюзивтілікке ынталандыратын тиімді механизм. Францияда квота талаптарын орындамаған кәсіпорындарға айыппұл салынады, яғни заң талаптарын сақтауға нақты жауапкершілік жүктеледі. Ал Жапония 50 жылдан астам уақыт бойы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыру туралы арнайы заңды қолданады, онда қаржылық қолдау тетіктері нақты көрсетілген. Қазақстанда да инклюзивті саясатты дамыту үшін қажетті заңнамалық база бар.
Бүгін мен инклюзивті еңбек нарығын дамытуға нақты үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіргім келеді. Эмин Аскеров – бизнес үшін пайда ғана емес, сонымен бірге құндылық маңызды деген ұстанымды ұстанатын жаңа буын кәсіпкерлерінің өкілі. Оның жобалары – адамға құрмет, тең мүмкіндік және ортақ игілікке қосқан үлес негізінде бизнес құруға болатынының айқын үлгісі.
Тағы бір мысал – «Болашақ» қорының партия қолдауымен жүзеге асырған Оқу-өндірістік комбинаттар. Жоба жетекшісі – Динара Гаплан. Онда 34 ерекше білім беру қажеттілігі бар жасөспірім оқуын аяқтады. Олардың бірі – аутизмі бар жас жігіт, ол бүгінде колледжде оқиды және кондитердің көмекшісі болып жұмыс істейді. Оның анасы: «Бұрын ұлымның қоғамға белсенді араласып, жұмыс істей алатынын елестете алмап едім. Енді ол колледжде оқиды, нағыз мамандық игеруде», – деп алғысын білдіріп отыр. Дегенмен тәжірибесі жоқ адамдар тарапынан «Бұл жұмыс орындарына кім келеді? Олар еңбек функцияларын орындай ала ма? Мамандар бар ма?» деген сұрақтар туындайтыны рас. Жауап айқын: мамандарды дайындау керек. Оқыту керек. Қолдау қажет. Осы орайда кәсіптік оқыту – бұл негізгі әлеует деп есептеймін. 2030 жылға қарай елімізде жастар жұмыс күшінің 80%-ын құрайды. Олардың қатарында бүгінде қолдауға мұқтаж жастар да бар. Сондықтан оларды бейімдеп, кәсіби бастамаларына жол ашу – бәріміздің міндетіміз.
– Ал болашақта шынайы инклюзивті қоғам құру үшін қандай ұзақмерзімді мақсаттар мен міндеттерді айқындау керек?
– Биыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланды. Бұл – өз еңбегімен құндылық жасайтын адамдардың беделін арттыруға берілген мүмкіндік. Бұл қозғалыста мүмкіндігі шектеулі жастар да қатардан тыс қалмауы керек. Партия, қоғам және мемлекет ретінде – біз барлық тосқауылдарды жоюға міндеттіміз. Көп жағдайда басты кедергі мүгедектіктің өзі емес, ішкі үрей, мотивацияның болмау, оқшаулықты сезіну болады. Мұны біз өзгертуіміз керек. Бүгінде қоғамымыз, өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлі де әлсіз топ ретінде қабылдайды. Көмекке мұқтаж, қорғауға тиіс, «жағдай жасап беру керек» деген көзқарас басым.
Біздің көзқарасымыз түбегейлі өзгеруі қажет. Мүгедектігі бар адам – бұл қамқорлық объектісі емес. Ол – белсенді, ойлы, еңбекке қабілетті, мақсатты тұлға. Олар «ерекше» емес, тең. Олардың да арманы, мақсаты, еңбек етуге, дамуға, қоғам өміріне араласуға құқығы бар. Кейде сыртқы кедергілер: инфрақұрылымның бейімделмеуі, жұмыс берушілердің көзқарасы, формалды шектеулер кедергі болады. Бірақ жиі кездесетін басты себеп – қоғамның ішкі көзқарасы. «Бұл адамдарға тек көмектесу керек, жұмысқа араластырмау керек» деген ұстаным дұрыс бағыттағы жұмысты тежейді. Бұл көзқарас тәуелділікті тудырады, ал шын мәнінде еңбек пен белсенділік адамға ар-намыс, дербестік және өмірлік мағына береді.
Сондықтан біз «Мүгедектігі бар адамдар үшін не істей аламыз?» деп емес, «Біз олармен бірге не істей аламыз?» дегенге ауысуымыз керек. Бұл тек сөз ауыстыру емес, ойлауымыздың өзгеруі. Нағыз инклюзивті қоғамның мәні – әр адамды «жүк» ретінде емес, ресурс ретінде көру. Инклюзивтілік – бұл жанашырлық жасау емес. Бұл – тығыз қарым-қатынас, кәсіпқойлық, үрдістерді бейімдеу деген сөз. Бұл – қалыпты жағдай түсінігінің аясын кеңейту. Қорытындылай келе айтарым, мүгедектігі бар адам – бұл қоғам дамуының субъектісі, еңбек, білім, мәдениет салаларының толыққанды қатысушысы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Кәмила ДҮЙСЕН