Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде табысты цифрлық трансформация тек жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл өңірдің экономикалық дамуы мен технологиялық дербестігін айқындайтын факторға айналып отыр.
Президент: «Еуразиялық бестікке» кіретін елдер экспортының 90 пайызға жуығы аралық тауарлардан құралған
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі
1,003
оқылды

Қазақстан Президенті Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) мерейтойлық саммитінде өнеркәсіп саласындағы кооперацияны тереңдетуді келесі басым міндет ретінде атап өтті, – деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «Еуразиялық бестікке» кіретін елдер экспортының 90 пайызға жуығы аралық тауарлардан құралған. 

– Жаһандық технологиялық прогресс жағдайында өндірілетін өнімнің «күрделілігіне» мән беру – өте өзекті мәселе. Сондықтан экономиканың нақты секторындағы технологиялық интеграцияны күшейту қажет. Өздеріңізге мәлім, биылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ бюджетінің қаражаты есебінен өнеркәсіп саласындағы кооперациялық жобаларға қаржылай қолдау көрсетіледі. Жоғары деңгейде өңделген тауар өндірісін жолға қойып жатқан озық технологиялық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. Әрине, қаржыландыру көздеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің ашық механизмін қалыптастыру – маңызды міндет. Қазақстан өз тарапынан Еуразия кеңістігіндегі өнеркәсіп кооперациясын дамытуға бағытталған дәйекті саясатын жүргізе береді. Қазіргі таңда Одаққа мүше елдер 150-ден астам индустриалдық жобаны жүзеге асырып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екеніне тоқталды. Бұл сала экономикалық өсімге тың серпін бере алады. 

– Ресейлік серіктестердің қатысуымен полипропилен, полиэтилен және бутадиен шығаратын жоғары технологиялық зауыттар салып жатырмыз. Бастапқы шикізаттың бағасынан 20 есе асып түсетін, үшінші деңгейде өңделетін өнім шығару жолға қойылады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты деп санайды.

– Еуразия құрлығы әлемдегі өндірістік-ресурстық және экспорттық әлеуеті өте мықты аймақтардың бірі екені баршаға мәлім. Әлемде халық саны өсіп, басқа макроөңірлерде ресурстар шектеулі болған жағдайда 600 миллионға жуық адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Бұл ретте Одақтың жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі тек күшейе түседі. Біздің стратегиялық мақсатымыз – агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдыру. Ол үшін жасанды интеллект, роботты техника, биотехнология және аграрлық ғылым салаларына негізделген серпінді инновациялық технологияларды енгізу жөнінде келісілген шаралар қабылдау өте маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде табысты цифрлық трансформация тек жекелеген елдердің ғана емес, бүкіл өңірдің экономикалық дамуы мен технологиялық дербестігін айқындайтын факторға айналып отыр. 

– Бізге жаһандық деңгейдегі «цифрлық бәйгеде» лайықты орын алып, алдыңғы қатарда болу маңызды. Цифрландыру саласындағы ынтымақтастық интеграциялық бірлестікті орнықты дамытудың қозғаушы күші болуға тиіс. Сондықтан Қазақстан жаппай цифрландыру жағдайында Одақтың «төрт еркіндік» қағидатын дамыту жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның бастамасын қолдайды. Осы ретте біз жасанды интеллектіге баса мән бере отырып, аймақта барынша жылдам дамып келе жатқан цифрлық экономикалардың бірін құрамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында ЕАЭО құрылғаннан бері 10 жыл ішінде Одаққа мүше мемлекеттер барлық бағыт бойынша таңқаларлық нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ ұйымның әлеуеті зор екенін ескере отырып, әлі де көп жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстан тең құқықтық және өзара тиімді серіктестік қағидаттарына негізделген экономикалық интеграцияны қолдайды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндікті пайдалана отырып, жиынға қатысушыларды келе жатқан Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар құжат қабылданды.