Қаңтар айының басында қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің бесінші қабатындағы пәтерде өрт болды.
Өмірін қатерге тігіп, өртенген үйден адамды құтқарған курсант алғысхатпен марапатталды
Фото: Қорғаныс министрлігі
1,663
оқылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында демалыста болған Ресей әскери-әуе академиясының курсанты Әсет Сәкенов өрт кезінде адам өмірін құтқарып қалды, – деп хабарлайды Аikyn.kz. 

Қаңтар айының басында қаладағы көпқабатты үйлердің бірінің бесінші қабатындағы пәтерде өрт болды. Үйдің балконынан түтінді байқаған Әсет құтқару қызметіне қоңырау шалып, өзі сол жерге жүгіре жөнелді.

Бесінші қабатқа көтерілген ол өртеніп жатқан пәтерді тауып, есікті ашты. Түтіннің кесірінен ештеңе көрінбеді. Ішке тізерлеп енген Әсет бөлмелердің бірінен ер адамның сұлбасын байқады. Алғашында ол ауа жетіспей, көзі ашығандықтан, әлгі адамға жете алмады. Сыртқа шығып, көршілерден қолшам алып, қайтадан жанып жатқан пәтерге кірді. Сөйтіп, ол ер адамды сыртқа алып шықты.

Өз өмірін қатерге тіккен ержүрек жастың кім екені екі күннен кейін белгіліі болды. Ол – Риддер тумасы, профессор Н.Е.Жуковский және Ю.А.Гагарин атындағы әскери-әуе академиясының бесінші курс курсанты (Воронеж қ.) Әсет Сәкенов болып шықты,  деді Қорғаныс министрлігінен.

Воронежге жүрер алдында Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, майор Жасұлан Сәтбалдиев оны алғысхатпен марапаттады. Ал жергілікті әкімдік Әсеттің анасына теледидар, ал батырдың өзіне алғысхат табыс етті.

 – Әсет – нағыз қаһарман. Ол еш ойланбастан, өз өмірін қатерге тігіп, жалын ішінде қалған адамды құтқарып қалуға асықты. Бұл нағыз ержүректік пен адамгершіліктің көрінісі, – деп атап өтті Ж.Сәтбалдиев. 

Сондай-ақ Департамент өкілі жарты жылдан кейін курсант лейтенант атағын алатынын атап өтті. Оқуды аяқтағаннан кейін Әсет Сәкенов ұшқышсыз ұшу кешендерін қолдану және пайдалану жөніндегі маман ретінде Қазақстан армиясында қызметін жалғастырады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.