Басқосуда атом электр станциясы мәселесі кеңінен талқыланып, еліміздің энергетикалық болашағы туралы маңызды пікірлер ортаға салынды.
АЭС экологиялық-экономикалық тұрғыда тиімді
Фото: ашық дереккөз
972
оқылды

Бүгін Түркістан облысындағы «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық мәслихаттағы  «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дулатбек Абіш, облыстық мәслихатқа «Ақжол» партиясынан сайланған депутат Сұлтан Көшенов, «RESPUBLIKA»  партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орнбасары Бейбіт Биназаров және энергетика саласының мамандары бастаған АЭС салу жөніндегі халықтық штаб өкілдері  Ордабасы ауданындағы «Бөрте Милка» ЖШС-і,  «Батсу» ЖШС-і  және Бадам ауылындағы «С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп» КММ ұжымымен кездесті. 

Басқосуда атом электр станциясы мәселесі кеңінен талқыланып, еліміздің энергетикалық болашағы туралы маңызды пікірлер ортаға салынды. Кездесуде жұмысшы топтың өкілдері дамыған елдердің барлығы электр энергиясын өндіруде атом электр станцияларының рөлін баса айтты. Ол қазіргі замандағы озық технологияларды қолдану арқылы энергетикалық саланы дамыту әлемдік тәжірибеде кеңінен таралғанын жеткізді. Егер біз де дамыған елдер қатарына қосылғымыз келсе, атом электр станциясы сияқты жобаларды қолға алуымыз керек екендігіне баса назар аударды.  Штаб өкілдерінің айтуынша,  атом электр станциясы экологиялық жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді әрі ұзақ мерзімді шешім болып табылады.

Алтынсары Үмбетәлиев атом энергетикасы – экономикалық жоба екеніне тоқталды. Елімізде энергия жетіспеушілігі жылдан-жылға өзекті болып келе жатқанын, Қазақстанда электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 20 пайызы газдан, 2 пайызы күн, жел мен судан өндірілетінін тілге тиек етті. 

 --Біздегі энергетикалық инфрақұрылым күн санап ескіріп барады. Станциялардың 65 пайызы тозған. Әсіресе, энергия тапшылығы біздің оңтүстік аймақтарда анық байқалып отыр. Бұл тұрғындар қажеттілігімен қатар кәсіпкерлікті дамытуға да үлкен кедергі болады. Энергетика саласының мамандары мен ғалымдар атом энергетикасын дамыту – осы күрделі ахуалдан шығудың жалғыз жолы екенін айтып жатыр. Ең негізгі мәселе – қауіпсіздік. Халықты алаңдатып отырған басты мәселе де осы. Қазіргі уақытта әлемде жұмыс істеп тұрған 415 ядролық реактордың барлығы дамыған елдерде орналасқан. Егер АЭС адамзатқа қауіпті болса, өркениетті елдер бұдан бас тартар еді. Одан бөлек, қазір әлемде 60-қа тарта АЭС салынуда. Көршілес Өзбекстан да АЭС салудың қамына кіріскен. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде көш бастап тұр, ал уран қоры бойынша екінші орында. Дамыған мемлекеттердің өзі АЭС-ке қажетті шикізатты бізден алып отыр. Ядролық отын өндіретін зауыт та өзімізде бар. Осыншама ресурсты, зор әлеуетті елдің игілігіне, экономикалық тәуелсіздігімізді нығайтуға жұмсамасақ, оның пайдасын қашан көреміз? АЭС құрылысы оның айналасындағы инфрақұрылымды да дамытуға серпін береді. Жаңа жолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер салынады, - деп атап өтті Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Сонымен қатар, штаб құрамындағы «Ақжол», «RESPUBLIKA»  партиясының өкілдері, энергетика саласының мамандары АЭС-тің артықшылықтары жайында сөз қозғап, референдумдағы әрбір таңдау ел болашағы үшін маңызды екендігін жеткізді. Өз кезегінде мәдениет саласы қызметкерлері мен ауыл тұрғындары, өндіріс орнының жұмысшылары сауалдарына жауап алып, пікірлерін ортаға салды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.