Күні кеше әлем қолөнершілері Әулиеата төрінде бас қосып, үш күн тәжірибелерімен бөлісіп, ұрпаққа ұран болар із қалдырды.
Әлем қолөнершілері – Әулиеата төрінде
433
оқылды

«Тараз – қолөнершілер қаласы» ұранымен үш күнге ұласқан шара «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде түндігін түріп, оған Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Швейцария, Болгария, Моңғолия, Үндістан, Кувейт сияқты шет мемлекеттермен қатар, еліміздің Алматы, Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан облысының қолөнершілері ат ізін салды. Шеберлер өз қолдарынан шыққан бұйымдарын жұртшылыққа ұсынып ғана қоймай, өзара тәжірибе де алмасты. 

Тағылымы мол шараның ашы­луында қонақтарды Жамбыл об­лысы әкімінің орынбасары Әбіл­хайыр Тамабек қарсы алып, көр­ме­нің өңірдің туристік әлеуеті үшін маңызын ерекше атап өтті.

– Ежелден Ұлы Жібек жолы бо­йындағы қолөнер және сауда орталық­тарының бірі ретінде әлем­ге танымал болған тарихы терең Тараз қаласы 2022 жылдың 1 қазанында Дүниежүзілік қол­өнершілер қалаларының тізіміне енг­ізілді. Бұл іс шараны біздің өңір­дің мә­дени-туристік саласын­дағы ең ірі оқиға деп санауға бо­лады. Дүниежүзілік қол­өнершілер қалаларының тізімі 2014 жылдан бері қалыптасып келеді және бү­гінде бұл тізімге әлемнің 25 мем­ле­кетінің 65 қаласы енген. Ал біздің қасиетті Таразымыз осы тізімге 56-шы болып енгізіліп, Қазақстанның алғашқы қолөнер­шілер қаласы мәртебесін иеленді. Бұл ауқымды оқиға өңірдің мә­дени-рухани және туристік сала­ларының дамуына жаңа серпін беріп, облыс көлемінде қолайлы туристік ахуал құруға ықпал етеді, – деді Әбілхайыр Ғалымұлы.

Өз кезегінде сөз алған Қырғыз Рес­публикасы қолөнершілер қа­уым­­дас­тығының президенті Нұр­зат Жээнбек­қызы Тараз қала­сы мен қолөнершілер шаһарына кел­гендегі алғашқы әсерімен бө­лісті. 

– Киелі Тараз жеріне, ұрпақтан ұрпаққа ұлттық өнерді насихаттап, әлемдік қолөнершілердің халық­аралық қауымдастығының мүшесі атанған шаһарға келу – мен үшін үлкен қуаныш. Шараға қатысушы барлық шеберлерді, әріптестерімді бүгінгі қолөнер мере­кесімен шын жүректен құттықтаймын. Тараз бұған дейін тасын түртсе, тарихы көрінетін шаһар ретінде танылса, енді міне дүниежүзілік қолөнер­шілердің басы тоғысатын алтын ордаға айналып отыр. Бұл Тараз­дың абыройын тағы асқақтата­тыны анық, – деді Қырғыз Рес­пуб­ликасы қолөнершілер қауым­дас­тығының президенті. 

Мәртебелі меймандардың қатарында Санта-Фе халықаралық қолөнер көрме­сінің басқарма кеңесінің кеңесшісі, АҚШ өкілі Lopez Carol Robertson, Тәжікстан өкілі Ахмадчон Одилович, «Хунар­­манд» қауымдастығының жетек­шісі Сухроб Шодиев, Кувейт қолөнер қауымдастығының төра­ға­сы Хусейн Али Албаззаз, Дүние­жүзілік қолөнершілер кеңесінің президенті Саад Хани Аль-Кадду­ми­дің болғаны да көрменің бағасы мен беделін тағы биіктете түсті.

Көрме барысында Дүние­жүзілік қол­өнершілер кеңесінің өкілдері Тараздағы «Қолөнер үйі», «Мирас» жеке кәсіп­керлігі, «Ас­пара» колледжі, «Анаға тағ­зым» орталығы, «Жас қолөнерші», «Төр­күл» керуен сарайы секілді нысан­дарға арнайы ат басын бұрып, қолөнер шеберхана­лары­ның жұмысымен таныс­ты. Мұнда шеберлер өткен дәуірлердің қол­өнершілері жасаған тарихи бұ­йым­дармен, сондай-ақ заманауи өнер туын­дыларын тамашалады. Бұдан бөлек, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, онда қолөнер саласында ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан шеберлер тәжірибе ал­ма­сып, өз жұмыстарын көрсетуге мүм­кіндік алды. Одан әрі шара «Дәстүрлі және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тә­жірибелік конференцияға ұласып, Aspara fashion сән көрсетілімімен жалғасты. Ал ұлттық құнды­лық­тарды ұлықтаған мазмұнды шара­ның алғашқы күні гала-концерт­пен түйінделіп, эстрада жұлдыз­дары мен жергілікті өнерпаздар қонақтарға естен кетпес кеш сый­лады. 

Халықаралық көрменің екінші күні Тараз қаласының әкімі Ба­қыт­жан Орын­беков пен Дүние­жүзілік қолөнершілер кеңесі өкіл­дерінің қатысуымен ұйым­дастырылған борт-митингпен басталды. 

Басқосуда әуелі шаһар бас­шысы сөз алып, қолөнер саласын дамыту бағы­тын­да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– 2014 жылдан бері қалып­та­сып келе жатқан Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізі­міне бүгінде әлемдегі 25 мемле­кеттен 65 қала енген. Ал бұл ме­рей­­лі мәртебеге Қазақстаннан тұң­ғыш рет Тараз қаласы қол жет­кізді. Демек, бұл – тек өңірі­міздің ғана емес, тұтас еліміздегі рухани-мәдени оқиға деп санауға болады.

Бүгінде қолөнерді дамыту мақсатын­да Таразда ілкімді істер қолға алынуда. Айталық, қазір көне шаһарда қолөнер­мен айна­лысатын «Өшпес мұра», «Қол­өнер Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер Шаңырақ» қоғамдық бірлес­тіктері мен 190-ға жуық қолөнерші жұ­мыс істейді. Сон­дай-ақ ұлттық құнды­лық­тары­мызды ұлықтауға бағытталған та­ғылымға толы іс-шаралар жиі ұйым­дастырылады. Осы бағытта жұмыс іс­теуге ниетті кәсіпкерлерге де жарқын жобаларын жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көр­сетілуде. Сонымен қатар күні кеше шаһарда «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады. Мұнда қолөнер шеберлеріне барлық жағ­дай жасалған. Жастардың осында келіп, шеберлерден тәлім алуына да мүмкіндіктері мол. Осы­ның нәтижесінде өскелең ұр­пақтың қол­данбалы өнерге қызығу­шы­лығы ар­тып келеді, – деген Бақыт­жан Әмірбек­ұлы халықаралық көрменің жоғары дең­гейде өтуіне атсалысып жатқан мәр­те­белі меймандарға алғысын жеткізді.

Ал Дүниежүзілік қолөнершілер кеңе­сі­нің президенті Саад-Аль-Каддуми Тараз шаһарындағы ха­лықаралық көр­ме­нің ұйымдас­тырылу барысына жоғары бағасын берді.

– Осыдан екі жыл бұрын Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнер­шілер қалаларының тізіміне енген болатын. Содан бері халықаралық кеңес өкілдері қолданбалы өнерді дамыту бағытында осында атқа­рыл­ған жұмыстарды әрда­йым на­­зарда ұстады. Жан-жақты зер­де­леу нәтижесінде кеңес сарап­шы­лары бүгін Тараз қаласын ұйым­ның аккреди­тациясынан өткізуге шешім қабылдады. Осы­лайша, тарихы бай көне шаһар өзі­нің Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне қосылуға лайық екенін толығымен дәлел­деді, – деген ұйым басшысы қала әкіміне Тараздың аталған тізімге енгенін растайтын Сертификатты ресми түрде табыс етті. Осылайша, Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесі көне шаһарға деген адал да әділ бағасын беріп, құрметін көрсетті. Бұдан бөлек көрмеге белсене қатысқан қолөнер шебер­лері аталған кеңестің серти­фикат­тарымен марапатталса, саланы дамытуға үлес қосқан бірқатар аза­матқа «Дүниежүзілік қолөнер­шілер ұйымына – 60 жыл» мерей­тойлық медалі та­бысталды.

Көрменің үшінші күні қонақ­тар «Же­ңіс» саябағына тал көшет­терін отыр­ғызып, «Таза Қазақ­стан» акциясына өз үлес­терін қос­ты. Сонымен қатар «Үш­бұлақ» жағалауын тамашалап, жасыл-желекті шаһардың сұлу­лығына тәнті болды. 

Үш күнге созылған қолөнер­шілер көрмесінің қорытынды жиынында Азия-Тынық мұхит аймағы қолөнер­шілерінің дүние­жүзілік кеңесінің пре­зиденті Азиз Муртазаев сөз алып, қол­өнер түрлерін дамыту мақсатында көне шаһарда жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстарына дән риза­лығын білдірді. 

– Тараз өзінің Дүниежүзілік қолөнер­шілер қалаларының тізі­міне кездейсоқ таңдал­мағаны­на тағы да көзіміз жетті. Бұл ба­ғыт­та атқарылған ілкімді істер кө­ңіл қуантады. Осы ретте ауқым­ды жұмыстарды үйлестіріп, дұрыс жолға қоя білген қала басшы­лығына риза­шылы­ғым­ды жеткіз­гім келеді. Енді олар осы­мен тоқ­тап қалмай, қолданбалы өнер­дің көкжиегін одан әрі кеңейте түседі деген сенімдемін, – деген Азиз Муртазаев шаһарға Дүние­жүзілік қолөнершілер қалалары топтастырылған жинақ кітап­ты тарту етті.

Иә, осылайша, үшінші Дүние­жүзілік қолөнершілер көрмесі Тараз төрінде дүркіреп өтті. Алай­да қоғамда «қыруар қаржы бөліп, көрме өткізу қаншалықты қажет болды?» деген сұрақ туғанын да жасырмаймыз. Өйткені Дүние­жүзілік қолөнершілер қалалары­ның тізіміне енген өзге елдерде көрме өткізуге қазынадан қаржы қаралмайтын көрінеді. Көптің көкейінде тұрған сауалдың түйінін қала әкімі Бақытжан Орынбеков тарқатты. 

– Біз Дүниежүзілік қолөнер­шілер тізіміне енді ғана еніп отыр­ған қаламыз. Сондықтан біздің қол­өнершілер қазір қолдауды қажет етеді. Сол себепті қазы­на­дан қаралған қаржының басым бөлігін қолөнершілерге қажетті материал­дар алып беруге жұм­садық. Ал көрмеге орай ашылған «Қолөнершілер қалашығы» бұдан кейін де жұмыс істей беретін бо­лады. «Шара өтті, бітті» деп бар­лығын жинап тастау дұрыс емес. Біз ең бірінші кейінгі ұрпаққа мұра қалдыруымыз қажет. «Қол­өнершілер қалашығы» осы мақ­сатта жұмыс істейтін болады. Одан бөлек, ертең Ұлыстың Ұлы күні сынды ұлттық мерекелерді де осы қалашықта өткізу жоспары­мызда бар. Сондықтан «көрме бізге не берді емес, одан не қал­ды?» деп ойлағанымыз абзал. Ал қолөнершілер көрмесі Тараз шаһарын төрткүл әлемге танытып қана қоймай, туризмізді дамытып, артында мол мұра қалдырып отыр, – деді шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы. 

Қалай дегенде де, Тараздағы қолөнер­шілер көрмесін төрткүл әлем көрді. Енді одан қандай мұра қаларын уақыт көрсете жатар. Ең бастысы, ұлттық өнерімізді ұлы­қтаған мұндай шаралардан ұтпа­сақ, ұтылмайтынымыз анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы