Заң жобаларының бірінші оқылымнан кейін жұмыс тобында қаралған маңызды нормалар жайлы Мәжіліс отырысында айтылды.
Еділ Жаңбыршин: Жылу энергетикасы заң тұрғысынан өз алдына бөлек сала болып бекітілді
747
оқылды

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Жылу энергетикасы туралы ҚР Заңының жобасы бойынша Мәжілістің жалпы отырысында баяндамасын оқыды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қаралып отырған заң жобаларын Парламент Мәжілісі 2024 жылғы 3 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Осы күнге шейін жылуэнергетика өзінің салалық заңнамасының және оған жауапты бірыңғай уәкілетті органның болмауына байланысты жеке сала ретінде қаралмады.

Осыған орай бірнеше жүйелік мәселелер туындап отыр. Атап айтсақ:

– энергетикада негізгі акцент электр энергиясына қойылды, яғни жылуэнергетика көлеңкеде қалып, өгей баланың күнін кешті;

– тиісті деңгейде жүйелі мемлекеттік саясат пен бақылау функцияларын жүзеге аспады;

– қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптаспады;

– жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар арасындағы өзара қатынастар тиісті түрде реттелмеді;

– саланың жай-күйін мониторингілеу және жоспарлау құралдары болмады;

– жылумен жабдықтау нысандарының лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі нақты айқындалмады және басқалар.

Жылу энергетикасындағы осындай мәселелер еліміздегі жылу желілерінің, жылу электр орталықтары мен аудандық қазандықтардың әбден тозуына әкелді. Мысалы, еліміздің 13 мың км жылу желілерінің тозуы 53 пайызды құраса, жылу орталықтарының орташа тозуы 66 пайызды құрап отыр. Тіпті Арқалықтағы жылу орталығының тозуы 90%, Оралдағы «Жайықжылуэнергоның» тозуы 87,5%, Балқаш жылу орталығы мен МАЭК-тің тозуы 80% құрап отыр.

Сонымен қатар, қаралып отырған заң жобалары жоғарыда аталған барлық жүйелік проблемаларды жоюға бағытталған бірқатар кешенді шараларды көздейді. Бірінші кезекте жылуэнергетика заң тұрғысынан өз алдына бөлек сала ретінде бекітілді.

Заң жобаларының бірінші оқылымнан кейін жұмыс тобында қаралған маңызды нормаларға тоқталсақ.

Бірінші. Жылу энергетикасы бойынша жаңа терминдері мен анықтамалар қабылданды, яғни заң айналымына жаңа дефинициялар енгізілді.Терминдер мен анықтамалардың дұрыс және нақты болуы құқық және заң ғылымы үшін маңызы зор.

Екінші. Жаңа жылуэнергетикасы заңына сәйкес жылуды өндірудің және тасымалдаудың мемлекеттік саясаты Энергетика министрлігіне өтеді, жылуды тұтыну саясаты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде, тариф саясаты Ұлттық экономика министрлігінде қалады, ал жергілікті мемлекеттік органдар жергілікті жердегі жылумен жабдықтауды дайындау мен бақылауды іске асырады. Мысалы, әкімдіктер жылумен жабдықтаудың дамыту схемасын жасақтайды және бекітеді, қазандықтар мен жергілікті жылумен қамту жүйелерінің жоспарлы жөндеу жұмыстарын келіседі, жылуэнергетика саласының мониторингін іске асырады, өңірді сенімді жылумен қамтамасыз ету бойынша тиісті мемлекеттік органдарға есеп береді, жергілікті жылу көздері мен жылу жүйелерінің жылыту маусымына дайындығы жөнінде дайындық паспортын береді және т.б.

Үшінші. Мемлекет басшысы жылуэнергетика саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуді тапсырған болатын. Қолданыстағы Кәсіпкерлік Кодекс мемлекеттік органдардың бақылау құзыретін шектеп тастады. Кәсіпкерлікті тексеруді азайту керек деген желеумен, мемлекет адам өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін салаларды бақылауды әлсіретіп алды. Әрине кәсіпкерлікті қолдауымыз қажет, бірақ бизнесте өз жауапкершілігін тиісті деңгейде орындауға міндетті. Әсіресе энергетика сияқты стратегиялық маңызды кәсіпорындарда бұл өте өзекті.

Заң жобасында жылуэнергетика саласын мемлекеттік бақылау нормасы бекітілді. Осы нормаға сәйкес мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы органдар бақылау субъектілерінің (объектілерінің) Қазақстан Республикасының жылу және энергетика саласындағы заңнамалар талаптарының орындалуын бақылау үшін осы Заңға сәйкес қашықтықтан мониторинг және тексеру жүргізеді, ал Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне және осы Заңға сәйкес тергеу-тексеруді жүзеге асырады.

Мысалы, жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын уақытында атқару, оның ішінде жылу маусымына дайындық, сенімді және сапалы жылумен жабдықтау, қондырғыларды қауіпсіз игеру, персоналдың білімін тексеру және басқалар. 

Бақылаушы органдар тексеруді жоспарлы және жоспардан тыс атқаратын болады.

Сонымен қатар жылу өндіру және жылу тасымалдау объектілерінде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және технологиялық төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға бағытталған өндірістік бақылау жүргізілетін болады. 

