Astana Hub алаңында штаб мүшелері IT-сала өкілдерімен экономиканың цифрлық салалары үшін бейбіт атом туғызатын мүмкіндіктер мен перспективаларды талқылады.
АЭС – инновациялар мен технологиялық прогреске бет түзеу
520
оқылды

Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өңірлерге сапарын аяқтады. Елордада штаб мүшелері IT-сала өкілдерімен, коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерімен, жас ғалымдармен және студенттермен кездесулер өткізді.

Осылайша, Astana Hub алаңында штаб мүшелері IT-сала өкілдерімен экономиканың цифрлық салалары үшін бейбіт атом туғызатын мүмкіндіктер мен перспективаларды талқылады. Тұрақты электрмен жабдықтау болмаса, отандық суперкомпьютер құру, деректерді өңдеу мен сақтаудың жаңа орталықтарын ашу, еліміздің барлық елді мекенін жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету сияқты жобаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Штаб мүшелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында 2029 жылға дейін IT-компанияларда кемінде 150 мың жұмыс орнын ашу міндетін қойғанын еске салды.

«Инвесторлар өнеркәсіпте, қызмет көрсету саласында, IT-де жаңа кәсіпорындар құруға дайын. Алайда егер біз олар үшін жер учаскелерін, адам ресурстарын ұсынып, инженерлік желілерді тарта алғанымызбен, тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ете алмаймыз. Себебі, ең жоғары жүктемелер кезінде біз жыл сайын шетелден 100 млрд теңгеге электр энергиясын сатып аламыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясы басшысының орынбасары Павел Казанцев.

Ол қазіргі уақытта электр энергиясының тапшылығы еліміздің оңтүстік өңірлерінде барынша айқын сезілетінін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оған 3,1 млрд кВт/сағат электр энергиясы жұмсалған. Мысалы, орта есеппен, 100 мың тұрғыны бар бір қала 700 млн кВт/сағат көлеміндегі электр энергиясын тұтынады. Бұл – тек үй шаруашылықтарының қажеттіліктерін ескере отырып жасалған есеп. 

«Астана Су Арнасы» ШЖҚ МКК еңбек ұжымымен кездесуде штаб мүшелері ТКШ жүйелерінің қалыпты жұмысы үшін үздіксіз сенімді энергия көзінің маңыздылығын атап өтті. Олар атом энергетикасы жалпы әлемдік тренд екеніне назар аударды. Мұндай жолды бүгінде экономикалық дамыған елдердің көпшілігі – АҚШ, Франция, Қытай сияқты тағы да басқа көптеген ел таңдап отыр. Мысалы, Бельгия осыған дейін жаппақ болған екі реактордың қызмет ету мерзімін 10 жылға ұзартты. Жақында Түркияда АЭС-тің құрылысы аяқталды. Биыл Өзбекстан АЭС салу туралы шешім қабылдады.

Атом энергетикасы коммуналдық жүйелерге оң әсер етіп, сумен жабдықтауда үзілістерді болдырмайды. «Астана Су Арнасы» ұжымы АЭС құрылысын қолдауға ниет білдірді.

Бұдан соң Халықтық штаб мүшелері С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 200-ге жуық студентінің сұрақтарына жауап берді. Штаб мүшелері АЭС құрылысы жастар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты. Атап айтқанда, лайықты жалақысы бар он мыңдаған жаңа, жоғары білікті жұмыс орындары ашылады. Ол үшін атом энергетикасын дамытудың болашақ мемлекеттік бағдарламасы аясында кадрлар даярлау жоспары жеке әзірленеді. Оның негізінде қажетті мамандар дайындалады. Тікелей Seifullin University-де жүздеген болашақ жылу энергетиктері мен электрмен жабдықтау инженерлері оқытылады. Олар болашақта АЭС-тің кадрлық негізін құра алады. Мәжілісмен Павел Казанцев назар аударған тағы бір маңызды мәселе – бұл дұрыс шешім қабылдауға кедергі келтіретін стереотиптердің әсері.

«Қоғамда бейбіт атомның қауіпсіздігіне қатысты түрлі әңгімелер айтылады. Әлеуетті вендорды таңдау кезінде Қазақстан өзінің сенімділігін дәлелдеген III және III+ буындарының ең озық реакторын таңдады. Егер 6 қазанда қазақстандықтардың көпшілігі АЭС салуға дауыс берсе, онда ол МАГАТЭ-нің бақылауымен ең озық технологиялар бойынша салынады», – деді Павел Казанцев.

Кездесу соңында штаб мүшелері елордалық студенттерді алдағы референдумға белсенді қатысуға және АЭС құрылысын қолдауға шақырды.

 

Дайындаған: «Nur Media» ЖШС.

Тапсырыс Беруші: Оспанов М.Ж.

«AMANAT» партиясы ҚБ қаражатынан төленді