Аспан әлемін бағындыру жолындағы алғашқы нақты қадам 1957 жылы басталып, «Спутник-1» жер серігі ұшырылды. Қазір ғарыш зерттеулері түрлі бағытта дамып жатыр. Халықаралық ғарыш станcасында ғалымдар ғарыштың адам ағзасына әсерін, өсімдіктердің өсуін зерттеп, Ай мен Марсты игеруді белсенді қолға алған. Қазақстанның ғарыш саласындағы жаңалықтары мен ізденістерін Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтен сұрадық.
Ғарышкердің мақсаты – зерттеу мен эксперимент жүргізу
– Жалпы, қазақтан төртінші ғарышкер шығуы мүмкін бе? Ғарышкерді ұшыру не себепті қымбат? Егер төртінші ғарышкер ұшса, оған қанша қаржы кетеді?
– Ел басшылығының бастамасымен және қолдауымен ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров (1991), Талғат Мұсабаев (1994, 1998 және 2001 жылдар), Айдын Айымбетов (2015) ғарышқа ұшты. Олар «Мир» көпмақсатты орбиталық басқарылатын кешені мен Халықаралық ғарыш стансасының бортында ғарыштық зерттеулер мен эксперименттердің бес басқарылатын бағдарламасына қатысты.
Ғарышкерлерді ұшыру арқылы жүзеге асырылған бағдарламалар республикада құрылып жатқан ғарыш саласының заманауи ғылыми-техникалық әлеуетін қалыптастыруға зор үлес қосты. Нәтижесінде, Қазақстан Жерді ғарыштан зерттеудің теориялық негіздері саласында да, экономиканың әртүрлі салаларында ғарыштық бақылау технологияларын тәжірибеде қолдану жағынан да әлемнің жетекші елдерінің деңгейіне жетті. Бұл ретте ғарышта өткізілген ғылыми тәжірибелердің нәтижелері Жер шарындағы экономикалық дамудың, адамзатқа қажетті түрлі игіліктерді жүзеге асырудың маңызды тетігі десек те болады.
Тағы да бір қазақстандықтың ғарышқа ұшуына келетін болсақ, ғарышкерді ұшырудың басты мақсаты – ғарыштық зерттеулер мен эксперименттер жүргізу, ғылымды дамыту. Яғни, ең алдымен ғарышта тәжірибелер өткізу үшін ғылыми бағдарлама болуы керек. Бұл маңызды ғылыми дайындық пен мұқият жоспарлауды қажет етеді. Сонымен қатар ғарыштық ұшулар қауіпті және күрделі іс-шаралардың жиынтығы екенін ескеру маңызды. Ғылыми бағдарламаны әзірлеу кезінде біз ықтимал қауіптер мен ұшу мәселелерін талдауға және алдын алуға баса назар аударамыз.
Жұмыстардың күрделі әрі жан-жақты талдауды қажет ететінін ескеріп, қазақстандық 4-ші ғарышкердің қай кезде ұшатынын нақты айту мүмкін емес. Бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Ғарышкерді ғарышқа ұшыру – көптеген қадамдарды қамтитын күрделі процесс: оған конкурстық іріктеуден бастап, ғарышкерді дайындау, оқыту, ғылыми бағдарламаны әзірлеу, халықаралық серіктестермен келісімдер жүргізу, қауіпсіздік шаралары және миссияны орындау кіреді. Бұл кезеңдердің әрқайсысы айтарлықтай қаржылық инвестицияларды талап етеді. Күн тәртібінде әзірге төртінші ғарышкерді ұшыру мәселесі тұрған жоқ. Қаржы көлемі болашақта ғылыми бағдарламаның мақсаты және келісімнің шарттарына сәйкес анықталатын болады.
– Ғарышты зерттеу бағдарламаларына еліміз қаншалықты жиі қатысуда? «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені биыл қолданысқа берілсе, ғарышты зерттеуге бір табан жақындаймыз ба?
