Пластик, әйнек және полиэтилен пакеттердің шіруі 1000 жылға дейін созылады.
Депутат тазалық мәдениетін қалыптастыратын шараларды қолға алуды ұсынды
213
оқылды

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев табиғатты аялап, таза ұстау жөніндегі құндылықтарды жиі насихаттау қажет екенін айтып, Премьер-Министр Олжас Бектеновке сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

– Дана халқымыз «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің мәні терең. Өйткені адам баласының бүкіл тұрмыс-тіршілігі, барша өмірі табиғатпен біте қайнасып жатыр. Қоршаған ортаның адам саулығы мен жай-күйіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан маңайымызды таза ұстау, қоршаған ортаны күтіп-баптау, табиғатты аялау өте маңызды, – деп атап өтті Д.Мұқаев. 

Осы ретте депутат көліктегі жолаушылардың терезеден қоқыс қалдықтарын лақтыратынын айтып, оның зиянына тоқталды.

– Мен өңірлерді көп аралаймын. Жұртпен жиі кездесемін. Жолда көп жүремін. Кейде таңғаларлығы кейбір пысықайлар көлікте келе жатып терезесінен бос бөтелкелерін, қоқыс қалдықтарын, темекі тұқылын ешбір алаңдамай лақтыра салады. Қоғамда әлі де азаматтарымыздың қалдықтарды арнайы қоқыс тастайтын орындарға салу мәдениеті қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Мысалы, пластик, әйнек және полиэтилен пакеттердің шіруі 1000 жылға дейін созылады. Мұның Жер-Анамызға, адамзат баласына, келер ұрпаққа тигізер залалы орасан, – деді ол.

Депутаттың айтуынша, бізге де дамыған елдердегідей тазалық мәдениетін қалыптастыратын шараларды қолға алу қажет. Оның шешімі – жалпы жұртты қоршаған ортаны тазалауға жаппай жұмылдыру, күнделікті тазалықты өмір салтымызға айналдыру.

– Мысалы, аптаның тағы бір күнін, нақтылап айтсақ, әр бейсенбіні «Таза бейсенбі» атты шынайы халықтық шараға айналдырайық. Адамдарды мәжбүрлеп емес, ал керісінше өз ықыласымен, тұрған жеріне деген жанашырлықпен атсалысуына жағдай жасайық. Біз сол кезде ғана күн-түн демей, күннің ыстық-суығына қарамай, көшені тазалап жүрген ата-апаларымыздың еңбегін бағалауды үйренеміз. Ол үшін әлеуметтік желідегі миллиондаған оқырманы бар танымал тұлғаларды, қоғам белсенділерін, ел тұрғындарын осы ортақ іске бірге атсалысуға шақырамын. Қадірлі ағайын, қашанда ұйымдасқан – ұтатынын, біріккен – жеңетінін білген ұлтпыз, – деді Дәулет Мұқаев.