Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы Қарағанды облысына арнайы жұмыс са­парымен барды. Халық қалаулылары мұндағы әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өңір тұрғындарымен кездесті. Нысандарды аралау жұмысына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысты.
Жазатайым оқиғаға жол бермеу керек
965
оқылды

Мәжіліс Төрағасы Qarmet АҚ Көмір департаментіндегі жаңа диспетчерлік-сараптамалық орталықтың жұмысымен танысты. Онда қандай міндеттер атқа­рылатынын компанияның құрылтайшысы Андрей Лаврентьев пен бас директор Вадим Басин көрсетті. Бұл нысан өн­дірістік қауіпсіздікті бақылауға жауап береді екен. Одан бөлек, оттегі деңгейі мен метан концентрациясын өлшеу жұмыс­тары да осы жерде анықталады. Мамандар шахталардың жағдайын тәулік бойы бақылап кез келген қызметкермен бай­ла­нысқа шыға алады. 

«Qarmet-тің қазақстандық компа­ния­ның меншігіне қайтарылғаны Қара­ғанды үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болғаны белгілі. Бұл Мемлекет бас­­шысының маңызды саяси шешімі болды. Жаңа инвестор өндірісті кешенді түрде жаңғыртуға міндетті. Бес жыл ішінде ком­бинат металлургия көшбас­шысы статусын қайтаруы керек. Бұл ретте еңбек қауіп­сіз­дігі мен өнеркәсіптік қауіп­сіздікті күшейту қажет. Ең бастысы – біз­дің жұ­мыс­шыларымыздың өмірі мен ден­саулығын сақтау. Апаттар мен жаза­тайым оқиғалар болмауы керек», – деді Ерлан Қошанов. 

«AMANAT» партиясының Төрағасы кәсіподақ мүшелерімен кездесу барысында жұмысшылар мен шахтерлерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелерін талқылады. Сөз барысында Парламент депутаттарының, «AMANAT» партиясының және Үкіметтің бірлескен күш-жігерімен Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ғылыми институты қайта құрылып, жұмысшыға жазатайым оқи­ғалар кезінде кінәлі болуына қарамастан толық сақтандыру төлемін қамтамасыз ететін жаңа заңдар қабылданғаны туралы айтылды. 

Сондай-ақ кездесуде еңбек жағ­дай­лары зиянды өндіріс жұмысшыларына 55 жас­тан бастап арнайы әлеуметтік тө­лем алу мүмкіндігін беретін жаңа заңға ерекше назар аударылды. Көміршілер кәсіподақ ұйымының төрағасы Евгений Буслаев жаңа мүмкіндікті Qarmet АҚ-ның 800-ден астам қызметкері пайдаланғанын атап өтті. Бүгінде бүкіл ел бойынша тө­лемдерді 8 мыңнан астам адам алуда. Ол бұл заңның еңбек адамдарын қол­даудағы мемлекеттің нақты қадамы еке­нін айтып, оның жедел қабылданғаны үшін Пре­зидентке және «AMANAT» пар­тиясына ал­­ғысын білдірді. 

Бұдан бөлек, Мәжіліс Спикері Бұқар жырау ауданындағы Садовое және Чкалов ауылдарына барып, су тасқынынан кейінгі қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұ­мыстарымен танысты. 2017 жылы осы ауыл­­­дардың айналасында жартастан жа­салған бөгеттер салынды. Абырой бол­ғанда, ол биыл бұл елді мекендерді су тас­­­­­­қынынан қорғап қалды. 

Алайда ауылда су тасқыны мәселесі шешілгенімен, жергілікті ақсақал Сай­лаухан Шошиннің айтуынша, тұрғын­дардың мал жаятын жерлері жоқ. Өз кезегінде «AMANAT» Төрағасы партиялық «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы туралы айтты. Жоба арқасында екі жыл ішінде 10,8 миллион гектардан астам заң­сыз иемденген жайылым жер мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Жеке қосалқы шаруа­шылықтарға көмек көрсету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Бұл заң қоғамдық жайылымдар туралы жаңа нормаларды енгізеді, яғни жайы­лым­дарды конкурссыз бөлуге, жайы­лым­дарды басқа ауыл шаруашылығы ал­қап­тарына айналдыруға тыйым салады және бір гектарға мал жаю нормативін 20-дан 50-ге дейін арттырады.

Қарағандыда Ерлан Қошанов мем­лекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығына барды. Онда был­тырғы жылдың қазан айында елдегі әйелдерге арналған алғашқы полиция учаскесі ашыл­ған болатын. Оталық қазір функ­ционалды түрде отбасына көмек көрсе­тудің бірыңғай орталығына айналды. Бұл жерде тұрмыстық зорлық-зомбылық құр­бандарына кешенді көмектер көрсе­тілуде. Орталықта психологтер, заңгерлер, сот орын­даушылары, ювеналды полиция, теологтар, волонтерлер, медиаторлар, әлеу­меттік қызметкерлер және басқалар жұмыс істейді. Мәжіліс Төрағасы Қара­ғанды облысының тәжірибесін оң бағалап, мұндай жобаны еліміздің басқа өңірлерінде де енгізуді ұсынды. 

Дәл осы күні Мәжіліс Спикері Күнгей шағын ауданында 600 орындық мектеп құрылысының барысымен танысты. Білім ұясы «AMANAT» партиясының респуб­ликалық сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында салынып жатыр. Жергілікті белсенділер қаланың осы бөлігінде мектептің жоқтығы туралы мәселені көптен бері көтеріп кел­ген. Барлық жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы Қа­ра­ғандының жылу желілерін жаңғырту жұмыстарымен танысып шықты. Жаңа магистраль жылу қуатының тапшылығы мәселесін шешеді және қаланың қол­даныстағы желілеріне түсетін ауырт­па­лықты азайтады. Бұл шаһардың одан әрі дамуы үшін қажетті қорды құруға мүм­кіндік береді. Жоба 2024 жылдың күзіне дейін толық жүзеге асырылмақ.