Төртінші. Өңірлерде тұрғындарды жылумен жабдықтауды іске асыруды жүйелі түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стратегиялық құжат болып жылумен жабдықтауды дамыту схемасы айқындалды және оны әзірлеу және бекіту механизмдері қарастырылды. Бұл құжат технологиялық параметрлерден басқа, экономикалық көрсеткіштерді де қамтиды.

Бесінші. Жылуэнергетика объектілерінің басшыларының құқықтары мен міндеттері белгіленді. 

Заңдағы тағы бір маңызды новелла  ол –  жылу өндіруші субъектілері енді өз нысанын тоқтатқысы келсе тиісті мелекеттік органдарға 5 жыл бұрын хабар жіберуі керек. Бұл өз кезегінде дер кезінде жаңа жылу көздерін салуға немесе ескі қондырғыларды жаңалауға мүмкіндік береді.

Алтыншы. Бұдан басқа жылумен жабдықтаудың технологиялық процесінде үзілістер болған жағдайда тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары мен жылу желілерінің жұмысында кемшіліктер орын алса, онда тұтынушылар шығындарды өтеуді талап ете алады.

Жетінші. Жылу және электр энергетикасының сұрақтарына қатысты ілеспе заң жобасында бірнеше жаңа концептуалды нормалар қабылданды.

Ең маңыздысы ондаған жылдар бойы электр тогын тұтынушыларды сүлікше сорып, негізссіз байып келген делдалдарды, яғни ЭСОлардың қызметін тоқтататын норма қабылданды. Бірнеше айға созылған депутаттар мен олигополияның арасындағы айқас, Мәжіліс депутаттарының пайдасына шешілді! Бұл норманы Төрағамыз Ерлан Жақанұлы, Үкімет басшысы Бектенов мырза және Президент Әкімшілігі қолдамаса қиын болатын еді, олардың еңбегі зор. Ең бастысы сайлаушыларымыздың аманаты орындалды. Ендігі жерде электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін компанияларға заңмен қатаң квалификациялық талаптар қойылады және тарифтері мемлекет тарапынан реттелетін болады.

Сонымен қатар батыс өңірлерде, әсіресе Маңғыстауда мұнай өндірісін тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге арналған жаңа «жасыл энергетика» жобасы іске аспақ. Осыған орай электр энергетика саласында «гибридтік топ» деген жаңа ұғым енгізілді, ол өз кезегінде мен өндіруші мен тұтынушы арасында тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды норма – өндірістік кәсіпорындарға бірінші кезекте елімізде өндірілетін «жасыл энергияны» сатып алу мүмкіндігін қарастырдық. Бұл өз кезегінде кәсіпорындар шығаратын тауарларға болашақта салынатын көміртек салығын азайтуға және отандық экспорттық тауарлардың әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа энергетика саласында енді бірыңғай цифрлық платформа енгізіледі. Бұл платформа бүкіл саладағы қызметтерді талдауға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, яғни елімізде энергетикалық қауіпсіздіктің одан әрі артуына мүмкіндік туғызады.

Сонымен қатар, осы ілеспе заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар келесі түзетулер енгізді:

- нарық субъектілері тарапынан алыпсатарлыққа жол бермеу үшін электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жұмыс тәртібін түсіндіру;

- жүйелік оператордың функцияларын нақтылау және толықтыру;

- табиғи монополияларды реттеу тетіктерін жетілдіру;

Сегізінші. Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексіне өзгерістер енгізу аясында депутаттар жылуэнергиямен жабдықтау субъектілері (объектілері) басшылары мен лауазымды тұлғалар жылу маусымына дайындық кезінде кемшіліктер жіберсе, энергонысандардың тиісті Ережелерге сәйкес жұмысын қамтамасыз етпесе және отынның нормативтік қорын жасақтамаса жауапкершіліктер қарастыратын нормаларды қабылдады.

Одан бөлек жылу желілеріне заңсыз қосылған тұлғаларға да қатысты айып пұлдар қарастырылып отыр.

 Жалпы жаңа қабылданатын «Жылуэнергетика» заңы мен оған ілеспе заңдар жылу мен электр энергиясы саласындағы қоғамдық қатынастарды жаңа бір деңгейге көтеруге мүмкіндік береді және жылуэнергетика саласын жүйелі түрде дамытуға ықпал етеді.

Сондай-ақ, жұмыс тобындағы талқылаулар барысында заң жобалары нормаларының бір бөлігі нақтыланды және редакциялық жағынан жақсартылды, заң жобаларының мәтіні заң техникасы қағидаларына және нормашығармашылық практикаға сәйкес келтірілді.

Заң жобалары бойынша презентация өткізілді. Жұмыс тобына 500-ден астам түзетулер келіп түсті, олар жұмыс тобының отырыстарында және комитеттің екі кеңейтілген отырысында мүдделі министрліктер, ведомстволар, үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылар өкілдерінің қатысуымен қаралды.

Парламент Мәжілісінің комитеттері осы заң жобаларын қолдайтын қорытындылар ұсынды.

Депутаттарға, мемлекеттік органдар мен Комитет аппаратының қызметкерлерінің заң жобалары аясында жасаған еңбегі және белсенді жұмыс істегені үшін алғыс айтқым келеді!

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет "Жылу энергетикасы туралы" Заңды, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңды және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдауды және оларды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберуді ұсынады.

Қолдауларыңызды сұраймын.

Назар аударғаныңыз үшін рақмет! – деді ол.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.