Шымкентте жетпіс жыл бойы жинақталған қорғасын зауытынан қалған 2 миллион тоннаға жуық қалдық бар. Өндіріс қалдықтарының адам денсаулығына аса зияндығы айтпаса да түсінікті.
Қорғасын зауыты қалдығынан құтылады
237
оқылды

Қалдықтар ашық жатқандықтан жел соққан күндері ауаға көтеріліп, шаңды тозаң қаланы басып қалады. Өндірісте әбден қорытылып, зиянсыз қалдық ретінде сыртқа шығарылған үйіндінің өзінен ғалымдар көптеген ауыр металл тапқан. Салдарынан, сол маңдағы тұрғындар анемия, аллергия секілді созылмалы сырқатқа жиі шалдығады. Өйткені ағзаға сіңген қорғасынды шығару мүмкін емес. Ғалымдар қорғасын қандай мөлшерде болсын суда, ауада жинала беретінін айтады. Қорғасын – бұл ауыр метал, адам өміріне қауіпті мөлшері 10 грамға тең екен. Ағзаға қорғасын қосылыстары асқорыту жүйесі, тыныс алу жүйесі, тері арқылы түседі. Қорғасынмен уланған кезде миға зақым келеді, қанның тыныс алу қызметі, ас қорыту жүйесінің қызметі бұзылады. 

Сонымен, осынау зиянды қалдықтар­дан құтылудың амалын шымкенттік билік 2020 жылы бастаған-ды. 2020 жылдың қараша айында өндіріс қалдықтарын өңдейтін зауыт ашылды. Тау болып үйілген күл жаңа технологияның көмегімен өңделіп, одан түсті металға арналған концентрат және цемент қоспасы шы­ғарылатын болды. Бұл жаңа технологияға негізделген қуатты кәсіпорынның алғашқы желісі болатын. Әкімдік мамандары жаңа зауыт жылына 400 мың тонна қалдық өңдеуге қауқарлы. Өндіріс орны толық қуатымен жұмыс істейтін болса қордаланып қалған өндірістік қалдықтарды әрі кеткенде 5-6 жылда өңдеп, тауысады деген-ді. 

Дегенмен тау болып үйілген қорғасын қалдығы содан бері 5 жыл өтсе де әлі күнге дейін таусылмай келеді. Жуырда қатты кәсіпорынның екінші желісі іске қосылды. Кәсіпорын қорғасын зауыты қалдықтарын пайдалана отырып мырыш оксидін өндіреді.

Өндіріс ошағының іске қосылуы шаһар экологиясының мәселесін біршама шешіп, мыңдаған адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ. Қорғасын өндірісінен қалған шлак қалдығының қала эколо­гиясына кері әсері бар. Ашық аспан астында жатқан 2,5 миллион тонна қал­дықты қайта өңдеу үшін Standard Steel KZ серіктестігі зауыт құрылысын жүргізіп, қайта өңдеуді қолға алып отыр. Standard Steel KZ ЖШС-ның атқарушы директоры Ақжан Тойбаев мұнда бұрынғы қорғасын зауытынан қалған қалдықтарды өңдеп, балқыту арқылы құрамынан мырышты бөліп алатынын айтып өтті. «Мұны флюминговый пеш дейді. Мұнда 2 пеш орнатылған, 7 цех бар. Қуаттылығы тәу­лігіне 500 тоннаны құрайды. Өте жоғары температурада балқытылып, өңделе­ді», – дейді атқарушы директор. 

Заманауи ірі кәсіпорынның ашы­луы­на қатысқан Экология және табиғи ре­сурстар министрі Ерлан Нысанбаев өз сөзінде бұрынғы қорғасын зауытынан қалған қалдық өңір экологиясына кері әсерін тигізетінін айтты. Сондай-ақ бұл аймақта әлі де қорғасын қалдықтары бар екенін тілге тиек етті. «Бүгінгі таңда қорғасын зауыты істемесе де, одан қалып кеткен осы қалдық үймелерінің адам денсаулығына келтіріп жатқан зияны өте көп. Себебі осы маңайда 4-5 шақырым жерде әлі де топырақта осы қорғасынның бар екені белгілі. Сол себепті мынау өзі зауыт заманауи технологиямен салынған. Осындай зауыт бүгінде Америкада, Қытайда бар. Міне, Қазақстанға келді.

4 өндіру пешінен тұратын зауыттың қазір екеуі жұмыс істеп тұр. Биыл қалған екі пеш қосылады. Жылына 300 мың тонна қалдық өңделеді», – деді Ерлан Нысанбаев.

Ал Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өндірісті іске қосу қала экономикасының дамуына ғана емес, өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметінің экологиялық зардаптарын төмендететінін атап өтті.Сонымен бірге, Standard Steel KZ компаниясы тек қана бұл жобаны ғана іске асырмай, орта және шағын кәсіпкерлерге жағдай жасап беріп отыр­ғанын тілге тиек етті. Зауыт толық авто­маттандырылып, қауіпсіздік шарасы сақталған. Экологияға да әсері болмайды дейді жауаптылар. Мұнда қазір барлығы 600 адам жұмыспен қамтылған. Жобаның жалпы инвестициялық құны 13,3 миллиард теңгені құрап отыр.

Айта кетейік, 1934 жылы салынған Шымкент қорғасын зауыты республиканың оңтүстігінде металлургия өнеркәсібінің негізін қалады. Қуаттылығы жылына 30 мың тонна тазартылған қорғасын өндіруге мүмкіндік берген кәсіпорын ол кезде тұрғындарға аса экологиялық проблема тудырмаған. Сол кездері Шымкентте кәсіпорынмен қатар, индустриялық аймақ та дамыды. Өндіріс орындарының зиянды қалдықтары ескерілместен тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтерді. Міне, бүгінде таудай болған үйінді өндіріс қалдығы сол маңайдағы тұрғындар үшін зиянды болып отыр. Енді жылдар бойы ең болмаса үсті жабылмаған қалдықтан құтылар күн де алыс емес. Жаңадан ашыл­ған мырыш оксидін өндіретін кә­сіпорын енді тұрғындарды осынау зиянды қалдықтардан құтқарады деген үміт мол. 

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы