Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров аудандардың жұмысымен танысуда.
Жамбыл облысында Мәжіліс депутаты тұрғындардың арыз-шағымын тыңдады
1,039
оқылды

Бүгін ол Жамбыл ауданында болып, «AMANAT» партиясының аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. 

Қабылдауға аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, партияның аудандық филиалының төрағасы Талап Әбдібеков қатысты. 

Жиында ауданға қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Атап айтқанда, Қызылшарық және Бектөбе ауылдарындағы ауызсу жүргізу мәселесі сөз болды. Айта кетейік, Қызылшарық ауылын ауызсумен жабдықтауға «Байсын-А», Бектөбе ауылын ауызсумен жабдықтауға «Алихан Ойл 3» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен келісімшарт  осы жылдың сәуір айында жасалған.

Алайда елді мекендерді ауызсумен қамту жобаларына ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу қорытындысына қатысты өзге компания сотқа шағымданып, салдарынан инфрақұрылымдық жұмыс әлі күнге дейін басталар емес.

Сот процесі қанша уақытқа созылатыны белгісіз болғандықтан, Бектөбе, Қызылшарық ауылдарына 2024 жылы қарастырылған қаражаттар игерілмей қалу қаупі туындап отыр. Өз кезегінде Мұқаш Ескендіров мәселесін жеделдетіп шешуді тапсырды. 

«Ауданда кезек күттірмейтін мәселелер бар. Әсіресе, ауылдардағы инфрақұрылымдық жұмыстар уақытылы орындалуы қажет.  Тұрғындары сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуі керек. Оның үстіне, қаражат бөлініп қойған. Сондықтан да бұл мәселе ұзаққа созылып кетпеуі тиіс. Партия аталған мәселені өз бақылауында ұстайтын болады», – деді депутат. 

Сондай-ақ тұрғындарды қабылдау барысында Тоғызтарау ауылдық округіне көгілдір отын тарту мәселесі де көтерілді. Ол бойынша биыл облыстық бюджет пен «Самұрық-Қазына» АҚ-тан тиісті қаражат қарастырған. Бүгінде облыстық  мемлекеттік сатып алу басқармасына конкурс жұмыстарын жүргізуге құжаттар ұсынылуда. 

 

Қоғамдық қабылдау барысында көтерілген мәселелерді назарына алған Мұқаш Зұлқарнайұлы әрбір мәселені жіті бақылауда ұстайтынын айтып, тиісті басшыларға тапсырмалар жүктеді.

Келесі кезекте Мәжіліс депутаты, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен бірге Шайдана ауылында салынып жатқан 150 орынды мектептің құрылысын көрді. 

 

«Келісімшарт бойынша жұмыстың ұзақтылығы 9 айды құрайды. Мердігермен жеке кездестім, желтоқсан айында мектеп құрылысын аяқтаймыз дейді. Алайда құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқандығы анық байқалды. Сол себепті салынып жатқан мектеп құрылысы менің бақылауымда болмақ және де аудан басшылығы мен депутаттары назарға алуы тиіс», – деді Мұқаш Ескендіров.

Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан мектеп құрылысына 1,6 млрд теңге бөлінген. Биыл сәуір айында басталған нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.