Осы елдерде өмірге қанағаттанудағы теңсіздік жоқтың қасы, яғни ел тұрғындарының көбі өзін бақытты санайды.
Неліктен Скандинавия елдері бақытты және біз олардан нені үйрене аламыз?
659
оқылды

Скандинавия елдері өмірге қанағат ету бойынша жүргізілген сауалнамада үнемі алдыңғы орындарда тұрады. Бұл елдердің халқы бақытты болуды қалай меңгерген? Неліктен олар өздерін ең бақытты халық деп есептейді? Бұл туралы Aikyn.kz сайты euronews-тегі материалға сүйене отырып жазады.

Скандинавия елдері үнемі әлемдегі ең бақытты елдер рейтингінде көш бастап келеді. 2023 жылы Финляндия бұл тізімде қатарынан жетінші рет бірінші орынға шықты. Одан кейін Дания мен Исландия тұр. Бірақ осы жерде маңызды бір сұрақ бар: олардың бақыты неге осыншалықты тұрақты?

Кейбіреулер бұл олардың шағын, біртекті әрі бай ел болғанының арқасы деп санайды. Бірнеше жыл бұрын бір зерттеу тіпті олардың генетикалық тұрғыдан бақытқа бейім екенін де ұсынған.

Бірақ World Happiness Report (WHR) баяндамасы мұндай теориялардың нақты дәлелі жоқ екенін көрсетеді. Алдымен мұндағы қаржылық мәселеге тоқталайық.

Иә, Скандинавия елдерінің барлығы дерлік салыстырмалы түрде бай әрі бақытты. Бірақ жалпы барлық бай ел бақытты деуге негіз жоқ. Мысалы, әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі Сингапур тек 26-орынды иеленсе, мұнайға бай Сауд Арабиясы 27-орында тұр. Бұл жерде Скандинавия елдерінің табыс теңсіздігі деңгейінің өте төмен екеніне назар аударған жөн. Дегенмен зерттеушілер оның бақыт деңгейімен тікелей байланысы барын дәлелдей алмады. Бірақ табыс теңсіздігі сенімсіздікке алып келсе, бұл өмірге қанағат етуді төмендететіні дәлелденген. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар өзін алданғандай сезінуді ұнатпайды.

Генетикалық бейімділікке келейік. Егер «бақытты болудың себебі генетикалық бейімділік пе?» деген сұраққа «иә» деп жауап берсек те, ол тек жалпы көріністің үштен бірін ғана түсіндіреді.

Ғылым көп жылдан бері адамның өмірге қанағаттануына генетиканың ықпалы бар екенін көрсетіп келеді. Сондықтан бұл бақыттың «биомаркерлері» деп аталады.

Бірақ зерттеулер көрсеткендей, адамдар арасындағы бақыт деңгейіндегі айырмашылықтың 60-70%-ы қоршаған орта факторларымен, ал тек 30-40%-ы генетикамен байланысты.

Ендеше олардың бақытты болуы «шағын әрі біртекті» ел болуында ма?

World Happiness Report авторлары ел халқының саны мен өмірге қанағаттануы арасында ешқандай байланыс таба алмағанын айтады.

Сонымен қатар Скандинавия елдері мүлдем біртекті емес. Мысалы, Финляндия халқының шамамен 8%-ын, Данияда да шамамен 8%-ын шетелдіктер құрайды. Бұл Франция сияқты елдермен салыстырғанда аса үлкен айырмашылық емес (Францияда иммигранттар халықтың 10%-ын құрайды).

2023 жылғы есепте көрсетілгендей, әлемдегі ең бақытты он елде иммигранттар орта есеппен халықтың 17,2%-ын құрайды. Бұл тіпті әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары.

Басқа зерттеулер көрсеткендей, егер мемлекеттік институттар сапалы болса, этникалық алуандылықтың әлеуметтік сенімге ықпалы, елеусіз болады. Бұл бізді скандинавиялық бақыттың басты факторына, яғни сенім деңгейінің жоғарылығына алып келеді.

Бақыт мәселесін 25 жыл бойы зерттеп келе жатқан профессор Джон Хелливеллден «басқа елдер де скандинавиялық бақытқа жете ала ма?» деп сұрағанда, ол былай деп жауап берді:

«Қарапайым жауап – алты негізгі көрсеткіш бойынша жақсы болу», – деп әзілдейді ол.

Бұл алты көрсеткіш: жан басына шаққандағы ЖІӨ, әлеуметтік қолдау, дені сау өмір сүру ұзақтығы, еркіндік, жомарттық пен жемқорлық деңгейі.

