Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Сенат кулуарында жемқорлардың елден шығуына тыйым салатын нормаға қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, мұндай түзету тек ауызша айтылған, яғни, ресми түрде жұмыс тобына келіп түспеген.
"Алайда, екінші оқылымға дейін уақыт бар. Жұмыс тобының бірнеше рет отырысы өтеді. Депутаттар бастамашылық жасаған жағдайда, біз оны қарастырамыз. Осы заң жобасында бұл ұсынылған жоқ", – деді вице-министр тілшілердің сауалына берген жауабында.
Еске сала кетейік, кеше Мәжіліс "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы мен оған ілеспе түзетуді бірінші оқылымда қабылдады.