Мао Цзэдунның: «Ұлы Қы­тай қорғанына бар­ма­саң, нағыз қытай емес­сің» деген әйгілі сөзін сәл-пәл бұрма­лап, «Қорғанды көрмегенің – Қытайды көрмегенің» деуге болатын шығар.
Уақытты жеңген жәдігер
1,459
оқылды

Сол себепті де таяуда Қытайға жа­са­ған журналистік сапар аясында әдейілеп осы мекенге ат басын бұр­дық. Таулы қыраттарды бойлай са­лын­ған алып айдаһар пішініндегі тас қамалды өз көзіңмен көргенде, оның ұлылығын тағы бір мәрте мойындай түседі екенсің.

Мүрдеден тұрғызылған іргетас

Ұлы Қытай қорғаны десе дегендей-ақ: түпнұсқадағы Wànlǐ Chángchéng атауының қытай тілінен сөзбе-сөз аударғандағы мағы­насы – «Ұзындығы 10 000 ли қабырға». «Ли» – қытайлардың ежелгі ұзындық өл­шемі. Бүгінде қабырға шығыстан батысқа қарай 9 000 шақырымға созылып жатыр, ал барлық тармағын қосқандағы ұзындығы 21 000 шақырымнан асады – бұл эк­ватор­дың жартысы.

Қорған Сары теңіз жағалауындағы Шань­хайгуань уезінен басталады екен. Қамалдың бұл тұсы «Айдаһардың басы» деп аталып, тұп-тура судан көтеріледі. Жау әскері қорғанды айналып не жүзіп өте алмас үшін әдейі солай ойластырылса керек. Одан соң қамал Қытайдың солтүстігі арқылы бірде тау сілемдерін бойлай жоғары шығып, бірде тұңғиық шыңырауға құлап, Гоби шөліне барып тіреледі.

Қытай қорғанының құрылысы сонау біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда басталған екен. Ол кез Қытайдың біртұтас мем­лекет болмаған кезі – солтүстіктегі мем­лекеттер көшпенді тайпалардың шабуылынан қорғану үшін қамалдың алғашқы бөліктерін тұрғыза бастаған.

Жалпы, оның құрылысы жайында жергілікті халық аузында аңыз-әпсана көп. Елдің айтуынша, император қамал құры­лысына жан-жақтағы жұртты түгел жинай­ды, құрылысшылардың көбі жұмыс бары­сында қаза тапқан. Тіпті, адам мәйіттерін қорғанның іргетасына көміп жіберген деген де аңыз бар. Тарихшы Лев Гумилев өзінің «Хунну халқының тарихы» атты кітабында осы алып қамалдың қалай со­ғыл­ғаны жайында мынадай дерек қал­дырыпты: «Көл-көсір байлық иесі Ши-хуанди өзінің сол­түстіктегі шекарасын нық­тап алмақ бо­лып, Қы­тай­ды Еуразия далаларынан бөліп тұратын Ұлы қамал салуды ойлайды. Қамал құры­лысы күні-түні тоқтаусыз жүрген; адам жетпейтіні анықталғанда, тұтқынға түскен жауынгерлер мен түрмедегі қылмыскерлерді де құрылысқа аттандырып отырған. Жұ­мысшылардың жағдайы өте ауыр болған, көп адамның мүрдесі қабырғаның топырақ үйіндісі астында қалған».  

Қамалдың бойына, бір-бірінен 200 метр аралықта болатындай мұнаралар тұрғызы­лыпты – жебелер сондай қашықтыққа дейін жететін болған деседі. Әр тұсында келесі бетке өтуге арналған қақпалар орна­тылған. Кейінгі династиялар қамалды ны­ғай­тып, кей жерлерін қайта тұрғызып, ұзарта берген. Бүгінге дейін жеткен қорған бөліктері көбіне Мин династиясы кезінде XIV—XVII ғасырларда салынған. Бұл – қамал құрылысының аяқталар шағы еді.

Жауға да, қашқынға да кедергі

Ұлы Қытай қорғанының көне бөліктерін Бейжіңге жақын жатқан Цзюйюнгуань қақпасы маңынан табуға болады. Біздің делегация да қорғанға дәл осы тұстан аяқ бастық.