«Бірақ скандинавиялық елдер шын мәнінде сенім мен қайырымдылық деңгейі бойынша ерекше. Бұл тек ресми мекемелерде ғана емес, жеке қарым-қатынастарда да байқалады», – дейді Хелливелл.

Олардың бәрі бірдей бақытты ма?

2023 жылы World Happiness Report алғаш рет халықтың ең бақытты және ең аз бақытты бөлігінің арасындағы айырмашылықты бағалады. Жоғары рейтинг бақыт деңгейіндегі теңсіздіктің аз екенін білдіреді.

Скандинавия елдері бұл көрсеткіш бойынша да жоғары орындарда. Демек осы елдерде өмірге қанағаттанудағы теңсіздік жоқтың қасы, яғни ел тұрғындарының көбі өзін бақытты санайды.

«Адамдар бақыт деңгейіндегі айырмашылығы аз елдерде өмір сүргенде бақыттырақ болады. Ал бұл айырмашылық қай елдерде аз? Әрине, ең бақытты елдерде», деді Хелливелл Euronews Next-ке берген сұхбатында.

Мәселен, Ауғанстан 2023 жылы бақыт деңгейіндегі айырмашылық ең аз елдердің бірі болды. Бірақ ең жаман себеппен. Себебі бұл елде барлығы дерлік – бақытсыз.

2024 жылғы есеп бойынша Ауғанстан – әлі де әлемдегі ең бақытсыз ел. Рейтингте143-орында тұр.

Мемлекеттік институттардың сапасы мен мемлекеттің «жомарттығы»

Бұл факторлар өмірге қанағат етуде үлкен оң әсер етеді. Жемқорлықты қабылдау индексі тіпті елдің бақыт деңгейіндегі орнын болжай алады.

Адамдар мемлекеттік қызмет сапалы болған елдерде өміріне риза болады. Бұған жақсы зейнетақы, бала күтіміне байланысты берілетін жақсы демалыс, ауру мен мүгедек адамдарды қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен білім берудің тегін болуы, жоғары жәрдемақы кіреді.

Мемлекеттік мекемелер теңсіздік деңгейін төмен деңгейде ұстай алған жағдайда, адамдар оларды сеніммен қабылдайды әрі бақытты болады.

Сенімнің маңызы

Сенімнің маңызын дәлелдеу үшін арнаулы бір тәжірибе жасалған. Адамдардан «әмиянын жоғалтқан жағдайда оны қайтара ма?» деп сұраған.

Содан кейін зерттеушілер бұл сенім деңгейін өмірге қанағаттану бағасымен салыстырған. Нәтижесінде, «әмиянын қайтарады» деп сенетіндер өз өмірін 0-ден 10 шкала бойынша бір балл жоғары бағалаған.

Яғни, сенім – бақыттың ажырамас бөлігі.

Reader’s Digest компаниясы 2021 жылы дәл осындай тәжірибені әлем бойынша өткізген. Қай қалада ең көп әмиян қайтарылған деп ойлайсыз? Әрине, Хельсинкиде.

World Happiness Report баяндамасы негізінен Gallup сауалнамасына сүйенеді. Онда адамдардан өз өмірін 0-ден 10-ға дейінгі шкалада бағалау сұралады (10 – ең жақсы, 0 – ең нашар өмір).

Либералды құндылықтар да маңызды. Бұған прогрессивті салық салу мен өмір жолын таңдаудағы еркіндік жатады.

Сонымен қайтадан ақша тақырыбына оралсақ. Зерттеушілер прогрессивті салық салу мен бақыт деңгейі арасында тығыз байланыс бар екенін анықтаған.

Прогрессивті салық жүйесі – табыс өскен сайын салынатын салықтың да артуы. Соның арқасында денсаулық сақтау, білім беру мен қоғамдық көлік сияқты қоғамдық игіліктерді қаржыландырады. Бұл – адамдарды бір сенімге алып келетін жүйе. Адамдар ақшаның тиімді пайдаланылатынына сенеді.

Тең қоғамдарда адамдар бір-біріне көбірек сенеді. Ал әлеуметтік сенім жақсы институттарды құруға көмектеседі.

Ал Скандинавияда суицид деңгейі жоғары емес пе?

Позитив эмоциялар таралуы бойынша, World Happiness Report баяндамаларында Латын Америкасы елдері көш бастайды. Бірақ олар бақыт рейтингінің алғашқы жиырмалығына да енбейді.

Скандинавия елдері ең бақытты ел саналатыны рас, бірақ бұл оларда жағымды эмоциялар ең көп дегенді білдірмейді. Бұл елдер тарихи тұрғыдан суицид деңгейі жоғары елдер ретінде танымал. Мысалы, 1990 жылы Финляндияда суицид деңгейі соншалық жоғары болғандықтан, онда әлемдегі алғашқы алдын алу стратегиясын енгізді.

Қазіргі таңда бұл салада айтарлықтай оң өзгерістер бар, дегенмен Финляндия жастар арасындағы суицид деңгейі бойынша төртінші орында тұр.

Хелливелл бақыт моделінің қайғылы статистикамен “өте жақсы үйлесетінін” айтады

Мысалы, Үкімет сапасы адамдардың өмірге қанағаттануына ықпал етеді. Сарапшы бірақ бұл суицидтің алдын алуда онша маңызы жоқ екенін айтады.

«Діни сенім суицидтің алдын алуда өте маңызды, бірақ өмірден бақыт табуда аса маңызды емес. Ажырасу екеуіне де зиян, бірақ ол өмірге баға беруден гөрі суицидке көбірек әсер етеді», – деп ескертеді Хелливелл.

Сонымен қатар ол:

«Мысалы, Швеция – сапалы Үкіметі бар, ажырасу деңгейі жоғары және діндарлығы төмен ел. Мұнда бақыт деңгейі жоғары болғанымен, суицид деңгейі де жоғары болады», – деп толықтырады.

Нәтижесінде, бақытты болжауға көмектесетін көрсеткіштер суицидтің ықтималдығымен тікелей байланысты емес.

Хелливелл бұл қайғылы үрдісті мәдени факторлармен түсіндіруге болатынын меңзейді. 

«Біз суицидтің және басқа да антиәлеуметтік мінез-құлық түрлерінің мәдени аспектісі бар екенін анықтадық… Кейбір есірткі түрлерін қолдану көрсеткіші де белгілі бір аймақта шоғырланады, өйткені олар бір-бірін қайталаудан пайда болатын кері байланыспен таралады», – дейді ол Euronews Next арнасына берген сұхбатында.

«Адамдар кейде қиындықтан шығудың жолы ретінде басқа біреулердің сәтсіз мінез-құлқын көшіреді», – деп түсіндіреді Хелливелл.

Ауа райының жалпы бақыт деңгейіне ықпалы айтарлықтай емес

Финляндияның оңтүстік-батысында жылдық орташа температура – бар болғаны 6,5 °C. Ал шығыс пен солтүстікке қарай бұл көрсеткіш тіпті төмендей түседі.

Скандинавияда қыс ұзақ, қараңғы әрі суық. Көпшілігіміз жылы ауа райын және шуақты күндерді бақытпен байланыстырамыз. Бірақ зерттеу нәтижелері бұл фактордың бақытқа ықпалы өте аз екенін көрсетеді.

Адамдар ауа райына бейімделіп кетеді. Сондықтан жиі болатын жаңбыр, боран немесе аязды күндер – мұндай жағдайларға үйренген халықтың өмірге қанағаттануына ықпал етпейді.

Онда біз қалай солтүстік елдер сияқты бақытты бола аламыз?

Скандинавия елдері тиімді демократиялық институттардың арқасында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алған, ал бұл өз кезегінде азаматтардың Үкіметке және бір-біріне сенім артуына ықпал еткен. Олар сенімді саясаткерлерге дауыс беріп, нәтижесінде табысты әлеуметтік модель қалыптастыра алды.

Дегенмен біз жақсарта алатын кейбір нәрселер де бар...

«Басқа адамдардың сізге қамқорлық жасайтынын сезіну адамдарды әлдеқайда бақытты етеді. Бұл өте маңызды, себебі әлемнің барлық елінде мұның маңызын түсінбейді», – дейді Хелливелл.

Оның айтуынша, адамдардың бір-біріне деген сенімі – біз ойлағаннан да құнды. Ал сенімсіздік адамдарды бақытсыз етеді. Немесе ең болмағанда, скандинавиялықтардай бақытты етпейді.

Хелливелл сонымен қатар адамдар көршілерінің мейірімділігіне сенбейтін себебі оған байланысты жағымды жаңалықтарды естімейтіндіктен екенін де атап өтті.

«Бұл жақсы жаңалықтардың маңызын көрсетеді. Себебі сіздің көршілеріңіз туралы не ойлайтыныңыз дәл сол ақпарат арқылы қалыптасады», – деп қорытындылайды ол.