Тілі жақын елдің – рухы жақын. Бұл – ақиқат. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын ұлтқа арналған жүрек сөзі ретінде қабылдадым.
Жұрт жүрегіне жетер сөз
314
оқылды

Өйткені ол халқына бүкпесіз, сыр-сұхбат жасай отырып, ұлт алдындағы парыз бен қарыз туралы толғанады. Әрине, қазіргі тұрақсыз әлемнің дүрбелең кезеңінде адамзаттың алдында небір қауіп-қатерлер тұр. Сондай күрмеуі қиын уақытта айтылған түйінді сөз қандай? Мемлекет басшысы өз сұхбатында осы мәселелер туралы ойлы да жанды сөз айтқан.

Заманның, уақыттың бедерін бағамдау оңай соқпасы белгілі. Осыдан болар, өз сұхбатында Президент тереңнен сөз қоз­ғайды, тарихты саралайды. Бұл – Қазақстан халқына, қоғамға, жастарға, мемлекеттік құрылыстың әр деңгейінде жүрген, сон­дай-ақ әлеуметтік желіге арналған сөз.

Көптен бері саяси қызметтен алшақтап, зейнеткерліктің өзіне тән сәттерін бастан кешіріп жүрген адам ретінде, әлеуметтік желіге көп қосыла бермейтін едім. Бірақ зер салып, оқып, қарап отыратын шақ­тамыз ғой. Желіден түспейтін көптеген автор мемлекеттік саясатымызға дүрліге қарап, өмірді қарашымылдық сыртынан көруге тырысатындарын да байқаймын.

Сондықтан да Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың «Ана тіліндегі» сұхбатын оқыған соң, әлеумет қалай қабылдар екен деп ойланғаным рас. Бір адам іле-шала қолдау білдіріп, пікір жазып жатса, енді бірі  Тоқаев сұхбатынан Ресей саясатының көлеңкесін көреді. Ал үшіншісі Қ.Тоқаев Ата Заңды өзгертіп, өзі тағы да бір рет сайлауға түсуді көздейді деп те жазып жатады. Бұл да әлеуметтік желінің ерекшелігі.

Үлкен журналистикада көп жыл қыз­мет істеген және «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» сынды ұлт басылымдарының бас редакторы болып, мол тәжірибе жинағаным бар. Сондай-ақ Н.Назарбаев, Б.Ельцин, Л.Кучма, Г.Әлиев, В.Квас­невский секілді елбасшыларынан сұхбат алған журналист ретінде, заман лебін және бүгінгі технологиялық биікке көте-р­іл­ген журналистиканың сан-қырлы тә­сілдерімен таныспын әрі қыр-сырын бір адамдай білемін ғой деп ойлаймын.

Қ.Тоқаев болмысында дабыра-шоудың адамы емес. Ол Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ресми сапарлары кезінде Президент бортындағы көл-көсір дастарқаннан әкімдер, министр­лер, кәсіпкерлер, журналистер дәм татып, қымбат шараптардан едәуір ауыз тиетін сәтте, ол дәм татып та алмайтын. Бірінші қатарда отырып, тіп-тік қалпында дербес жұмыс істейтін, өз ойын қағазға түртіп, әр ісіне ыждаһаттылықпен қарайтын.

Айта кету керек,  Қасым-Жомарт Кемел­ұлы өз сұхбатын камералық түрде, жеке газет журналисіне берді. Электронды ақпарат құралдары қатыстырылған жоқ. Көп камера тұрған жерде ол сұхбат емес, шоуға айналып кететіні белгілі ғой. 

Сұхбат желі беттерімен бірге, Қазақ­станның түкпір-түкпірінде, ұжымдарда, ғылыми орталарда, зиялы қауым арасында талқыланып жатқанын байқап, оқып жатырмыз. Тіпті, шетелдік басылымдардың да қызығушылығы айқын көрініп тұр.

Сол сияқты Президенттің сұхбатының терең де, салмақты ой толғамдары туралы Парламент Сенатының Төрағасы, ірі политолог М.Әшімбаев «сұхбатта егемендігімізді нығайтуды және елімізді өркендетуді көздейтін басым-бағыттар нақты белгіленді» деп жазыпты. 