Юань дәуірінде бой көтерген бұл қақпада санскрит, тибет, моңғол, ұйғыр және қытай тілдерінде қашалып жазылған қанатты сөздер мен дұғалар әртүрлі мәдениеттің бірігіп бейбіт өмір сүргенінен хабардар етеді. Қақпаны ежелгі халық «аспан құдайы» қорғап тұрсын деген үмітпен соған арнап тұрғызған екен. Негізі, қорғанның дәл осы Цзюйюнгуань қақпасы орнатылған тұсы стратегиялық маңызы үлкен нысан болған, сондықтан оны тұрғызуға мемлекеттің басты ресурстары жұмылдырылған. 

Гидіміз бұл қорғанның терістіктен тап келер жаудан қорғаныс ретінде ғана емес, елден қашқалы жатқан тұрғындарға тосқауыл түрінде де қызмет еткенін айтты. Л.Гумилевтің кітабында мынадай мәлімет кездеседі: «Хоу Иннің жазбасында қытай шенеуніктерінен қағажу көрген тайпалар, тұтқындар, қылмыскерлер және саяси эми­гранттардың отбасы шекарадан қашуды ғана армандайтыны айтылады. Қорған арқылы, тіпті оның күзетшісі болмаса да, жылқыларды алып өту мүмкін болмаған еді. Ал Азияға жылқысыз көшудің мәні жоқ болатын».  

Ептілік ұлттың қанында жатыр

Қорғанға келер алдында ұйымдас­тырушылар бізге тойып тамақтанып алу керегін бекер айтпаған екен. Көтерілем дегенше біраз күш-қуат керек. Қақпа маңындағы кофешоптан алған бір стақан капучиноға бар үмітімді артып, алға бас­тым.

Мені таңғалдырғаны – қорған қабыр­ғасының биіктігінен бұрын оның ені еді: біз сапарымызды бастаған жерде ені екі көлік қатар сыятындай кең болса, енді бір тұстарына келгенде көлік тұрмақ екі адамның өзіне тарлық ететіндей жіңішкеріп кетеді. Сөйтсек мұның да өзіндік себебі бар екен. Гидтің айтуынша, қамал құрылыс­шылары Табиғат-Ананың меншігін барынша сол күйі сақтағысы келген – Аспан күштеріне деген сыйластық осында көрініс тапқан. Олар жолдың біркелкі болуы үшін ор қазып не төбелерді тегісте­меген, бар болғаны тас тақталарды жерге барынша нығыздай төсеп, құрылысты тау ыңғайымен сала беріпті. Оны анық сезін­діретін тағы бір тұс – қорғанның баспал­дақтары екен. Әншейінде тепкішекке зырылдап мініп, зырылдап түсіп жүретін біздің бұл жолы жүрісіміз бір өнбеді: табанымыздың астында кезектесіп төселген бірінің биіктігі 7 сантиметр, енді бірінікі 50 сантиметр болатын баспал­дақтарды еңсеру оңайға түспеді. Секунд сайынғы мұншалықты айырмашылыққа бейімделе алмаған аяқ тез шаршайды. Ал кезінде мұнда тұрған қытай күзетшілері салмағы кемінде 30 келі тартатын сауыт-жарағымен бірге бір мұнарадан екіншіге дейінгі қашықтықты жүгіріп-ақ өткен деседі. Әл-дәрменім құрып, жүрегім кеу­демнен шығып кетердей атқақтап соққан күйі екінші мұнараға әрең жеткен мен қы­тай күзетшілерінің ептілігі мен шымыр­лығына тамсандым.

Жалпы, ептілік пен қайсарлық сол күзетшілерде ғана емес, бүкіл қытай ұлтына тән қасиет пе деп қалдым. Жоғарыға өрлеген сайын шетелдік туристер азайып, жергілікті халық қарасы ғана қала берді. Онда да жастармен бірге алпыс-жетпістен асқан кісілер де берілмей, өз арманындағы биігін бағындыруға кетіп барады. Ұшар төбесіне де ақыры солар жетті. Расында да, рухы сынбайтын ұлт! Қорғанға кіре берісте Мао императордың: «Ұлы Қытай қорғанына бармасаң, нағыз қытай емессің» деген сөзі бар тақтаның да ілініп тұрғаны бекер емес шығар, сірә. 

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