– Иә, бүгінде ғарыш саласындағы мекемелер Жердегі климаттық жағдайларды, табиғаттың өзгеруін, қашық және жақын ғарышты зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Осы зерттеулерді әрі қарай дамыту үшін «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені отандық ғарыш аппараттарын тәуелсіз ұшыруға мүмкіндік береді.
Әр зымыранның ерекше старты болады
– Ресей өзінің ғарыш айлағын салуда. Ендеше Байқоңырдың алдағы тағдыры не болады? Ғарышқа ұшыру алаңдарын басқа серіктестерге ұсынамыз ба? Әлде өзіміз пайдаланамыз ба?
– Ресейдің ғарыш бағдарламасы бойынша ұшырудың бір бөлігі «Восточный» ғарыш айлағынан жүзеге асырылады. Оған қарамастан Ресей Байқоңыр кешенін 1994 жылы жасалған шартқа сәйкес жалдауда. Сонымен қоса, әр зымыранның ерекше старты болатыны айта кеткен жөн. Нарықта бар барлық зымырандардың өздерінің старттары бар.Үлкен көлемде инвестицияларды қажет ететіндіктен, жаңа стартты салуды ешбір ел қарастырмайды. Басқа зымырандарды ұшыру үшін оның бөлшектері құлайтын жаңа құлау аудандарын ашу қажет. Себебі әр зымыранның бөлшектері өзінің сипатына байланысты әртүрлі уақытта бөлінеді. Қазіргі уақытта нарықта бар компаниялар үшін жаңа зымыран кешенін жасау қымбатқа түседі.
Зымыран технологиясы – әлемдегі ең қорғалатын технологиялардың бірі. Бірде-бір компания оларды Қазақстанға әкеле алмайды. Осы уақытқа дейін Ресейден басқа өз аумағынан тыс жерлерде старт құрудың прецеденттері болған емес екенін айта кеткен жөн. Осыған қарамастан, біз Байқоңырға инвестиция тарту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Біз әрқашан ғарышты бейбіт жолмен игеру бойынша ынтымақтастыққа ашықпыз.
Байқоңыр ғарыш айлағын дамыту үшін бүгінгі күні «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру бойынша бірлескен Қазақстан–Ресей жобасы жүзеге асырылуда.
– KazSat-2 және KazSat-3 телерадио хабарларын тарату, телефония мен интернет қызметі сияқты телекоммуникациялық қызметтер көрсетуге арналғанын білеміз. Жалпы, отандық спутниктер тағы қандай қызметтер атқаруда?
– Иә, шынында да, KazSat сериялы спутниктердің ресурстарында спутниктік байланыс пен ұлттық телерадио хабарларын таратудың түрлі қызметтері қамтамасыз етіледі. Байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар түпкілікті тұтынушыларға түрлі телекоммуникациялық қызметтер көрсету, оның ішінде интернет желісіне, мобильді байланыс пен телерадио хабарларын тарату үшін KazSat ғарыштық байланыс жүйесінің қуатын пайдаланады.
Қазақстанда KazSat ресурстар базасында спутниктік байланыс желілерін ұйымдастыру KazSat-2 ғарыш аппараты пайдалануға берілгеннен кейін, 2011 жылдан басталды.
Сол уақытқа дейін отандық байланыс операторлары қымбат жалға алу шарттарымен және елден тыс жерлерге қомақты қаржы төлеумен шетелдік компаниялардың геостационарлық спутниктерінің ресурстарын пайдаланды. Атап айтсам, Intelsat (АҚШ), SES (Еуропа), Eutelsat (Еуропа), «Государственное предприятие «Космическая связь» (РФ). 2011 жылы шетелдік компаниялар 88 пайызға жуық көлемде қазақстандық спутниктік (транспондерлік) сыйымдылық нарығының жалпы үлесіне ие болды. Транспондерлік сыйымдылықты жалға беру бойынша қызметтер импортының көлемі 4,5 млрд теңгеден асты.
Ал KazSat пайдаланудың барлық кезеңінде 100 пайыз спутниктік сыйымдылықтың ішкі нарығындағы қазақстандық сегменттің үлесін қамтамасыз ете отырып, транспондерлік сыйымдылықты жалға беру бойынша шетелдік қызметтерді отандық қызметтермен алмастыруды қамтамасыз ете алды.
