Дәрігерлік еңбек жолында ол 20 000-ға жуық күрделі операция жасап, мыңдаған баланың өмірін сақтап қалды. 
Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаған Камал Ормантаев қайтыс болды
Фото: lubimec.kz
813
оқылды

Қазақ балалар хирургиясының негізін қалаушы Камал Ормантаев 89 жасында дүниеден өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Академиктің қайтыс болғаны туралы оның ұлы Жарас Ормантаев хабарлады. 

 «Бүгін кешкісін ардақты әкем, қазақстандық балалар хирургиясының негізін қалаушы, академик Камал Ормантаев дүниеден өтті», – деп жазды академиктің ұлы, дипломат Жарас Ормантаев Facebook-тағы парақшасында. 

Камал Саруарұлы Ормантаев 1936 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.

1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түсіп, медицина саласындағы жолын бастады. 1968 жылы осы институттың балалар хирургиясы кафедрасын басқарып, қазақстандық балалар хирургиясының ғылыми мектебінің қалыптасуына негіз қалады.

Ол – Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, педиатр-дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының академигі және вице-президенті, 1999 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Дәрігерлік еңбек жолында ол 20 000-ға жуық күрделі операция жасап, мыңдаған баланың өмірін сақтап қалды. Оның еңбегінің арқасында 1 500-ден астам дәрігер дайындалып, олардың көпшілігі Қазақстанда ғана емес, шетелде де жетекші маман атанды.

К.Ормантаев балалардың бассүйегі мен миы зақымданғанда қолданылатын емдеу әдістерін жетілдіріп, оның патогенезін анықтауда кешенді зерттеулер жүргізді,  бассүйек пен миға жасалатын операцияның бес жаңа әдісін тәжірибеге енгізді. Химиялық жолмен болатын өңеш күйігін зерттеп және оны емдеудің алты жаңа әдісін анықтады, сондай-ақ іріңді перитонит пен жедел гематогенді остеомиелит болған жағдайда іріңді іш қуысынан түтік арқылы шығарудың бірнеше тәсілін ұсынды. Ол Қазақстанда педиаторлардың, балалар хирургтарының, анестезиолог-реаниматологтарының, ортопед-травматологтарының ғылыми мектебінің негізін қалады.

Камал Сәруарұлының отандық медицинадағы алар орны ерекше. Ол 35 жасында докторлық диссертациясын қорғап, елімізде ең алғашқы балалар хирургиясы бойынша ғылым докторы атанған қазақ. Екі мәрте «Алтын адам» атағының иегері,  ұлы дәрігер 40-тан аса ғылыми еңбек жазып, 22 жаңалық енгізді. Елімізде алғаш болып балалардың бас сүйек миының жарақатына, түрлі сынықтарға, балалар кеудесінің іштен туа біткен ақауларына отыз мыңнан астам күрделі ота жасаған.