Әсіресе, ел игілігі үшін салынған оқу ғимараттары мен су қоймалары «сенімгерлік басқару» деген желеумен ұзақ жыл бойына ықпалды адамдардың уысында болып келді. Кейінгі екі жыл ішінде ғана бұл мәселеге қозғау салынып, нысандарды мемлекет меншігіне қайтару жұмысы басталған болатын. Қазір бұл істе оң нәтиже байқалады.
Мысалы, жақында Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» су шаруашылығы колледжінің айналасындағы дау аяқталып, оның мүлкі мен ғимараты мемлекетке қайтарылды. 2016 жылы сенімгерлік басқаруға алған жеке тұлға оқу орнын дамыту үшін 66,6 млн теңге инвестиция тартуға уәде берген екен. Алайда басқарушылар келісімшарт талабын орындамай, колледждің ғимараты мен мүліктерін мақсатсыз пайдаланып келген. Нәтижесінде, сенімгерлік басқаруға берілген оқу орнының жұмысы нашарлаған көрінеді. Осыны ескерген Алматы облысының әкімдігі жеке тұлғамен екі жылға жуық соттасып, «Үшқоңыр» су шаруашылығы колледжін коммуналдық меншікке қайтарды.
Сондай-ақ стратегиялық маңызы бар нысандар санатына кіретін Есік көлінің аумағындағы бөгет құрылысы да 2019 жылы сенімгерлік басқаруға берілген болатын. Алайда бөгетті 49 жылға жалға алған басқарушы компания келсімшарт бойынша салуы тиіс 1,1 млрд теңге инвестицияның көк тиынын да көрсетпеген.
– Бұл бөгет сатып алу құқығынсыз 49 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Учаскенің аумағы – 141,643 гектар. 2018 жылғы тендер шарты бойынша инвестор 1,1 млрд теңге салуы керек еді, бірақ міндеттеме орындалмады. Шағымнан кейін сот мүлікті мемлекет меншігіне қайтарды. Ал Есік көліндегі бөгетті қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 2024 жылы 23 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде, жергілікті тұрғындар тұрақты сумен қамтамасыз етіліп, туризм инфрақұрылымының дамуын да жақсартады. Яғни, бөгет жұмысының жақсаруы өңір экономикасына оң әсерін тигізеді, ауыл шаруашылығын өрістетеді, – дейді Алматы облыстық Қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова.
Жалпы, биыл Алматы облысы аумағындағы аса маңызды сипатқа ие 8 су шаруашылығы нысаны мемлекеттің басқаруына берілген екен. Жоғарыда айтылған Есік көліндегі бөгеттен бөлек, «Саз Талғар-7», «Байсерке-2», «Ворошилов», «К-3» су бөгеттері мен қоймалары сот шешімімен қайтырылса, тағы 3 нысан өзара келісімнің нәтижесінде облыстың иелігіне өткен.
Айтпақшы, сот шешімімен қайтарылған активтердің тізімінде жеке тұлғалардың пайдасына төмен бағада сатылып кеткен ғимараттар да бар екен. Мәселен, жеке инвестор Қаскелең қаласындағы өнер мектебінің екі ғимаратын небәрі 134 млн теңгеге сатып алған көрінеді. Облыстық Қаржы басқармасының қарсылығынан кейін жеке тұлғамен арада ұзаққа созылған сот процесі өткен. Нәтижесінде, ғимараттарды нарықтағы құнынан төмен бағада сатып алған әрі инвестор ретіндегі міндеттемелерін орындамаған адаммен жасалған келісімшарт жарамсыз деп танылды. Қазір бұл нысандар толықтай коммуналдық меншікке қайтарылған. Дәл осындай жолмен жекенің иелігінде кеткен Алматы экономикалық колледжі де мемлекет меншігіне қайта өткен көрінеді.
Жалпы, Алматы облысы аумағындағы коммуналдық меншікті түгендеу барысында 967 нысанға қатысты шұғыл шешім қабылдау қажеттігі анықталған. Бұл тізімдегі 188 нысан қараусыз қалған болса, 341 нысан бос тұрған көрінеді. Олардың дені коммуналдық басқарудағы ғимараттар мен Білім, Денсаулық сақтау басқармаларының қарамағындағы нысандар бар екен. Тексеруден кейін бұл нысанның бірқатары бұзылса, кейбір ғимарттар аукцион арқылы сатуға шығарылмақ. Ал қалыпына келтірілетін ғимараттарды заманауи оқу орындарына, спорт кешендері мен мәдениет ошақтарына айналдыру жоспарланған. Қазір іріктелген 69 нысан бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмысы басталған.
Бұдан бөлек, аймақта пайдаланылмай жатқан алқаптарды да мемлекет меншігіне қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Мысалы, былтыр облыста жалпы алаңы 397 313 гектар болатын 1 340 жер телімінің кәдеге аспай тұрғаны анықталған болатын. Бүгінге дейін аталған жер алқаптарының 84 100 гектары мемлекет иелігіне қайтарылды. Оның ішінде 52 100 гектар алқапты бұрынғы иелері өз еркімен кері қайтарса, 32 мың гектар жер сот шешімі арқылы мемлекет меншігіне өткен екен.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
Алматы облысы