Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Берік Бейсенғалиев пен Еркін Әбіл Қостанай облысы Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылының тұрғындарымен кездесіп, су тасқыны салдарынан баспанасыз қалған азаматтармен және оларға жаңа үйлерді салып жатқан құрылысшылармен сөйлесті.
Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан үйлерді аралап көрді
1,358
оқылды

Табиғи апаттан зардап шеккен Жангелдин ауданының отбасылары жалғыз баспанасынан айырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әрбір мұқтаж отбасына мемлекеттен жаңа баспана беріледі. Атап айтқанда, Тауыш ауылында – 22, ал Көлқамыс ауылында 19 үй салынып жатыр. Баспаналар Қостанай облысы әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арасында жасалған меморандум аясында типтік жобамен салынады. Әрбір үйдің жалпы ауданы 80 шаршы метр және құны шамамен 30 миллион теңге болады.

«Мен өз өмірімде мұндай су тасқынын көрген емеспін. Жергілікті ауыл ақсақалдарының айтуынша, қызыл су ауыл төңірегін үнемі айналып өтетін. Бірақ биыл жағдай басқаша болды. Су ауылымызды түгелдей басты. Волонтерлерге эвакуацияға көмектескендері, азық-түлік әкелгендері, заттарды орап, балаларға қарағандары үшін алғыс айтамын. Қазір бізге уақытша киіз үйлер қойылды, болашаққа сеніммен қараймыз, жаңа баспананы күтеміз», – деп бөлісті Көлқамыс ауылының тұрғыны Темірхан Шойбасов.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясы табиғи апаттың алғашқы күнінен бастап зардап шеккендерге нақты көмек көрсету жұмыстарын шұғыл бастады. Бұл гуманитарлық көмекті жинау, «Жастар рухы» еріктілерін жұмылдыру, жағалауларды құм салынған қаптармен нығайту, су тасқынына қарсы бөгеттер салу және тағы басқа жұмыстар.

 

 

«Су тасқыны кезінде біз адамдармен кездескенде, олардың көбі жатақханалар мен басқа эвакуациялық пункттерге орналастырылған еді. Қазір жағдай жақсарып келеді, зардап шеккендер өз баспанасының кілтін алып жатыр. Көлқамыста 19 отбасы 1 тамызда жаңа үйіне қоныстанады. Қосымша 10 соттық жер де беріледі. Жалпы Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендер үшін құрылыс және тұрғын үй сатып алу жұмыстары жаздың соңына дейін аяқталады», – деді Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

 

Ал депутат Еркін Әбіл егер тұрғындар өтемақы алу немесе жоғалған мүлікті бағалау мәселелерінде қиындықтар туындаса, «AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» жобасы аясында тегін заңгерлік көмек көрсететінін айтты.

 

Бір күн бұрын депутаттар Арқалық қаласында су тасқынынан зардап шеккен Арқалық, Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындары үшін салынып жатқан 50 пәтерлі үйдің құрылыс барысымен танысты. Қыркүйек айында үй пайдалануға беріледі. 50 пәтердің 20-сы Арқалық тұрғындарына, 16-сы Амангелді және 14-і Жангелдин аудандарының тұрғындарына арналмақ. Бұдан бөлек, Арқалықта 78 зардап шеккен отбасы үшін дайын пәтерлер сатып алынды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Telegram  арнасынан таба аласыз.