Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында полицейлер жер телімін рәсімдеуге көмектесемін деп, адамдардан ақша алған 62 жастағы әйелді ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алаяқ әйел кейбір тұрғындардан 45 мың теңге, ал біреуінен 200 мың теңге алған. Қазірдің өзінде 29 жәбірленуші анықталды. Полицейлер бұл сан әлі де өсуі мүмкін деп отыр.
Ауыл тұрғынының бірі арыз түсіргеннен кейін тәртіп сақшылары жедел түрде тексеріс жүргізіп, күдіктінің байланыстарын анықтауға кіріскен. Нәтижесінде, бір ғана әйелдің артында тұтас алаяқтық схемасы тұрғаны белгілі болды.
– Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер дәлелдерді мұқият жинап, барлық жәбірленушілерді анықтаумен қатар, оның басқа да қылмыстық әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Тергеу жалғасуда. Полицейлер әрбір фактінің жауапсыз қалмауын және қылмыстық істі соңына дейін жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.