Шынында да, сұхбаттың өн бойында Қазақстанның әлемдік аренадағы орны, ұлттық құндылықтарымызды қалыптас­тыру, экономикалық, саяси-мәдени тұрғыдағы даму принциптеріміз көрсетілген.

Сұхбатта қоғам дамуының өскелең даму жолдары туралы берік байлам бар. Жер де, ел де – қазақтікі. Қазақстан халқының ортақ мүдделерін қорғайтын заң мен тәртіп үстемдігі туралы ерекше тұжырымдалады.

Сұхбаттың аясы өте терең. Одан кез келген адам, қоғамды мазалап жүрген мәселелер туралы жан-жақты мағлұматтар алады.

Қазақстан үшін, ұлтымыз үшін ең өзек­ті мәселе – тіл. Қазақ тілі – мемле­кеттік тіліміз. Мемлекеттік тіліміздің «мүшкіл халі» туралы аз жазылып та, аз айтылып та жүрген жоқ. Сырт көзге қара­ғанда, солай көрінетіні де рас. Бірақ үрейлі сөзден, шырайлы сөз жақсы. 

Президент айтқан деректерге назар аударалық. «Қазақ тілінің бәсекеге қабілетті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын фактор саналады».

Міне, осы тұжырымдамаға үлкен саяси мән беру керек. Қазір де, қазақ тілінің қажеттілігі туындап тұр. Мемлекет­тік қызметке тұрған кезде қазақ тілін меңгерген адамдарға кең жол ашылады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл сында ұлтының кім екендігі есепке алынбайды.

Жоғарғы оқу орындарындағы факульт­еттердің 65 пайызы қазақ тілінде өтеді. Сондай-ақ оқушылардың 70 пайызы қазақ тілді мектептерінде оқиды. Демек, алдағы 10-15 жылда мемлекеттік тіліміздің мәртебесі бұдан да биік болмақ.

Президент атап өткендей, әлемде 7 мың тірі тіл бар екен. Олардың 3 мыңы жойылу қаупі үстінде тұр. Ал қазақ тілі – ана тіліміз 2024 жылы ең көп таралған 79 тілдің санатына енген. 

Тіл мәселесінде байыпты талдау, орамды ой керек. Мемлекеттік тіл – хал­ық­ты үйлестіру тілі ретінде одан әрі дами береді. Қуанайық. 

Еститін құлаққа, көретін көзге, ұлт­жанды әр азаматқа айтылар сөз айтыл­ды. Меңзеп айтқан сөздің ар жағында ұлт болашағымен бірге, ұлттық тіліміздің де болашағы тұр.

Дәстүр, унификация, реформалар, білім, сенім, инвестиция, медиация, энер­гия ұғымдарын ұстана отырып, Қазақстан орта державалар санатындағы ел ретінде, мемлекетіміздің «тұрақты әлеуметтік, экономикалық дамуына жол ашады».

Ал орта державалар деген терминді қалай түсінуіміз және қабылдауымыз керек? Осы мәселеге тоқталып өткен жөн болар. Өйткені мұндай термин бүгінгі күнге дейін біздің саяси айналымда болған емес.

Қазақстанды шетелдің сарапшылары мен дипломаттары орта держава деп атауы, әрине бүгінгі Қазақстанның гео­сая­си жағдайына байланысты туындап отыр. Біздің екі қанатымызда ядролық қарулы екі ірі держава отыр. Олар – Ресей мен Қытай. Мұхиттың ар жағындағы АҚШ пен де стратегиялық әріптестік туралы шартымыз бар. Олар  осы мем­лекеттердің парламенттерінде ратифик­ациядан өткен. Оның үстіне, өмір көрсетіп отырғандай, БҰҰ ұйымы өзінің берік ұстанымын жоғары деңгейде атқара алмай отыр. Бұл жөнінде Президент Қ.Тоқаев іргелі саяси форумдардың мінберінен ашық айтып жүр. Сондықтан да Орталық Азия ішінде Қазақстанның алатын орны да, саяси салмағы да жоғары.

«Қазір халықаралық қатынастар жүйесі кері кетіп барады, тіпті құлдырай түсті деуге болады. Тұрақсыздық күшейіп, ірі державалардың бірін-бірі айыптауы белең алды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыз болып қалды.

...Бүгінде барынша әлем қалып­тастыруға деген сұраныс өте жоғары. Орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады.

 Орта державалар күш-жігерін жұмыл­дырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады».

Бұл сөздердің астарында Қазақстанның алпауыт мемлекеттер арасындағы саяси беделі жоғары тұрғанын аңғару қиын емес.

Оның үстіне, Президенттің әрбір сапары Қазақстанға инвестициялардың көптеп келуіне жол ашады. Айталық, 2024 жылы жаңа жобалар арқылы Қазақстанға 15,7 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция келіпті, ол 2023 жылмен салыстырғанда 88 пайызға артқан.

Бұл цифрлар Қазақстан экономика­сының дамуы мен жаңа жұмыс орындары­ның ашылуына негіз болды. Ел халқын әлеуметтік жағынан қолдау, реформаларды жүзеге асыру, ана мен баланы қорғау сияқ­ты іргелі жобалар да осы инвестиция­ларға байланысты дамып келеді.

Мысалы, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 9,8 млрд доллар тікелей инвестициялар түскен. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 23,6 млрд доллар инвестиция келген.

Қазақстан экономикасына жылма жыл ең үлкен инвесторлар Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей мен Қытай мемлекеттерінен түсіп отыр. Бұл мемлекет­тердің инвенстициялары 25 пайыздан 92 пайызға жеткен.

Оның үстіне, соңғы 10 жылда Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс үдемелі түрде өсіп келеді. Президент айтқандай, аталған елдерде, яғни «2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 млрд доллардан асты».

Шекаралас мемлекеттер туралы әңгіме болғандықтан, Президент сұхбатындағы Ресей және Қытай Халық Республикасы арасындағы мемлекеттік қарым-қатынас­тарға тоқталмай өте алмаймыз. Мұның өзіндік себебі де бар. Әлеуметтік желілерде, Instagram-да, Tik Tok-да Қазақстанның Ресей мен Қытайға тәуелділігі туралы сан алуан дәйексіз келтірілетін жалған, негізсіз ақпараттар жеткілікті.

Естуші және әділ мемлекет құруға бағытталған Қ.Тоқаевтың реформалар үдерісін түсіну үшін, әлбетте аталмыш сұхбатқа назар аудару керек. Сонда ғана біз мемлекеттің бірінші адамының аузынан шыққан сөздерінің құнын да, парқын да пайымдай аламыз.

Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастар әртүрлі саяси дүрдараз­дыққа қарамастан, орнықты дамып келеді. Ресей Думасының бірнеше депутаты, қоғам қайраткерлері Қазақ­станда орыс тіліне қысым жасалып жатыр,  Қазақстан­ның солтүстік өңірлері Ресей құрамында болуға тиісті деген арандатушы­лық, қо­қан-лоққыға толы ақпараттар жариялағаны  есте шығар.

Санкт-Петербургте өткен саммиттегі Қазақстан Президентінің байсалды да байламды тұжырымы жұрттың есінде болар. Тоқаев осы арқылы әлемге өзінің биік, дербес саяси тұлға екенін көрсетті.

Қазақстан мен Ресейдің үлкен саясаттағы қарым-қатынасы екі жаққа да тиімді әрі өте қажет. АҚШ жариялаған санкцияларды ескере отырып, Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты қарым-қатынастар орнықты дамып келеді.

Ресей Президенті В.Путин Қазақстанға 33 рет келіпті. Әрине, қыдырып келмесі анық. Күрмеуі қиын кезеңде Ресей Қазақстанмен экономикалық, ғылыми-мәдени байланыстарды ңығайтуға мүдделік танытуда. Бұл күнде Қазақстанның 60 мың ұл-қызы Ресейде білім алып жатыр.

Былтыр қараша айында В.Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Тиісті протоколдық құрмет көрсетілді. Бұл өркениет елдерге тән қалыптасқан дәстүр. Осыдан Қазақстанның Ресей үшін үлкен стратегиялық әріптес екенін білеміз.

Мемлекеттік саясаттың астарлы тұстары аз емес. Ашық ақпарат алудың жолы көп. Ал жабық ақпарат ше?

Өз сұхбатында Қ.Тоқаев төмендегіні мәлімдеді. «Владимир Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік. Мен Қазақстанның көпжақты саясатынының мәнін ашық айтып, Ресеймен стратегиялық саясатымызды және одақтастық қарым-қатынасты дамыту туралы ұстанымға берік екенімізді жеткіздім».

Нәтижесінде, Ресей Президенті Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы ірі экономикасы, өнеркәсібі, ғылымы мен білімі қалыптасқан мемлекет ретінде «...біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес» деп мәлімдеді.

Иә, Мемлекет басшысы айтқандай, бұл қарым-қатынастар екі жаққа да тиімді, әрі «Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету керек». Бұл астарлы сөздің мән-мазмұнын айқындайды. Ашығын айтсақ, Ресей тарапынан Қазақстан егемендігіне қол сұғылмайды деген сөз.

Әлеуметтік желілердегі біраз пікірлер Қазақстандағы Атом стансасын салу тақырыбын қозғайды. Олар станса Ресей құзыретіне берілуі мүмкін деп топшылайды. Мұның шындыққа қаншалықты сәйкес келуі мүмкін?

Ресей Президенті В.Путиннің ресми сапары кезінде Атом стансасын салуға Ресей қалай қатысады деген әңгіме де болғаны шындық.

Қазақстан аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін Халықаралық консорциум құру туралы ынталылық танытты. Аталмыш жобаның бас операторы да осы Консор­циум болмақ. «Росатом» компания­сының жобаға қатысуы мүмкін екені туралы Қ.Тоқаев өз сұхбатында айтты.

Расында, қазір Қазақстанда жерасты байлықтары азайып, бірте-бірте ол экономиканың басты қозғаушы күші бол­майтыны туралы ғалымдардың, эко­номистердің сараптамалары бар. Сон­дықтан болашақ – ядролық энергетикада.

Қ.Тоқаев пікіріне сүйенейік: «Қазақ­стан­ға қуатты атом стансасы қажет екені анық. Мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екініі, тіпті үшінті атом электр стансасын салу мүмкін екенін жасырмай­мын».

Ойды ой қуалайды. Президенттің бұл сөздерінен, Қазақстанның көпқырлы саясатының ізін көргендей боламыз. Демек, ядролық атом стансаларын салуға  ҚХР, Франция, Оңтүстік Корея, тіпті АҚШ-тың да қатысуы мүмкін. Бұл жобалар Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіз­дігіне кепіл болады деген ойға жетелейді.

Сұхбатта Қ.Тоқаев Қытай Халық Рспубликасымен байланыстар жөнінде ерекше тоқталды және ол Қытай республикасының төрағасы Си Цзин Пиннің «біздің егемендігіміз бен тәуел­сіздігімізді барынша қолдайтынын» атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.

Тоқсан ауыз сөздің түйінін Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сұхбатында ашып айтты. Халық көп сауалға нақты жауап алды деп ойлаймын:

«Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым.

Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірше еш негіз жоқ.

Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екен­і­не сенімдімін.

Ашығын айтсам, экономист басшы­лардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын.

Қаңтар оқиғасынан кейін үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрнеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сон­дай-ақ қасқөйлердің шектес тыс және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайды қарауының кесірінен болғанына әбден көз жеткізді.

Біз әділетті мемлекет құрамыз десек тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек.

Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауап­кершілікті өз мойныма аламын».

Мен білетін Қасым-Жомарт Тоқаев – сөзіне берік, ісіне мығым, айтқан сөзінен таймайтын, халықаралық деңгейдегі ірі саяси тұлға.

Бұл кісілік пен кішілікке, парасатты­лыққа, терең саяси сараптамаға толы сұхбат болды. Жаңа Қазақстанның жаңа тарихын қалыптастырып жатқан Президент Қ.Тоқаевтың жүрек сырына толы әңгімесі жұрт жүрегіне жетсе екен дейміз.

Уәлихан ҚАЛИЖАН, 

ҰҒА академигі,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері