Соның арқасында отандық осы саланың Францияға экспорты бір жылда бірден 7 еседей өсті! Серіктестік көптеген өзге саланы қамтыды. Мысалы, француздар елімізде су шаруашылығы құрылыстарын салып, реконструкциялауға қатысуға ниетті. Ал Президент қол қойған жаңа заң екі ел қатынастары тарихының жаңа бетін ашады.
Қолдауы құнды құрылым
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстанда Француз даму агенттігі тобының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңына қол қойды. Келісімге 2023 жылғы 1 қарашада, Астанада, Франция Президенті Э.Макронның Қазақстанға алдыңғы мемлекеттік сапары барысында қол қойылған. Ұлттық экономика министрлігінің ұстанымынша, құжат екі мемлекет арасындағы экономикалық және қаржылық ынтымақтастықты кеңейтеді.
– Келісімнің мақсаты «Француз даму агенттігі» (ФДА) тобының Қазақстандағы қызметінің құқықтық, салықтық және қаржылық шарттарын айқындау. Француз даму агенттігі дегеніміз – Франция Үкіметінің дамушы елдерге орнықты даму мақсатында ресми көмек көрсететін ұйымы. Бүгінде ол әлемнің 115 мемлекетінде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын 4 мыңнан астам экономикалық-экологиялық жобаға қолдау көрсетіп отыр. Келісімде ФДА-ның Қазақстандағы құқықтық мәртебесі және рұқсат етілген қызмет түрлері айқындалды, – деп түсіндірді ведомство.
Мұның елімізге қандай пайдасы бар? ФДА Қазақстанның мемлекеттік компанияларына да, жеке компанияларына да 15 жылға дейінгі ұзақмерзімді, арзандау қарыз беру арқылы қолдау көрсетеді. Өйткені тапшылығы рекордтық көлемге жеткен республикалық бюджет мүмкіндігінің шектелуі салдарынан мемлекеттік қолдау шаралары шектелді. Енді біздің экономикаға, бизнеске француздар көмекке келеді. Ұзақ жылға берілетін, сыйақы ставкасы төмен кредит болса ғана бизнес өркендеп, мемлекет қолға алған жобалар ілгері басатыны мәлім.
Француздардың қолдауын құнды ететін тағы бірнеше жайт бар. Біріншіден, ФДА экономиканың өнім өндіретін нақты секторларын қаржыландырады. Атап айтқанда, энергетика, көлік, коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымына қаржы ұсынады. Екіншіден, ол өз қамқорлығына алған елдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтады. Агенттік Қазақстанда инфрақұрылымдық жобалар пұлын, соның ішінде сумен жабдықтау, санитария, ирригация секторын демеуге кірісіп кетті.
Үшіншіден, Қазақстан әлемдегі әйелдері басым халықтарға жатады. Ұлттық статбюро дерегінше, 2024 жылғы 1 желтоқсанда республика тұрғындарының саны 20 млн 265 мыңнан адамнан асты. Соның ішінде үлкен бөлігі немесе 10 млн 363 мыңнан астамы – нәзік болмыс иелері. Ерлер саны 9 млн 901 мыңдай ғана. Бұл ретте ФДА халқымыздың басым бөлігіне жеке қолдау көрсетеді. Яғни, «Даму» қорымен бірлесіп, әйелдер кәсіпкерлігіне арналған кредит желісін ұйымдастырып, олардың жобаларына бөлек грант бөледі және техникалық жәрдемдеседі.
Қазірдің өзінде Француз даму агенттігі еліміздегі денсаулық сақтау саласында – 945 мың еуро, Балқаш көлінің экологиялық мәселелерін шешуге – 1,3 миллион еуро, Арал бассейні өңірінің мектептерінде білім беруді жақсартуға – 2,4 миллион еуро грант бөлуді жоспарлады. Бұл басы ғана. Техникалық жәрдемдесу шеңберінде агенттік Ақтау портын кеңейту, Қазақстанның оңтүстігін қуатпен сенімді қамту үшін электр желілерін салу сияқты бірнеше ірі жобаны қолдауды қарастырып отыр. Президент қол қойған жаңа келісім ел игілігіне айналар ізгі жобалардың санын арттырып, ел дамуына серпін беруге әлеуетті.
Қанауға емес, қолдауға құмбыл
Іргедегі Ресейдің Украинаға қарсы соғысы, Мәскеудің солақай саясаты кесірінен геосаяси жағдайдың ушығуы, санкциялық соғыстар Қазақстанның да инвестициялық тартымдылығын біршама төмендеткенін экономистер айтып жүр. Бірақ кез келген инвестор елімізге келгенде ең алдымен қара басының қамымен, пайда іздеп келеді. Олардан айырмашылығы сол, келісімде айтылғандай, Француз даму агенттігі мен оның еншілес ұйымдары қазақ еліндегі қызметінің басты бір мақсаты ретінде «Орнықты даму мақсаттарына» (ОДМ) қол жеткізуді, сол үшін инвестицияларды ынталандыруды белгіледі.
– Ұлттық экономика министрлігінде Орнықты даму мақсаттары мәселелері мен өзім айналысамын. Мұнда бірнеше мақсат бар. Соның ішінде «Саламатты өмір салтын қамтамасыз ету» атты үшінші мақсатты және «Су ресурстарын ұтымды пайдалану» деген алтыншы мақсатты атап өтер едім. Осы бағытта мақұлданған француздың 3 гранты аталған мақсаттарға қол жеткізуімізге әсер етеді, – деді Ұлттық экономика вице-министр Арман Қасенов.
Мысалы, Балқаш көлінің мастер-жоспары (бұрынғыша Бас жоспары) бойынша қайтарымсыз грант қаржы Аралды құтқару халықаралық қорына беріледі және су ресурстарын үнемді пайдалануға бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің түсіндіруінше, бұл тұрғыда Қазақстан мен Франция Іле-Балқаш бассейнін тұтас зерттейтін болады. Министрлік Француз даму агенттігімен (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен (BRGM) ынтымақтасуға уағдаласты.
– Ведомство Францияның осы ұйымдармен бірлесіп Іле-Балқаш бассейніне кешенді зерттеу жүргізеді. Сондай-ақ жерасты суларын зерттеу, мониторинг жасау, барлау және игеру бағытында ынтымақтастық жолға қойылады. Бұдан бөлек, Халықаралық су бюросымен (OiEau) ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Француз әріптестерімізбен ұзақмерзімді және нәтижелі жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз, – деді министр Н.Нұржігітов.
Өз кезегінде француз компаниялары Қазақстанда су шаруашылығы құрылыстарын салу және реконструкциялау жобаларына қатыспақ. Мұның сыртында су шығынын анықтайтын және суды басқаруды оңтайландырумен айналысатын француз компаниялары Қазақстанмен серіктестік орнатуға қызығушылық танытты.
Вице-министр А.Қасенов ФДА-ның жылдық есебінен оның дамушы елдердегі Орнықты даму мақсаттарына үлкен мән-маңыз беретінін көруге болатынын айтты. Яғни, пайда табуды басты орынға қоймайды.
– Агенттік грант бергенде нақты бір жобаның елге нақты қандай игілік әкелуге тиістігін, қандай мақсаттар орындалуға тиістігін қадап көрсетеді, соны талап етеді. Бұл гранттарға қатысты. Кредиттеуіне келсек, олар да елді орнықты дамытуға бағдарланған. Мысалы, ФДА өзінен несие алатын мемлекеттік және коммерциялық жобалардың қазақстандықтарға лайықты жұмыс орнын құруын, экономикалық өсімге септесуін, инфрақұрылым жасауын, жан-жақты индустрияландыруға және инновацияларды ендіруге ықпал етуін талап етеді. Бұлар – ОДМ-нің сегізінші және тоғызыншы мақсаттары саналады, – деді Арман Бақытжанұлы.