Қазіргі таңда KazSat ресурсын пайдаланатын Қазақстанның спутниктік байланыс операторлары мен ұйымдарының саны – 18. Сондай-ақ Otau-TV ұлттық телехабарының 1,5 миллион, «Алма Телекоммуникейшнс Қазақстан» АҚ ұлттық телехабар таратудың 0,6 миллион абоненті бар. 176 ауылдық елді мекен «цифрлық» теңсіздікті жою жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік жоба шеңберінде Интернетке қосылған. Транспондерлік сыйымдылық қызметтерін ұсынудан алынған табыс – 69,4 млрд теңге.
KazEOSat-1 арқылы шекаралық аудандарға мониторинг жүргізіледі
– Азаматтық салада және әскери салада қос мақсатта қатар қолданылатын ғарыш бағдарламасы бар ма? Алдағы уақытта әскери спутниктер бола ма?
– Қазіргі уақытта Қазақстанда KazEOSat-1 (жер бетін ғарыштық түсіруге арналған) айыру қабілеті жоғары Жерді қашықтықтан зондтау ғарыш аппараты пайдаланылуда. KazEOSat-1 ғарыштық түсірілімдері мемлекеттік органдардың да, күштік ведомстволардың да салалық міндеттерін шешу үшін қолданылады. Атап айтсақ, трансшекаралық өзендер мен гидротехникалық құрылыстардың мониторингі, қоқыс полигондардың лицензиялық шекараларын бақылау, рұқсат етілмеген қалдықтар объектілерінің мониторингі, рұқсат етілмеген пайдалы қазбаларды өндіру мониторингі, қалалар мен мемлекеттік орман қоры аумақтарында құрылыс мониторингі. Сонымен қатар KazEOSat-1 ғарыштық түсірілімдері арқылы Қазақстанның шекаралас аудандарындағы жағдайдың жай-күйіне мониторинг жүргізіліп, қорғаныс қабілетін арттыру үшін жедел және профилактикалық кешендер жүзеге асырылады.
Қазақстанның ғарыш саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес қазіргі уақытта қолданыстағы KazEOSat-1 спутнигін 2028 жылға дейін алмастыру үшін KazEOSat-HR айыру қабілеті жоғары Жерді қашықтықтан зондтаудың үш (3) спутнигінен тұратын топтаманы құру бойынша жобалау алдындағы жұмыстар жүргізілуде.
– Тасқынның алдын алу үшін отандық спутниктер қолданылатыны рас па?
– Иә, қолданылады. Тасқынның қауіпті кезеңінде тасқын сулардың өту ауқымын және олардың Қазақстан аумағында түсу динамикасын бағалау үшін Tasqyn ақпараттық жүйесінде KazEOSat-1 және KazEOSat-2 Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесінен айыру қабілеті жоғары және орташа ғарыштық түсірілімдер жарияланады.
Су тасқынын алдын алу шеңберінде, су деңгейі мен болжамдары бойынша «Қазгидромет» РМК-ның және су қоймаларынан су ағызу бойынша «Қазсушар» РМК-ның болжамды деректеріне сүйене отырып, уәкілетті мемлекеттік органдарға өзен учаскелеріндегі ықтимал су басу аймақтары туралы ақпаратты жедел ұсыну үшін «Tasqyn су тасқынын болжау және модельдеу» ақпараттық жүйесі әзірленді.
– KazSat-2 және KazSat-3 жұмыс істеп жатқанына да он жылдан асты. Спутниктерді алмастыру жоспары бар ма?
– Қазақстанның ғарыш саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2029 жылы KazSat-3 байланыс және хабар тарату спутнигін KazSat-3R спутнигіне ауыстыру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта ғарыш техникасын өндірушілердің коммерциялық ұсыныстарына талдау жүргізілуде және жобаның қаржылық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жалпы, жобаны іске асыруды 2026 жылдан бастауды жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН