Қытай электромобильдеріне АҚШ 100% импорт салығын енгізді. Бұл президенттік сайлау алдында Байден әкімшілігінің америкалық автоиндустрияны өзіне қаратуға жасаған әрекетіне ұқсайды.
Президент Байден қытайлық Rolls-Royce-тен қорқады
Қытайлық «Rolls-Royce» Hongqi E-HS9 электромобилі. Фото avtocharge.ru сайтынан алынды
2,023
оқылды

Импорттық тарифтің 4 есе көтерілуі қытайлық электрлі көліктердің америкалық нарыққа енуіне тосқауыл болмайтыны туралы CNBC сайты жазды. Америкалық телеарнаның материалына сүйенген Aikyn.kz бұндай салық саясатының өзгеруінің себептерін түсіндіреді.

Президент Джозеф Байден 2024 жылдың 14 мамырында Ақ үйдің раушан бағында қытайлық электромобильдерге жоғары тарифтер енгізгенін жариялады. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Win Mcnamee 

Автокөлік сарапшылары Қытайлық электрлі көліктерге импорттық тарифтерді 100%-ға көтеруді қысқа мерзімді протекционистік әрекет деп санайды. Олардың пікірінше,  бұндай шара қытайлық электромобильдердің АҚШ-қа келуін аз ғана уақытқа кешіктіреді. Бірақ Қытайда өндірілген электрлі көліктер америкалық нарықта бәрібір өз орнын табады.

Америкалық президент тарифтерді 4 есе көтеру жергілікті бизнесті қорғау үшін қажет екенін айтады. Оның ойынша, Бейжің электр көліктерін, күн батареяларын, жартылай өткізгіштерді және аккумуляторлар өндірісін әділетсіз субсидиялады.

14 мамырда жарияланған тарифті 100%-ға көтеру қытайлық автоөндірушілердің өнімдерін көршілес Мексика еліне импортын тежей алмайды. Бұндай тариф АҚШ-қа Қытайдан әкелінетін дәстүрлі бензин мен дизельмен, газбен жүретін көліктерге қолданылмайды. Қазір Қытайдан газбен жүретін көліктер АҚШ-қа импортталғанымен, өткен жылы олардың саны бар-жоғы 75 000 болған.

Астана мен Алматы жолдарында жиі көретін Zeekr 001. Фото voditelauto.ru сайтынан алынды

«Олар (қытайлық көліктер) осында болады. Бұл сөзсіз. Бұл жай ғана уақыт мәселесі. Батыс автоөндірушілері өз өнімдерін жетілдіріп, мұны қабылдауға және олармен әділетті бәсекеге дайындалуы керек. Басқа таңдау жоқ», – дейді AlixPartners консалтингтік фирмасының жетекшісі Дэн Херш.

Ондаған жылдар бойы қытайлық автокөлік компаниялары АҚШ-та өз брендтерімен автокөліктерді сата бастағанымен, олардың ешқайсысы сәтті болмады. Ал қазіргі қытайлық көліктердің сапасы айтарлықтай жақсарды, өйткені Бейжің саяси билігі отандық өндірісті қолдауға мол субсидия арқылы көмектесуде. Қытайлық автоөндірушілер санының артуы америкалық автоөндірушілердің әлемдік нарықтағы үлесінің тез төмендеуіне әкелді.

«Үлкен үштік» деп аталатын GM, Ford Motor және Chrysler компанияларының америкалық нарықтағы үлесі төмендеп кеткен. Фото toledoblade.com сайтынан алынды

Соңғы жылдары «үлкен үштік» деп аталатын АҚШ автоөндірушілері – GM, Ford Motor және Chrysler – компанияларының америкалық нарықтағы үлесі 1984 жылғы 75%-дан 2023 жылы 40%-ға дейін құлдырап кеткен. Бұл Ақ үй үшін үлкен проблема.

GM, Ford Motor және Chrysler үштігіне арзан және тартымды қытайлық электромобильдермен бәсекелесу қиынға соғуда. Мысалы, BYD компаниясының Уоррен Баффет қолдауымен жасалған Seagull деп аталатын шағын электрлі көлігінің құны шамамен 10 000 долларды құрайды. Seagull АҚШ-та әлі сатылмаса да, BYD бүкіл әлем бойынша көлік түрлерін кеңейтуде. Бұл көліктің бағасы жаңа 100%-дық тарифтің өзінде қазіргі уақытта АҚШ-та сатылатын көптеген электр көліктерінен арзан.

Мына әзіл видеода Қытай басшысы мен мәскеулік такси жүргізушінің әңгімесі көрсетілген:

АҚШ шенеуніктері қытайлық электромобиль өндірушілердің Еуропа нарығындағы басымдығын көріп те қатал шешімдерге баруда. 2023 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қытай компаниялары Еуропадағы толық электрлі көліктер сатылымының 8%-ын құраған. 2025 жылға қарай олардың үлесі 15%-ға дейін артатынын ЕуроОдақ комиссарлары мәлімдеуде.

Бұндай жағдайда қытайлық компаниялар да өздерінің стратегиясын өзгертіп, тез арада америкалық немесе европалық серіктестер тауып өздерінің өндірісін АҚШ-та, Еуропада аша алады. Бұл олардың экспорттық шығындарын азайтады, өнім құнын төмендетеді.

Кезінде мұндай қадамдарды Toyota Motor және Nissan Motor сияқты жапондық автоөндірушілер, Оңтүстік Кореяның Hyundai Motor мен Kia Motors компаниялар ыда жасаған. Олар зауыттарын АҚШ-та ашып 10-15 жыл ішінде америкалық нарыққа еркін кірген.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.