Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен инвестициялық ынтымақтастық тоқтатылды.
Мәжіліс депутаттары Qarmet қызметкерлерінің сұрағына жауап берді
841
оқылды

Теміртау қаласында Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Асхат Аймағамбетов, Бауыржан Смағұлов, Құдайберген Бексұлтанов және Арман Қалықов «Qarmet» металлургиялық комбинатының еңбек ұжымымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Орталық Азияда бірд- бір баламасы жоқ «Qarmet» металлургиялық комбинатында 13 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бүгін Мәжіліс депутаттары еңбек ұжымымен кездесті. Халық қалаулылары металлургтерге Мемлекет басшысының реформаларын іске асыру, сондай-ақ «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының жүзеге асуы туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, сайлаушылармен кездесулер кезінде ең өзекті мәселелердің бірі зиянды және қауіпті жағдайдағы өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер үшін ертерек зейнетке шығу мәселесі сөз болды. Бұл партияның сайлауалды бағдарламасындағы маңызды тармақтардың бірі және жуырда ол орындалды.

«Биыл жыл басында зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң күшіне енді. Зейнетке шығатындар зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатуға міндеттеледі. Бірақ олар арнайы әлеуметтік төлемдер алады. Қызметкер 63 жасқа жеткенде, зейнетақы қорынан төлемдерге базалық және ынтымақты зейнетақы қосылады, ал республикалық бюджеттен, жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларынан төлемдер тоқтатылады. Айта кетейін, қызметкер жұмысын жалғастыра алады, оны ешкім себепсіз жұмыстан шығаруға құқығы жоқ», – деді Мәжіліс депутаты Арман Қалықов.

Еңбек қауіпсіздігі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Қарағандыда қоғамдық және кәсіптік денсаулық сақтау институты қайта құрылған. Енді ретте оның қалыпты жұмыс істеуі үшін тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету қажет.

«Қазір бізде еңбек қауіпсіздігі мәселелері бойынша бірнеше заң қаралуда. Мұнда комбинатқа жаңа инвестор келді, оның жоспарлары біртіндеп жүзеге асырылып жатқанын көріп отырмыз. Бірақ бұл өндіріс ошағы, сондықтан да өкінішке қарай, бір күнде барлық мәселе шешіле салмайды. Депутаттар өз тарапынан кәсіпорынның жұмысына қолдау көрсететін болады. Сіздер білетіндей, Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр, – деді Асхат Аймағамбетов.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-мен инвестициялық ынтымақтастық тоқтатылған. Нәтижесінде компанияның иесі болып қазақстандық инвестор бекітілді. Ендігі ретте «Qarmet» АҚ жылдар бойы жинақталған мәселелерді, соның ішінде шикізат жеткізу, жалақыны уақытылы төлеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да мәселелерді біртіндеп шешуде.

Мәжіліс депутаты Бауыржан Смағұлов Теміртау, Шахтинск, Саран және Абай қалаларын көгалдандыру және инфрақұрылымын дамыту мәселелері компанияның назарынан тыс қалмауы керектігін еске салды.

Өз кезегінде «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин өндірісті газдандыру бойынша ауқымды жобаның басталғаны туралы айтты. Жоба кәсіпорыннан 25 шақырым жерде орналасқан «Сарыарқа» газ құбырына қосылу арқылы жүзеге асырылады. Осылайша кәсіпорын жылына 1,2 млрд текше метр табиғи газ көлемімен қамтамасыз етілмек. Комбинаттың газға ауысуы мазут пен сұйытылған газды пайдаланудан бас тартуға мүмкіндік береді, ал бұл зиянды шығарындыларды кемінде 30%-ға азайтады.

Комбинат қызметкерлері қалаға жылу және электр қуатын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Өткен жылдың желтоқсан айында қала тұрғындарының көбі апат салдарынан жылусыз қалды. Қазіргі уақытта ЖЭО-2-де жаңа қазандықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл қазандық электр станциясының жылу қуатын 80 Гкал-ға арттырып, электр энергиясының өндірісін 60 МВт-қа ұлғайтады.

«Биылғы қыста мыңдаған адам пәтерлерінде жылусыз қалды. Жылыту бойынша ешқандай проблемалар болмауы керек. Бізге барлық жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады, құрылыстың аяқталуы және іске қосу-реттеу жұмыстары осы жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Депутаттар бұл мәселені өз бақылауында ұстайды», –деді депутат Құдайберген Бексұлтанов.

Кәсіпорын қызметкерлері тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарды көтерді. Депутаттар бұл мәселені бақылауға алуға уәде берді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.