Кеше қастерлі Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті.
Отанымызды өркендетудің озық үлгісі
434
оқылды

Алқалы жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдің алдағы бағдарын айқындап берді. Онда соңғы кезеңде қо­ғамда қызу талқыланған өзекті мәселелерден бастап еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басым­дықтар түгел қамтылды.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Сенатының Төрағасы:

Жалпы, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай туралы бастаманы осыдан бір­неше жыл бұрын өз Жолдауында көтеріп, оны елді жаңғыртудың тиімді тетіктерінің бірі ретінде ұсынған болатын. Содан бері Қазақстанда түбегейлі өзгерістер қолға алынып, кешенді саяси реформалар іске асырылды. Мемлекет басшысы осы ауқым­ды жұмысқа Ұлттық құрылтай мүшелері зор үлес қосқанын атап өтіп, бұл бастама арқылы қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасқанын айтты.

Президентіміз көптің назарына ілінген салық реформасына қатысты пікірін біл­дірді. Бұл ретте Қазақстан әлеуметтік мем­лекет екені, егер бюджетте қаржы болмаса, тиісті міндеттемелер толық орындалмай­тыны, ал салық осы жүйенің басты тірегі саналатыны айтылды. Сондықтан Мемле­кет басшысы Үкімет ұсынған жаңа тәсіл­дерді халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру ісіне баса мән берді.

Сондай-ақ Президентіміз салықтан жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндерге және заңнамада соған жол беретін олқы­лық­тарға назар аударып, тиісті заңдарға жедел түрде қажетті түзетулер енгізуді тапсырды. Осы ретте қолға алынып жатқан шаралар­дың мәні мен маңызын азамат­тарға жеткізу­ге және қажетті заңнамалық жұмыс­тарға Сенат депутаттары белсенді қаты­сатынын атап өткім келеді.

Жиында бірыңғай уақыт белдеуіне көшу елді басқаруды және логистика мен көп­теген бизнес-үдерісті оңтайландыру үшін қолайлы тәсіл екені айтылды.

Құрылтай отырысында еліміздегі діни ахуал мен жат ағымдарға тосқауыл қою мәселесіне ерекше мән берілді. Президен­тіміз атап өткендей, діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Сондықтан діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар аталған талапқа сай болуға тиіс. Осы мәселені жан-жақты қарап, заң­наманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру ерекше мәнге ие.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қылмыстық-атқару жүйесінде адамгершілік құндылықтарға басымдық бере отырып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтау арқылы кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізуді жүктеді.

Жиілеп кеткен алаяқтық әрекеттерге тос­қауыл қою, жалған психологтер мен «коучтардың» іс-әрекетін жауапты органдар назарға алу мәселелері де сөз болды.

Ұлттық құрылтайда Президентіміз идео­логиялық бағыттағы басымдықтарды да айқындап берді. Бұл орайда кино өндірісіне жіті мән беріп, дайын фильмдерді экранға шығармас бұрын ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият зерделеудің берері мол екені анық.

Биыл Жұмысшы мамандықтар жылы аясында көптеген іргелі бастама қолға алы­нып жатыр. Осы бағытта кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс. Мемлекет басшысы өз сөзінде осы мәселені баса айтты.

Сондай-ақ Президент белгілеп берген негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмы­сын жүйелеп, ретке келтіру. Соның аясында түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарларды қайта жаңғырту аса маңызды.

Білім беру ісін дұрыс тәрбиеге негіздеу арқылы озық ойлы ұрпақ, адал азамат қалыптастыру аса маңызды екені нақты айтылды.

Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңды жетілдіру, ішкі саясаттағы жұмыстарды жүйелейтін біртұтас құжат әзірлеу, мәдениет саласын дамыту, Абай институттарын толыққанды мәдени-ағарту мекемелеріне айналдыру бағыттары бойынша да белсенді жұмыс жүргізілетін болады.

Құрылтайдың отырысында аймақтар­дағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және өңірлердің даму деңгейіндегі теңсіздікті жою – бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, биыл экономиканың нақты секторына жұмсала­тын қаржы көлемін екі есеге жуық көбейтіп, 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспар­ланып отыр. Алдағы жылдары Үкімет нақты секторға бөлінетін қаржы көлемін 10 трил­лион теңгеге дейін жеткізуге тиіс. Соның аясында бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары қолға алынады.

Президентіміз елімізде іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және инвес­тициялық жобаларға жеке тоқталып, мұның бәрі еліміздің аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыра түсетін маңызды қадамдар екенін айтты.

Сондай-ақ бүгін шекара маңындағы аудандарды дамыту туралы заң қабылдау, аймақтардың дамуындағы алшақтықты жою үшін әзірленіп жатқан Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын жан-жақты пысықтау, ғылым қалашығын құру жөнінде заң жобасын әзірлеу және ерекше қажет­тілігі бар балаларды қолдауға арналған арнайы заң даярлау мәселелері қозғалды.

Экологияны қорғау және жан-жануарлар дүниесін сақтау туралы да нақты ұсыныстар айтылды. Соның ішінде Биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру бастамасы іргелі жоба екені анық. Шын мәнінде, оған Президентіміздің басшылық жасауы аталған ауқымды жұмыстың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Құрылтай отырысында Қазақстанның төрт саладағы орасан зор мүмкіндігі туралы да айтты. Олар: цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Мұның бәрі – еліміздің жаңа әлемдегі орнықты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар. Осы ретте Мемлекет басшысы­ның Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешімі еліміздің ядролық кластер ретінде қалыптасуына жол ашатынын атап өткен жөн.

Жалпы, жыл сайын Құрылтайдың мәні артып, мазмұны кеңейіп келеді. Биыл көтерілген ауқымды мәселелер мен белгі­лен­ген маңызды міндеттер соған дәлел. Бұл басым бағыттар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыру үшін қолға алынған кешенді бастамалар екені анық. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – осы іргелі істерді жүйелі түрде жүзеге асырып, Отанымызды одан әрі өркендету. Барлық қазақстандық аталған маңызды міндеттерді орындау жолында белсенділік танытып, ел дамуына өз үлес­терін қосады деп сенемін.