Жаңа «Чжоу» нұсқасындағы сүңгуір қайық теңіз сынақтарынан өтуі тиіс еді. АҚШ ол «батып кетті» дейді.
300 жылдан кейін әлем қалай өзгереді?
Жаңа атом сүңгуір қайығы суға «батып кетті». Фото eurasiantimes.com сайтынан алынды
3,527
оқылды

АҚШ пен Қытай арасындағы бәсекенің экономика, технология мен әскери салада күшейгенін Financial Times-та екі сағат бұрын жарияланған материалға сүйенген Aikyn.kz түсіндіреді.

Қытай қорғаныс әлеуетін нығайтуға, ғарыштық технологияларды өзі жасауға ниетті. Фото spytalk.co сайтынан алынды. Авторлығы: Weibo

Қытайдың экономикалық дамуының атасы саналатын Дэн Сяопинге байланысты бір аңыз әңгіме бар. Шетелдік тілшілердің «Қытай Француз революциясының тарихи рөліне қалай қарайтынын» сұрағанда, қытайлық премьер-министр «бұл оқиғаны бағалауға тым аз уақыт өтті» деп сабырлы үнмен жауап берген екен. Сонда 200 жыл қытайлықтар үшін «тым аз уақыт» болғаны ғой.

Абсолютті монархия дәуірін аяқтап, Францияны республикаға айналдырған Ұлы француз революциясы 225 жыл (1789-1799) бұрын болғанын ескерсек, Қытай мемлекетінің даму стратегиялары 30, 50 жылдармен емес, 100-200 жылдармен өлшенетініне таңғалуға болмайды.

Қазіргі қытайлық стратегия да «бүгін соғысудың қандай қажеті бар, егер енді 300 жылдан кейін бүкіл әлем қытайлық болса» деген атақты 36 стратагеммаға сүйенген тұжырымнан анық көрініп тұрған жоқ па? Сондықтан бүгінгі қытайлық саясат – бейбіт өмірді, тату көршілікті сақтап, экономиканы дамыту, мемлекеттің әл-ауқатын өсіру болып белгіленген. 

АҚШ: «Қытайдың ең озық атомдық сүңгуір қайығы кеме жасау зауытында теңізге шықпай тұрып-ақ батып кетті». Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Жақында АҚШ өкілдері мамыр айында «Қытайдың ең озық атомдық сүңгуір қайығы кеме жасау зауытында теңізге шықпай тұрып-ақ батып кетті» деген мәлімдеме таратты. Спутниктен түсірілген суреттер маусым айында Қытайдың Ухань қаласындағы Вучанг верфіндегі қалқымалы крандар көрінеді. Сарапшы мамандар қытайлық әскери-теңіз күштері қалқымалы крандарды суға батқан кемені көтеру үшін пайдалануы мүмкін деген болжамдар айтуда.

Құрама Штаттар Қытайдың халық азаттық армиясының ең қуатты әскери державаға айналуына жол бермеуге Вашингтон барынша күш салуда. Қытайдың бірінші жойқын сүңгуір қайығы мамыр айында Ухань қаласындағы пирстерде алғашқы теңіз сынақтарына дайындалып жатқан кезде спутниктік суреттерде байқалған еді. Бірақ маусым айының басында Янцзы өзенінің дәл сол жерінде спутниктер суға батқан сүңгуір қайықты шығару үшін пайдаланылуы мүмкін крандарды байқаған.

«Қытайлық әскери-теңіз күштері өзінің жаңа ядролық шабуыл жасайтын сүңгуір қайығының батып кеткенін жасыруға тырысқаны таңқаларлық емес. Оқыту стандарттары мен жабдықтың сапасына байланысты мәселелерден басқа, бұл оқиға сыбайлас жемқорлыққа ұшыраған Қытайдың қорғаныс өнеркәсібіне қатысты да проблемалардың терең екенін көрсетеді», – дейді АҚШ қорғаныс министрлігінің жоғары лауазымды қызметкері.

Ал Қытайдың Қорғаныс министрлігі түсініктеме беруден бас тартқан. Пентагонның қытайлық сүңгуір қайықтың батқанын растаған ақпаратты алғаш рет The Wall Street Journal хабарлаған.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ядролық зымырандық операцияларға жауапты тұлғаларды қызметтен босатты. Фото Financial Times сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Mark Schiefelbein

Қытай қазірдің өзінде кемелер саны бойынша әлемдегі ең үлкен әскери-теңіз күштерімен мақтана алады. Қытайлықтар АҚШ-тың Тынық мұхитындағы әскери активтеріне қауіп төндіретін зымырандық арсеналға да ие. Бірақ оның сүңгуір қайықтар бағдарламасындағы сәтсіздіктер америкалық әскерилермен салыстырғанда Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы теңіз үстемдігіне Қытай әлі жете алмағанын көрсетеді.

Сүңгуір қайықтың әскери қолданысқа енгізілмей тұрып батып кетуі Қытайдың әскери күшіндегі шиеленістің бір көрінісі болуы мүмкін. Өйткені жақында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ядролық зымырандық операцияларға жауапты тұлғаларды қызметтен шеттеткені белгілі. Қытай Коммунистік партиясы әскери сатып алуларға қатысты сыбайлас жемқорлықпен күрес науқаны аясында зымырандық күштерді осылайша тазалауға көшкен.

Батып кеткен сүңгуір қайықты қайта көтеріп, кеме жөндеу зауытында тазартып, жөндеуге бірнеше жыл қажет. Фото securitylab.ru сайтынан алынды

Әскер сарапшылар болса батып кеткен сүңгуір қайықты қайта көтеріп, кеме жөндеу зауытында тазартып, жөндеуге бірнеше жыл қажет екенін айтады. 1969 жылы америкалық атомдық сүңгуір қайық пирсте батып кеткенде, оны пайдалануға беру екі жылдан астам уақытқа кешіктірілген болатын.

Бірнеше жыл бұрын АҚШ Әскери-теңіз күштері негізінен «өте тыныш» атом сүңгуір қайықтар флотының арқасында теңіз астындағы соғыста сөзсіз көшбасшылыққа ие болса, бүгінде Ресей мен Қытай да өздерінің жаңа сүңгуір қайықтарын жасауда. 

Алайда соңғы онжылдықта Бейжін де «өте тыныш» ядролық қозғалтқыш технологиясын меңгеруде жақсы жетістіктерге жеткен. «Чжоу» нұсқасындағы ядролық шабуыл жасайтын атом сүңгуір қайығынан басқа, Қытай баллистикалық зымырандармен қаруланған атом сүңгуір қайықтарын жасауда. Жақында АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Курт Кэмпбелл Ресей Қытайға сүңгуір қайық технологиясын дамытуға көмектесіп жатқанын алғаш рет мәлімдеген.

Қытайдың ілгерілеуі кезінде АҚШ-тың сүңгуір қайықтар флоты қысқарады деп күтілуде. Өйткені ескі кемелер әскери қолданыстан шығарылып, олардың орнына жаңа кемелердің келуі кеме жасау мүмкіндігі шектеулі болғандықтан баяу жүруде.

Ахуалдың қалай өзгеретінін уақыт көрсетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.