Оның мәліметінше, ФДА жылына 200-250 миллион долларға дейін (шамамен 107 миллиард теңгедей) қаржы бөледі деп күтіледі. Экономика вице-министрі Француз даму агенттігінің қазақстандық «Бәйтерек» холдингі сияқты даму институты екенін қаперге салды. Тиісінше, ол инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағдарланған.
– Сондықтан ФДА-ның әрбір жобасының еліміздің өркендеуіне пайдасы мен тиімділігі өте зор! Бұл агенттік қаржыландыру үшін бірнеше жобаны қосымша қарастырып жатыр. Арасында Балқаш қаласында және Жамбыл облысында жылу-электр стансаларын салу, Талдықорғанда заманауи емхана тұрғызу, Шымкентте озық диагностикалық орталық ашу бар. Алакөл ауданындағы бөген-дамба құрылысының жобасы да өте өзекті, – деді вице-министр.
Басқаша айтқанда, бұл агенттік қолдайтын жобалар денсаулық сақтау, білім беру, көлік, су ресурстары, электр энергетикасы сияқты әртүрлі бағытта инфрақұрылымды жетілдіруді көздейді. Олар халықтың өмір сүру жағдайларын жақсартып, экономикалық өсімге дем береді. Ендеше биыл Қазақ елі үшін инвестицияның қосымша көзі ашылып отыр.
Сенімді серіктестен – соны серпін
Франция мемлекетіне жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі», – деп ерекше атап өтіп, өзара қарым-қатынастың стратегиялық сипатына екпін түсірді. Бүгінде екі ел арасында энергетика, атом өнеркәсібі, тау-кен өндіру, химия, машина жасау, құрылыс, аэроғарыш және фармацевтика салаларында маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Қазақстанда Alstom, Total Energies, Air Liquide, Orano, Vicat, Danone, Lactalis секілді француз инвесторларының қатысуымен 200-ден астам компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Руслан Қожасбаевтың айтуынша, сөз болып отырған келісімді Парламент ратификациялағанға дейін Француз даму агенттігінің тобы Қазақстанға келіп, алғашқы бастамаларына кірісті. Оның алғашқы қадамы 2020 жылы ұсақ және шағын кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие ұсынудан басталыпты. Бұл жоба ФДА-ның еншілес ұйымы Proparco компаниясы арқылы іске асырылды. Ол француз заемын таратуға отандық микроқаржы ұйымдарын тартты. Осындай табысты ынтымақтастық аясында еліміздің шалғай аудандарының тұрғындарына несие қаржы жетті, ауыл шаруашылығы бизнесі қолдау тапты.
– Қазақстан мен Франция арасында экономиканың әралуан секторының кең ауқымын қамтитын өзара тиімді ынтымақтастықтың тарихи тұғыры қаланды. Бүгінде Франция – еліміздің басты бір стратегиялық серіктесі. 2024 жылғы 5 қарашада елімізге сапарлаған Франция Президентімен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сауда, экономика және инвестициялар салаларындағы өзара іс-қимыл ауқымын кеңейтуге ерекше назар аударды. Бүгінде ФДА-ның Proparco компаниясы ел өңірлерінде кәсіпкер әйелдерге және ауыл шаруашылығы бизнесіне микроқарыздар бөлу үшін отандық микроқаржы ұйымдарымен бірге жұмыс істейді. Өткен жылдардағы екіжақты ынтымақтастық Қазақстан-Франция стратегиялық қатынастарының тұрақтылығын көрсетсе, биыл ол қарқынды даму жолына түсіп отыр, – деді депутат.
Қаржы министрлігі дерегінше, 2005 жылдан бері Франция қазақстандық экономикаға 19,5 миллиард доллар инвестиция құйған. Нәтижесінде, Франция еліміздің басты 5 ірі инвесторының қатарына кірді.
2023 жылы екі елдің сауда айналымы 4,2 миллиард доллар болды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткіздік. Алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр өзара сауда-саттық бірден 32%-ға өсті.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2024 жылдың 10 айында Қазақстан мен Франция арасындағы бір ғана агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің тауарайналымы шамамен 9,3%-ға өсіп, 83,1 млн долларды құрады. Осы он айда Қазақстанның Францияға өткізген экспорты 7 есеге жуық өсті!
– Қазір біз селекциялық мал шаруашылығы саласындағы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу жұмысын жүргізудеміз. Бұл бағытта Францияның мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру және француз тұқымдық қауымдастықтарының қызметін реттеу тәжірибесін үлгі етеміз, – деді АШМ басшысының орынбасары. Сондай-ақ тараптар қазақстандық селекционерлерді қолдау, француз селекционерлерін Қазақстан аумағында тұқым өндірісіне инвестиция салуға тарту мәселелерін талқылап жатқан көрінеді.
Сапалы француз инвестициялары қазақ экономикасын, соның ішінде ауыл шаруашылығын жақсы жаққа өзгерту үстінде. Мысалы, екінің бірі біле бермес, тұтынушылар арасында танымал FOOD MASTER сауда маркасымен түрлі өнім өндіретін зауыт – француздың Lactalis Kazakhstan компаниялар тобының бір бөлігі.
Павлодарда француздар «Сүт» АҚ кәсіпорнын салды және ол облыстағы ірі сүт өнімдерін өндірушіге айналды. Кәсіпорын кеңейтілді, 2024 жылы сүт өндіру бойынша қосымша желі іске қосылды, дайын өнім қоймасы салынды. Инвестиция көлемі 2,15 млн еуроны құрады. Өндіріс үшін ол сүтті өз фермасынан, «Киров» ЖШС-нан да, сондай-ақ сүт-тауар фермаларынан, шаруа қожалықтарынан және ауыл шаруашылығы кооперативтерінен де сатып алады. Осы арқылы өңір фермерлерін тұрақты жұмыспен және табыспен қамтыды.
Екі елдің инновация мен аэроғарыш саласындағы ықпалдастығы кеңеюде. Қос мемлекет бұлтты технологиялар, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, ғарышты зерттеу, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету салаларында ынтымақтастық құрмақ.
Цифрлық платформаларды автоматтандыру, масштабтау және қауіпсіздікке арналған бұлтты шешімдер саласындағы Францияның ірі компанияларының бірі Clever Cloud қазақстандық нарыққа шығуға қызығушылық танытып, бірлескен кәсіпорын ашқалы жатыр.
Қазақстан Airbus компаниясының озық шешімдерін табиғи ресурстарды мониторингілеу, экологияны басқару және авиация секторын цифрландыру мақсатында пайдаланбақ. Airbus ұзақ қашықтыққа ұшатын Zephyr ұшқышсыз ұшу аппаратын елімізге беріп, сынағын Қазақстанда жүргізуді ұсынды. Zephyr-ді тіпті «псевдоспутник» атайды, өйткені бұл шағын ұшақ немесе стратостат 25 шақырым биіктікте айлар бойы ұшып жүре береді. Былтыр ол ұзақ ұшу жөнінен «беспилотниктер» арасында рекорд орнатты. Бұл технология Қазақстанға берілсе, тасқынның және басқа табиғи апаттардың алдын алуға, астықты қосып жазбауы үшін егістіктерді бақылауға, заңсыз қоқыс полигондарының пайда болуына жол бермеуге және басқа мәселелерді шешуге мүмкіндік болады.
Қорыта айтқанда, Француз даму агенттігі қазақ елінің жарқын болашаққа жетуі жолында сенімді серіктеске айналуы мүмкін.
Елдос СЕНБАЙ