Қазіргі уақытта Ақтөбедегі эвакуация пунктінде 36 адамды құрайтын 9 отбасы тұрады.
Депутаттар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті
1,421
оқылды

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева және депутаттар Жұлдыз Сүлейменова, Мақсат Толықбай, Қазыбек Әлішев су тасқынынан баспанасыз қалған 36 адам уақытша тұрып жатқан Ақтөбе қаласындағы эвакуациялық пункттердің бірін аралады.

Ақтөбе маңындағы саяжай тұрғындары табиғи апаттың салдарынан бірнеше сағаттың ішінде үй-күйсіз қалды. Олар тек құжаттарын алып үлгерген. Қазір зардап шеккен тұрғындар Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жатақханасындағы эвакуациялық пунктте тұрып жатыр.

Сәуір айында үйіміз суға кеткеннен бері біз эвакуация орталығында тұрып жатырмыз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Үш мезгіл тамақ беріледі, киноға, концерттерге билеттер таратылады. Партия өкілдері төрт жасар қызымды түзету балабақшасына орналастыруға көмектесті. Біз жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттік, жақын арада үйімізге оралатын күн де алыс емес, – дейді Ақтөбе тұрғыны Маржангүл Ерназарова.

Қазіргі уақытта бұл эвакуация пунктінде 36 адамды құрайтын 9 отбасы тұрады. Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 7 уақытша орналастыру пункті жұмыс істейді, онда қазір 695 адам болса, оның 325-і бала. 

Баспанасынан айырылу әр отбасы үшін үлкен сынақ екенін түсінеміз. Біздің міндетіміз – зардап шеккендерді уақытша орналастырумен қатар, оларды мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуына көмектесу. Біз су тасқынынан зардап шеккендердің әрқайсысына қолдау мен қажетті көмекті алуы үшін бар күшімізді саламыз. Бірлескен күш-жігерімізбен біз барлық қиындықты еңсеріп, жоғалғанның бәрін қалпына келтіреміз, – деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев.

Айта кеткен жөн, су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысының тұрғындарына арнап 517 үй салынып жатыр. Сонымен қатар мемлекет есебінен 383 пәтер сатып алынды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.