Жыл басталғалы Қарағанды облысында бірнеше өрт оқиғасы тіркелді. Қарқаралы ауданына қарасты Томар ауылында мешіт жанып кетті.
Өрттен сақ бол, ағайын!
506
оқылды

Қарағандыда өрт салдарынан екі бала қайтыс болды, тағы екі бала және 60 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді. Жалпы, өткен 2024 жылы облыс аумағында 580 өрт тіркеліп, 33 адам қаза тапса, 28 адам жарақат алды. 

Төтеншеліктер өрттің негізгі себебі – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу; автокөлік құралдарындағы сымдардың қысқа тұйықталуы; отпен абайсыз жұмыс істеу және пештерді орнату және пай­далану кезінде өрт қауіпсіздігі ере­желерін бұзу екендігін айтады. 

Екі баланың өмірін жалмаған қайғылы оқиға 9 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы Пришахтинская көшесінде, екі пәтерлі тұрғын үйде тіркелді. Өрт ша­тырды және үйдегі жиһаздарды шар­пыған. Құтқарушылар келгенге дейін 2017 және 2015 жылдары туған екі бала өздігінен сыртқа шығып үлгерген, оларды Балалар клиникалық ауруханасына жеткізді.

Алдын ала диагноз бойынша зардап шеккендер көміртегі тотығымен улан­ған. Өрттен кейін құтқарушылар 2020 және 2022 жылы туған екі баланың де­несін тапты. 

«Өрттің себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды және сараптама тағайындалды. Жылыту кезеңінде тұрмыстағы өрттердің алдын алу жұмыстары жалғасуда», – деді төтеншеліктер.

Теміртауда бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, пәтер иесі көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болды. Майқұ­дық­тың  «Восток-3» ықшамауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінде орамал тұтанып, қалың түтін үйді алып кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар дер кезінде жетіп, ес-түссіз күйде жатқан тұрғынды құтқарып қалды. 

Негізінен, өрт көбінесе жеке үйлердегі пештен де болып жатады. Сонымен қатар газға да мән берген жөн. 

Былтыр облыс аумағында газ балло­нымен байланысты сегіз жазатайым оқиға тіркеліп, төрт адам қаза тапты. Тоғыз адам зардап шекті. 

Қарағанды облысы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жұмекенов: 

– Өрт пен көміртегі тотығымен ула­нудың алдын алу жұмыстары тұрғын үй секторында өрт профилактикасы ­жос­парына сәйкес, тамыздан бастап жүр­гі­зілгеніне қарамастан, өрт шығу жағ­дайлары былтырғы жылмен са­лыс­­тыр­ған­да 36,7 пайызға өскен. Одан бө­лек, пеш­тен бөлінген улы газдан бес адам зар­дап шекті. Оның екеуі – бала. Өрт­тің алдын алу үшін жауапты қызмет­керлер 24 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 49 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй сек­торында 6 478 адамды қамтыған 337 жиналыс пен жиын өтті. «Оттан сақ бол!», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы», «Қа­уіпсіз пеш!», «Таза түтін мұржасы», сон­дай-ақ кең ауқымды «Сіздің үйіңіздің қауіпсіздігі!» акцияларын өткіздік, – дейді.

Өрт жиілегенін байқаған төтен­шеліктер халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне былтыр 3 695 өрт хабарлағышы, ал 2018 жылдан бері 7 338 улы газ датчиктерін орнатқан. 

– Бірақ өрт, әдетте ескі және тозығы жеткен, жанғыш құрылыс конструк­циялары бар, пайдалану мерзімі 50-70 жылдан асқан жеке тұрғын үйлер мен құрылыс­тардан шығады. Өрт жағдайына халықтың әлеуметтік жағдайы үлкен әсер етеді. Яғни, бұл аз қамтылған немесе қоғамға жат өмір салтын ұстанатын халықтың топтары. Өрттің пайда бо­луының негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу. Төтенше жағдайлардың алдын алу, адамдардың жарақаттануын болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет. Барлық азаматтардан өз қауіпсіздігі мәселесіне мұқият және байыпты қарауды сұраймыз, – дейді Құрмет Жұмекенов. 

Ал газ баллондарының жарылу се­бептерінің бірі – автогаз құю стан­са­ларында тұрмыстық газ баллондарды бақылаусыз толтыру екен. Стансаларда газ баллондарын толтыру кезінде норма, толтыру пайызы сақталмайды. Тех­никалық қызмет көрсетуді айт­пағанда, оларға тексеру де жүргізілмейді. Бал­лондарға газды рұқсат етілген қысымнан артық толтырғанда, жылу әсерінен жарылыс пайда болады. 

– Тұрмыстық газ баллондарын тол­тыру тиісті технологиялық регламентке сәйкес орындалады. Бұдан басқа толтырар алдында жарамдылық мерзімі және келесі куәландыру тексеріледі. Қажет болған жағдайда жөндеу, өзекті ауыстыру, дәнекерлеу жұмыстары, қақпақтарға арналған сақиналарды қайта отырғызу, вентильдерді ауыстыру, куәландыру және басқа да жұмыс түрлері жүргізіледі. Ал жарамсыз газ баллондары жоюға жіберіледі, – дейді Құрмет Рахметұлы.

Оның айтуынша, екі қабаттан асатын көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық газ баллондарын сақтауға және пай­далануға тыйым салынады. Сондай-ақ баллондарды суықтан жылы жерге кір­гізгенде жылыту аспаптары мен пештердің жанына қоюға болмайды. Тұрмыстық газ баллондарын тек мамандандырылған стансаларда толтыру керек. Ал оның сыйымдылығы 85%-дан аспауы керек екен.

Төтенше жағдайлар департаменті сондай-ақ жұмыс істеп тұрған газ құ­рылғыларын қараусыз қалдырмауды, газдың шығуын тексеру үшін ашық отты пайдаланбауды және балаларға газ құрылғыларын пайдалануға жол бермеу керек екенін ескертеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы