Қытайлық компаниялар еуропалық және америкалық бәсекелестерінен 25% арзан электромобиль шығара алады. Еуроодақ пен АҚШ болса электр көліктерін әдейі төмен бағамен сатады деп Қытайды айыптауда.
Еуроодақ қытайлық электр көліктеріне тарифтерді 2 есе өсіреді
АҚШ пен ЕуроОдақ елдері қытайлық арзан көліктерден қорғануға мәжбүр болуда. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Aly Song
723
оқылды

Кеше (10 маусым) BBC News еуропалық саясаткерлер Қытайда шығарылған электр көліктеріне жоғары импорттық тарифтер енгізетінін жазды. Осы мақалаға сүйенген Aikyn.kz көлік нарығындағы жағдайға саясаттың әсерін талдайды.

Volvo брендін сатып алған Geely компаниясының басшысы Ли Шуфу. Фото AP Photo сайтынан алынды. Авторы: Xinhua / Wu Wei

Батыс елдерінің «бәсеке адал болуы керек, мемлекет жекеменшік компаниялардың ісіне араласпауы тиіс, бағаны нарық қалыптастырады, нарық бәрін реттейді» деген ұстанымдары түбегейлі өзгерді. Енді олар «ұлттық қауіпсіздікті қорғаймыз» деп шетелдік арзан тауарларға жоғары баж тарифтерін енгізуде. Бұл, әрине, дұрыс. Отандық өндірісті әрбір мемлекет өзінің мүддесіне сай қорғауы керек. 

Бірақ осыдан 25-30 жыл бұрын дамыған елдердің дамушы елдерге «ұлттық нарықтарыңды ашыңдар, біздің тауарлар сіздерге еркін кіруі керек» деп қысым жасағанын экономистер мен саясаткерлер жақсы біледі. Енді сол дамыған АҚШ пен Еуроодақ елдері қытайлық арзан тауарлардан өздері қорғануға мәжбүр болуда. Бұл да екіжүзді стандарттың көрінісі сияқты.

BYD Seagull – бұл шағын, арзан және ұқыпты жасалған электр көлігі (EV). Жылдамдық рекордын бұзбағанымен, оның бағасы жоғары болуы мүмкін. Көліктің Қытайдағы бастапқы бағасы – 9 600 АҚШ доллары. Еуропада оның құны қауіпсіздік ережелеріне байланысты екі есе қымбатқа түседі деп күтілуде. Бірақ EV стандарттары бойынша ол бәрібір АҚШ, Еуроодақ көліктерінен әлдеқайда арзан. Бұл – еуропалық өндірушілерді алаңдататын перспектива. Олар арзан қытайлық модельдерден қорқады.

BYD Seagull электрлі көлігі шағын, арзан және ұқыпты жасалған. Қытайдағы бастапқы бағасы – 9 600 АҚШ доллар. Фото Getty Images сайтынан алынды

Соңғы 20 жылда Қытайдың автомобиль өнеркәсібі қарқынды дамыды. Оның дамуы 2015 жылы Бейжіңде Коммунистік партия бастаған 10 жылдық өнеркәсіптік саясатқа байланысты.

Бұл саясаттың нәтижесінде BYD сияқты компаниялар  жылдам өсті, олар қазір әлемдегі ең ірі электр көлік өндірушісі ретінде Tesla-мен бәсекелеседі. MG брендінің иесі SAIC және Volvo компаниясын сатып алған Geely алып компанияларға айналды. Бүгінде олар электрлі көліктері нарығында негізгі ойыншылар. Өткен жылы Қытайда 8 миллионнан астам электромобильдер сатылды, бұл бүкіл әлемде сатылған осы сегменттегі көліктердің шамамен 60%-ын құрайды. Қытайдың көшбасшылығы Еуропа мен Америка Құрама Штаттарының саясаткерлерінің ұйқысын бұзды. Өйткені олар халықаралық нарықта өздерінің компаниялары бәсекеге төтеп бере алмайды деп қорқады. 

Швейцариялық UBS банкінің есебіне сәйкес, Қытайдың артықшылығы өте нақты. BYD әлемдегі ең жақсы автоөндірушілермен салыстырғанда шамамен 25%-ға арзан автомобильдер шығара алады деп болжанған. Банктің есебінде BYD және басқа қытайлық фирмалар «жаһандық нарықты көпшілікке арналған жоғары технологиялық, арзан электр көліктерімен жаулап алуға дайын»,  делінген.

