NASA мен америкалық ғарышты зерттеу жоспарлары белгісіздік кезеңін бастан кешіруде. Олар Айға ұша, әлде Марсқа дайындала ма?
Илон Масктің ғарыш кемесі Айға ұша ма, әлде Марсқа ма?
NASA-ның барлық күш-жігері Марсқа адамдарды жеткізуге бағынуы мүмкін. Фото komiinform.ru сайтынан алынды. Авторлығы: rusunion.com
1,150
оқылды

Aikyn.kz жақында bgr.com сайтында жарияланған хабарламаға сүйеніп, Американың ғарыштық бағдарламасын талдайды.

Айға астронавтарды апаруға тиіс Artemis миссияларының болашағы да бұлыңғыр. Фото nasa.gov сайтынан алынды

NASA үлкен өзгерістер алдында тұр. Илон Масктің ықпалымен президент Дональд Трамп бірнеше атқарушы жарлықтар шығарып, ғарыш агенттігінің негізгі ғылыми комитеттерінің қызметін тоқтатып қойды. Айға астронавтарды апаруға тиіс Artemis миссияларының болашағына қатысты көптеген сұрақ  бар. Адамзаттың аяғының іздері алғаш рет Айдың бетіне 50 жылдан бұрын түссе де, Жер серігінің оңтүстік полюсін зерттеудің қашан басталары анық емес. 

Бірақ Трамптың екінші президенттік мерзімдегі белсенді қадамдары Artemis миссияларын мүлде жабылуына әкелуі мүмкін. Сарапшылар Илон Масктің SpaceX компаниясы Американың ғарышқа қатысты жобаларына кіру ықтималдығы өскенін айтады. Бұның себебін – Трамп пен Маск арасындағы саяси серіктестікпен түсіндіруге болады.

NASA бұл миссияларды орындау жолында тым кешігіп жатыр. Artemis II бастапқыда 2024 жылдың аяғында іске асырылады деп жоспарланған. Алайда ұшыру алғашында 2025 жылдың күзіне шегерілсе, одан кейін мүлдем  2026 жылға ауыстырылды. Енді Дональд Трамп Ақ үйге кірген соң, Илон Маск президенттің жақын кеңесшісіне айналды. Сондықтан NASA-ның Artemis миссиялары тоқтатылып, оның орнына Марсқа адамдарды жіберу мега-жоспары қабылдануы мүмкін.

NASA-ның ғарыш бағдарламалары тоқтатылды. Фото nasa.gov сайтынан алынды

Адамзатты Қызыл ғаламшарға жіберу, сонда колония салу жаңалық емес. Бұл туралы Илон Маск жылдар бойы айтып келеді. SpaceX компаниясының бүгінгі таңдағы ең үлкен және ең қуатты Starship зымыран жүйесінің негізгі мақсаты да Марс болатын.

NASA-ның да бұрынғы жоспарларында 2030 жылдары Марсқа басқарылатын миссиямен адамдарды жіберу болған. Бірақ Трамптың америкалықтарды Марсқа жібергісі келетіні және SpaceX жоспарлары туралы айтқандарын ескере отырып, біз NASA-ның барлық күш-жігері осы бір мақсатқа бағынуы мүмкін екенін айта аламыз. Қызыл планетаға жету адамзатты Айға қондыру сияқты оңай емес. Адамдардың Айға сапары оларды Марсқа жіберуге қарағанда әлдеқайда аз проблемалар тудырады. 

Марсқа ғарыштық сапар шамамен 6 айға созылады, туындайтын медициналық проблемаларды да шешу керек. Оттегінің жетіспеушілігінен басқа, ғарышта ауырлық күші (гравитация) жоқ, яғни адам ағзасын үлкен стресс күтіп тұрады. Жақында жүргізілген зерттеулер ғарыш сапарының салдарынан бүйрек зақымдануының кейбір қорқынышты салдарларын анықтады.

Гравитацияның жоқтығынан бұлшық ет атрофиясы туындайды. Бүгінде ғарышкерлерге бұлшық еттерді жаттықтыратын арнайы жабдықтардың бар екеніне қарамастан, бұл Жердегі гравитацияның әсерін сезінумен бірдей емес.

Марс бетінде 378 күндік симуляциялық миссиядан аяқталып, 4 ғарышкер арнайы жасалған модульден шығарылды. Фото anhor.uz сайтынан алынды. Авторлығы: Вокруг света

NASA сонымен қатар астронавтардың Марсқа ғарыш сапары үшін қажет ұзақмерзімді болуды қалай жеңе алатынын көру үшін модельдеу зерттеулерін жүргізіп келеді. Сондай алғашқы сынақ 2023 жылдың 25 маусымында басталған еді. Марс бетінде 378 күндік симуляциялық миссиядан кейін экипаж командирі Келли Хьюстон, бортинженер Росс Броквелл, медицина қызметкері Нейтан Джонс және ғылыми қызметкер Анка Селариу арнайы жасалған модульден шығарылды.

Ауданы 157 шаршы метрлік оқшауланған модульде 4 ғарышкер ұзақ ғарыш сапарының адам денсаулығына әсерін тексеріп, Марсқа болашақ миссияларда кездесуі мүмкін жағдайларда өмір сүрді. Бұндай оқшаулау және оның ғарышкерлердің ұзақмерзімді психикалық денсаулығына әсері әлі де зерттелетін болады.Егер Дональд Трамп Марсқа экспедицияны қолдаса, онда NASA-ның бағдарламалары қайта қаралып, SpaceX компаниясының Starship ауыр зымыраны ұзақ сапарға таңдалары анық. Бұндай жағдайда NASA-ның Artemis миссиясы қалай болары белгісіз. Қазірше, ғарыш агенттігін қандай өзгерістер күтіп тұрғанын, осы және басқа да маңызды миссиялардың болашағы қалай болатыны белгісіз. Оның бәрі жақын 5-6 айда жарияланады деп күтілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.