Мәжіліс отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин жобалық-сметалық құжат жасау сылтауымен қыруар қаржының жұмсалып жатқанын қозғап, депутаттық сауал жолдады.
Жобалық ұйымдар бір рет сызған сызбасын жаңа құжат ретінде қайта-қайта өткізіп, ақша алуы мүмкін – Ерболат Сатыбалдин
382
оқылды

Депутаттың айтуынша, кез келген жұмысты бастау үшін алдымен қыруар қаржыға жобалық-сметалық құжат (ЖСҚ) жасалады. Сосын ол айлап-жылдап мақұлдату тозағы басталады. Нысан салынып біткенше тағы бірнеше рет өзгертіліп, үстінен ақша қосады. Осылайша, мемлекет қаржысы қағаз жүзінде «жемқорлықтың елегінен» өтіп барып, іске жарайтынын сөз етті.

– Бір қызығы, қазір ЖСҚ дайындау автоматтандырылған AutoCAD, Revit, 3D секілді бағдарламалар сияқты жүйелердің көмегімен жасалады. Жобалық-сметалық құжаттаманы кез келген адам жасай алмайды, оған арнайы лицензия керек. Бірақ соның өзі белгілі бір топтардың «жекеменшігіне» айналып кеткендей әсер қалдырады. Себебі бұл сала монополияға қарсы органның бақылауында жоқ, яғни бағасын өздері белгілейді, өздері бекітеді.

Қазіргі кезде бағалар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанындағы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2022 жылғы 1 желтоқсандағы №223-НҚ бұйрығы және СЦП РК 8.03-01-2023 жинағы бойынша реттеледі. Бірақ мына бір жайтқа назар аударайық: осы бұйрықтың 10-бөлімінде құрылысқа арналған жобалау жұмыстарының сметалық құнын анықтау кезінде автоматтандырылған жүйелер бағдармаларын қолдану немесе типтік жобаларды қайта пайдалану мүмкіндігі туралы бірде-бір сөз жоқ. Бұл не деген сөз? Бұл дегеніміз – жобалық ұйымдар бір рет сызған сызбасын қайта-қайта өткізіп, әр жолы жаңа құжат ретінде ақша алып отыруы мүмкін дегенді білдіреді. Жоба бір рет жасалған болса, оны қайтадан жасауға толық тариф алудың қажеті бар ма? Бұл сұрақтың жауабы қарапайым халыққа түсінікті, бірақ жобалаушыларға түсініксіз сияқты. 

Қазір жобалық ұйымдардың қызметі «бәсекелестік ортада» дейді, бірақ ол шын мәнінде белгілі бір топтардың қолында ғана шоғырланған. Егер Кәсіпкерлік кодекстегі 193-баптағы «арнайы құқық» ұғымын кеңейтіп, оған «қызметтер мен жұмыстарды» да қосатын болсақ, онда жобалау қызметін антимонополиялық бақылауға алуға мүмкіндік туады. Сондықтан жобалық-сметалық құжаттаманың бағасын әділ қалыптастыру үшін заманауи автоматтандырылған жобалау жүйелері – AutoCAD, Revit, тағы да басқа бағдарламалар және типтік жобаларды қайта пайдалану кезіндегі төмендету коэффициенттерін заң жүзінде бекіту.  Жобалардың Бірыңғай мемлекеттік реестрін жасау. Әрбір бекітілген жоба қай жерде қолданылды, кім жасаған – соның барлығы ашық көрініп тұруы керек. Бұл бір жобаның бірнеше рет сатылуына тосқауыл болар еді. Мемлекеттік тапсырыстардағы ашықтықты қамтамасыз ету. Барлық жобалау ұйымдарының сметалық құжаттамасын ашық порталға салып, бағаларын салыстырмалы түрде көрсету. Антимонополиялық органның бақылауын кеңейту. Жобалау қызметі жабық, ішкі айналымдағы бизнеске айналмауы керек. Біздің мақсат – мемлекет қаржысын үнемдеу ғана емес, оның әділ жұмсалуын қамтамасыз ету. Жобалық ұйымдар ақша таппасын демейміз, бірақ әділ еңбекпен, таза бәсекемен табуы тиіс, – дейді ол.