Өткен айда АҚШ шешуші әрекет жасады. Байден әкімшілігі қытайлық аккумулятормен жұмыс істейтін көліктердің импорттық тарифін 25%-дан 100%-ға дейін көтерді. Бұл туралы Aikyn.kz сайтында  «Президент Байден қытайлық Rolls-Royce-тен қорқады» атты арнайы материал жарияланды.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен: «Қазір жаһандық нарықтар қытайлық арзан электр көліктеріне толып жатыр. Олардың бағасы мемлекеттік субсидиялардың арқасында жасанды түрде төмен деңгейде ұсталады. Бұл біздің нарықты бұзады». Фото Getty Images сайтынан алынды

Еуроодақ болса біршама қалыпты көзқарас ұстанатын сияқты. 2023 жылы қыркүйекте Одақ жағдайы туралы жолдауында Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Қытай импортына қатысты тергеу жүргізілетінін жариялады.

«Қазір жаһандық нарықтар қытайлық арзан электр көліктеріне толып жатыр. Олардың бағасы мемлекеттік субсидиялардың арқасында жасанды түрде төмен деңгейде ұсталады. Бұл біздің нарықты бұзады», – дейді ол.

Бұл тергеудің алғашқы нәтижелері бойынша шешімдер осы аптада қабылданбақшы. Еуроодақ комиссиясы Қытайдан әкелінетін электр көліктеріне баж салығын үшінші елдерден импортталатын 10 пайыздық стандарт деңгейінен 20-25 пайызға дейін уақытша көтереді деп күтілуде.

Жоғары тарифтер еуропалық компанияларға да зиян тигізуі мүмкін. Мысалы, BMW iX3 электрлі жол талғамайтын көлігі Дадунг зауытында шығарылып, Еуропаға экспортталады. Фото Getty Images сайтынан алынды

Дегенмен жоғары тарифтер еуропалық компанияларға да зиян тигізуі мүмкін. Біріншіден, олар тек қытайлық брендтерге ғана әсер етпейді. Мысалы, BMW iX3 электрлі жол талғамайтын көлігі Дадунг зауытында шығарылып, Еуропаға экспортталады. Сондай-ақ компания Қытайда өндірілген электрлі Mini көлігін де Еуропаға көптеп әкелмекші. Жоғары тарифтер екі модельге әсер етеді.

Тарифтер Еуропаға экспортталатын Шанхайда электромобильдер шығаратын америкалық өндіруші Tesla-ға да қиын болады.

Екіншіден, еуропалық өндірушілер соңғы жылдары қытайлық өндірушілермен серіктесе отырып, Қытайдағы өндіріске қомақты қаржы салған. Олардың кейбіреулері әлі де Қытай нарығына қымбат модельдерді сатуда. Егер Қытай да еуропалық көліктерге тарифтерді көтерсе, онда еуропалық атақты брендтер де зиян шегетін болады.

Қытайдың әлемдегі орнын, зор әлеуетін мына әзіл видеодан да байқауға болады:

Сондықтан еуропалық автоөндірушілердің жетекшілері Еуроодақ бастамасын салқын қабылдауда. Volkswagen Group, BMW мен Mercedes-Benz-тің басшылары еуропалық компанияларды жақсырақ жұмыс істеуге ынталандыру үшін қытайлық электр көліктеріне жоғары импорттық тарифтерді байқап енгізуге шақырған.

Ал Ұлыбритания мұндай шешімдерді сырттай ғана қызығушылықпен бақылауда. Бұл елдің сауданы бақылау органының басшысы «егер министрлер немесе сала шенеуніктері қаласа, қытайлық электр көліктеріне қатысты тергеуді бастауға дайын» екенін айтқан. Әзірше, мұндай өтініш әлі түспеген. 

Қорыта айтар болсақ, тарифтік соғыстар үлкен саясаттың нәтижесі. Еуропадағы тарифтердің жоғарылауы еуропалық автокөлік өндірушілерге де, саясаткерлерге де Қытайдан келетін сынаққа бейімделуге біраз уақыт береді. Бірақ Еуропа жаһандық автокөлік секторында негізгі ойыншы болып қалуды ойласа, онда ол тек тарифтерді көтерумен еш мақсатқа жете алмайтыны белгілі. Мұны саясаткерлер де, сала мамандары да мойындауда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.