Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет екенін айтып, Үкіметке сауал жолдапты.
Әлихан Байменов: Тоғызқұмалақ атауын өзгерткісі келгендер Абай мен Әуезовті оқымаған ба?
egemen.kz
1,007
оқылды

Күні кеше Мәжіліс отырысында депутат Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ атауын тоғызат деп өзгерту қажет екенін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдаған еді. Ал бүгін Қазақстан және Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерацияларының президенті Әлихан Байменов депутаттың ұсынысы орынсыз екенін айтып, оған ресми жауап берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өз сөзінде Әлихан Байменов:

Мәжілістің бірнеше депутаты ұлттық мәдени мұрамыз тоғызқұмалақтың атын өзгерту қажет деп Үкіметке сауал жолдапты. Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайды қарау ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз. 

Көзіқарақты кез келген адам “бұлар басқаны қойғанда Абайды танымай Әуезовті оқымағандар ма?” деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық. Тоғызқұмалақ  ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны.

ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған. Тоғызқұмалақ  ұлтымыздың  әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. Сырттан келген бірер адам түрлі пиғылмен атауын бұрмаласа, ондай тәсілді біздің мәдениет пен тарихи жадымызға қарсы сыртқы күштер талай қолданғанын тарихтан да білеміз.  Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде , ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады.  Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. 

Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды.  Ойынның да, оның атауының да иесі  қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю. Қазір әлемнің 50-ден астам елінде тоғызқұмалақ көзбе-көз ойналса, интернет арқылы 100 мемлекет тұрғындары түрлі сайыстарға қатысып, 6 әлем чемпионаты 25-30 ел өкілдерінің қатысуымен өтті.  Жаhанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам түрлі деңгейде тұрақты шұғылдануда. 

Мұның бәрі ардагерлер, жаттықтырушылар, ойыншылардың еңбегінің, оларды демеп, қолдап жүрген федерация, тоғызқұмалақ қайраткерлері, кәсіпкерлер, Спорт және туризм министрлігі мен жергілікті әкімдіктер , мәслихат депутаттарының бірлесе атқарып жүрген істерінің жемісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс істейміз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз, – дейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.