Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII шақырылымдағы екінші сессиясының жұмысын қорытындылады.
Парламент 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады
774
оқылды

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда депутаттар VIII шақырылымдағы екінші сессиясының жұмысын қорытындылады.

Ерлан Қошанов өткен сессияда «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласының тиімділігі дәлелденгенін атап өтті.

– Президент жариялаған заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты өткен заң шығару маусымындағы басты бағдар болды. Қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті. Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артуда, – деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері осы сессияда парламенттік жұмыс кезеңі толық әрі табысты атқарылғанын атап өтті. Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, Президенттің сайлауалды бағдарламасын, Ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды.

– Екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі де мазмұнды болды. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 жалпы отырысы және Сенаттың 43 жалпы отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды. Оның 102-сі қабылданды, – деді Ерлан Қошанов.

Қабылданған заңдардың қатарында жылу энергетикасы саласы, мемлекеттік сатып алу, масс-медиа туралы, адам саудасына қарсы іс-қимыл, тұрмыстағы зорлық-зомбылықпен күрес, халықтың шамадан тыс кредит алуы мәселесі, лудоманиямен күрес туралы және басқа да заңдар бар.

 Атап айтқанда, депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатайтып, онлайн-казинолардың қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізді. Борышкерлер мен алимент төлеушілердің ойнауына тыйым салды. Мәжіліс төрағасы осылайша қоғамды әлеуметтік тұрғыдан сауықтыру жолында маңызды қадам жасалғанын айтты.

Сонымен қатар депутаттар еліміздің басты қаржылық құжаты – республикалық бюджетті қабылдады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мәселесін шешуге мүмкіндік туды. Сондай-ақ Парламент 46 халықаралық шарт пен келісімді ратификациялады.

Мәжіліс спикері жаңа конституциялық норманың арқасында республикалық бюджеттің атқарылу сапасына Парламенттің бақылауы айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның есебін жылына екі рет тыңдай бастады.

– Сессия барысында су саласына, сондай-ақ көлікті дамыту мәселелеріне қатысты есеп тыңдалды. Қазір елді мекендердегі ең өзекті мәселе де осы. Соның қорытындысы бойынша Парламент қажетті ұсынымдар қабылдап, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның атына жолдады, – деді Ерлан Қошанов.

Осы сессияда Мәжіліс пен Сенатта үш парламенттік тыңдалым мен он Үкімет сағаты өтті. Спикер олардың заң шығару процесіне жұртшылықтың араласуының тиімді тетігіне айналғанына назар аударды.

– Үкіметпен бірлескен жұмыс барысында кездесетін кейбір проблемалық мәселелерге тоқталып өткім келеді. Нормалар жеткілікті пысықталмайды, сапасы төмен. Соның айқын мысалы – Су кодексі жобасы. Бұл туралы тек депутаттар ғана емес, сарапшылар да айтып жүр. Құрылыс кодексі жобасының да жағдайы осыған ұқсас. Мәжіліске заң жобасын енгізу мерзімі – ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе. Жобаларды енгізу мерзімі жиі кешіктіріледі, – деді Мәжіліс төрағасы.

 Сонымен қатар Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға берілген жауаптарға тоқталды. Оның айтуынша, сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керектігіне тоқталды.

Парламент жұмысында сайлаушылармен тығыз байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлінеді. Олар осы сессия барысында депутаттар 800-ге жуық елді мекенді аралап, 2000-ға жуық кездесу өткізді.

– Депутаттар сайлаушылардың мәселелерін өз депутаттық сауалдары арқылы жеткізіп отырады. Мысалы, осы сессия барысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 727 депутаттық сауал жолдады. Сессия басталғалы бері Үкімет мүшелері 2 рет арнайы шақырылып, сайлаушылардың талап-тілегі отырыста жан-жақты қаралды. Нәтижесінде, азаматтардың сұранысы ескеріліп, мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін тағы бір жұмыс тетігі пайда болды, – деді Е.Қошанов.

Бұдан бөлек, өзекті мәселелерді шешу үшін өңірлерге шұғыл сапармен бару депутаттық қызметтің тиімді тәсілі ретінде орнықты. Мәжілістің Қоғамдық қабылдау қызметі депутаттар мен халық арасындағы дәнекерге айналды. Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата халықтың әртүрлі топтарының мүддесін білдіретін, сан алуан пікірлер еркін айтылатын іргелі орынға айналды.

Ерлан Қошановтың айтуынша, Мемлекет басшысының «қоғамдық пікірталастар Парламент қабырғасында болуы қажет» деген идеясы осы алаңдарда нақты жүзеге асуда.

Сонымен бірге Электронды Парламент халықтың билікке деген сенімін айтарлықтай нығайтуды көздейді. «Бір ел – бір мүдде», «Инклюзивті Парламент» және «Өңір» депутаттық топтарының қызметі де осының көрінісі.

Спикер парламенттік дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Сессия барысында депутаттар 14 халықаралық парламенттік ұйым аясында белсенді жұмыс істеді. 257 халықаралық іс-шараға қатысып, 38 шет елдің парламентімен ынтымақтастық орнатты.

Сөз соңында Ерлан Қошанов осы сессияда заң шығару жұмысының берік негізі қаланғанын айтты.

– Кеше ғана өз сөзінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент жұмысына оң бағасын берді. Ең алдымен, Мемлекет басшысының бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге баса назар аударуымыз керек. Қазіргі кезде Парламент қоржынында 71 заң жобасы бар. Депутаттық корпус енді Бюджет, Салық, Құрылыс, Су кодекстері бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар біз мүлдем жаңа Цифрлық кодексті күтіп отырмыз. Алдымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет, есірткімен күрес, дін, сот жүйесіндегі реформалар және басқа да мәселелерге қатысты заң жобалары бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент, Үкімет және сарапшылар қоғамдастығы үйлесімді әрі жан-жақты жұмыс істеуі қажет, – деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов қорытындылай келе, Үкімет мүшелеріне, азаматтық қоғам белсенділеріне, сарапшылар қоғамдастығы мен БАҚ өкілдеріне бірлесе атқарған жұмыс үшін алғысын білдірді.