Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын салу жобаларын жүзеге асыруда.
Қайтқан қаржыға құбыр желісі жаңартылады
296
оқылды

Ақмола облысындағы Қосшы және Макин қалаларының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету үшін Арнаулы мемлекеттік қордан қаражат бөлу туралы шешім қабылданды.

Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінді. Жобаны іске асыру нә­тижесінде халық 100% орталықтандырылған сумен қамтылады. Қазір шамамен 50 шақырым құбыр тар­тылған. Жалпы, желілердің ұзындығы 64,1 шақырым болады деп жоспарланып отыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Ал ресми деректерге сәйкес, бүгінде Қосшыда 50 мыңнан астам адам тір­келген. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деп болжануда.

Макин қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 72,7 шақырым желі тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен бүгінде 45 шақырым бойынша жұмыс аяқталған. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606,4 млн теңге жобаны толық аяқтап, халқы 18 мыңнан асатын қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Заңсыз шығарылған активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың тиімді тетігіне айналды. Бүгінде Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту сияқты салалардағы 280-ге жуық жобаны іске асыруға қаражат бөлінді.

Мейір ЖАСЫН