Таяуда Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрында «Шекпен» атты су жаңа қойылым көрермен назарына жол тартты.
«Шекпен»: рухың сынбасын...
1,022
оқылды

Бір қызығы, аталған қойылымды қуыршақ театрында сахналау үшін Грузияның астанасы Тбилиси қаласынан режиссер Николоз Сабашвили арнайы шақыртылған. Ол әйгілі классик жазушы Николай Гогольдің «Шинель» повесін театр төрінде жаңаша форматта көпшілік қауымға ұсынды. 

Өзгеше режиссерлік шешімі­мен, терең философиялық астары­мен, көрерменге айрықша әсер сый­лайтын қуыршақ образымен ерек­­шеленетін қойылымның ре­жис­сері әрі суретшісі – Николоз Сабашвили, ал балетмейстері – Ринат Билибаев. Шығарманың бас­ты кейіпкері Акакий Башмач­кин­нің рөлін театрдың талантты артисі Шохан Құлназаров сомдады. 

Бұл режиссер, актер, педагог, Грузия қуыршақ театрлар бірлес­тігінің басшысы Николоз Саба­шви­лидің Қазақстандағы алғашқы сапары емес. Тәжірибелі режиссер осы жолы елімізге келудегі басты міндеті шығармашылық пікірлер мен жаңа идеяларға қызығушылық нәтижесінде туған достықтан бас­тау алғанын айтады. 

– Бұл менің Қазақстандағы ке­­зекті үшінші сапарым. 2023 жылы «Ортеке» қуыршақ театр­лар фести­валінде Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры­мен танысқаным есімде. Сол кез­дері бірлескен жоба дайындау ту­ра­сында біршама пікірлер ортаға са­лы­нып, нәтижесінде Грузия қуыр­­шақ театрлар бірлестігі мен Ал­маты Мемлекеттік қуыршақ театры арасында ынтымақтастық ме­морандумына қол қойылды. Міне, енді араға бір жыл салып, әсем қала Алматыға қайта жолым түсті. Қонақжай әрі дархан пейілді қуыршақ театрының ұжымы мені өте жылы қабылдады. Өзіңді еркін әрі жайлы сезінген ортада шығар­ма­шылық байланыс оңай әрі қы­зықты өрбиді деп есептеймін, – дейді ол.

Қойылым режиссері сахналан­ған қойылымның идеясы қазіргі қоғамдағы ахуалмен астасып жат­қанын негізге алды. Шығармадағы кейіпкерлердің өмірі, бір-бірімен қарым-қатынасы шынайы өмірдегі көріністерге ұқсас келеді. Қойы­лым сонысымен көптің көкейіне ой салып, адами құндылықтар мәселесін көтереді.

– Бұл шығарма қазіргі уақыт­тағы жалғыздық тақырыбын жет­кізуді көздейді. Мұндай адамдарды шынайы өмірде жиі кездестіруге болады. Олар алдынан шыққан кедергілерге қарамастан қоғамда өз орнын табуға тырысады. Нико­лай Гоголь өз шығармасында адам бойындағы комплекстерді және олар­дың себептерін қозғайды, сон­дай-ақ ішкі сезімдер мен мо­тив­терге баса назар аударады. Қойы­лым әр­түрлі жастағы көрер­менді қызық­ты­ра алады. Өкінішке қарай, ХХІ ға­сырда қарым-қа­тынас тап­шылығы секілді құбы­лыс байқа­лады, сон­дық­тан «Шек­пен» шығар­масы қо­ғам үшін өзек­ті. Осы тұста қуыршақ театрында тамаша әртіс­тер жұмыс істейтінін атап өткім ке­леді. Мен оларға жаңа театр тә­жіри­бесі мен театр эстети­касын ұсын­дым. Мен­талите­ті­міздің, тем­пераментіміздің және кейіп­кер­ле­ріміздің әртүрлілігі көрермен қы­зығушылығын туды­ратын ерек­ше қойылымның шы­ғуына әсер ете­тініне сенімдімін, – дейді қойы­лым режиссері Н.Сабашвили.

Басты кейіпкердің рөлін сом­даушы актер Шохан Құлназаров терең мазмұнды қамтитын тың туын­­­дының көрерменді беріл­меу­ге шақырып, жақсылыққа жете­лейтін тұстарының барын атап өтті. Нақтырақ айтсақ, қойылым кішкентай көрерменін ізгі қасиет­терге баулып, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстауға тәрбиелейді. Бұл, әсіресе балалар арасында бул­линг фактілері жиі кездесетін қа­зіргі қоғам үшін аса қажет шы­ғар­ма. Осы ретте көкейімізде клас­сик жазушының осы бір шы­ғар­масына негізделген қойылымды балалар аудиториясы қалай қабылдайды деген сауал туындайды.

– Қазіргі уақытта балабақшада, мектепте балалар арасында әртүрлі оқиғалар болып жатады. Егер қойы­­­­лымды тамашалап отырған кө­рермен менің образыма аяу­шы­лықпен қараса, келесіде мұн­дай теріс іс-әрекеттердің дұрыс емес екеніне көзі жетіп, қайтала­мауға тырысуы мүмкін. Сондықтан қойы­­лым 12 жастан жоғары көрер­менге арналады деген тұжырымға келдік. Бұл жасқа дейінгі балалар қойылым мазмұнын толыққанды түсін­бесе де, қазіргі заманның 12 жас­­­тағы жас жеткіншектері, әсі­ресе ауыс­палы кезеңде жүрген жас­өс­пірімдер көп нәрсені білуге құл­шы­ныс танытады. Қойылым арқы­лы ойы жетіліп келе жатқан бала­лар бул­линг жасауды үйрен­бесе, теріс әре­кеттерге жол бермесе екен дей­міз. Олар «буллингке ұшы­раған бала мерт болуы мүмкін, сондықтан мұндай әрекеттерді ешқашан қай­та­ламау керек» деген ой түйеді деп үміттенеміз, – дейді Ш.Құлназаров.

Актер қойылым барысындағы іс-қимылдардың қандай мақсатта орындалуын, әрбір қадамның не себептен жасалуын меңгеруде ре­жиссердің талабы мен ізденісі ора­сан екенін атап өтті. Шохан Құл­назаров Грузиядан режиссер келетінін және оның «Шекпен» қойы­лымын сахналайтынын есті­ген сәттен бастап Гогольдің «Ши­нель» шығармасын оқуға кіріскен. Бастапқыда қойылым орыс тілінде сахналанады деп жос­парланға­ны­мен, кейіннен қазақ тілінде ұсы­ны­латыны белгілі бол­ған. Бұл өз­геріс қойылым режис­сері­нің ше­шімі нәтижесінде бекітілген.

– Иә, бізге алғашқыда қойы­лым орыс тілінде сахналанатынын айтты. Бірақ режиссеріміз «шығар­маның өз тілдеріңізде ұсынылғаны мен үшін де қуанышты болар еді» деген ниетін білдірді. Сол себепті қойы­лым қазақ тіліне ауысты­рыл­ды. Адамдықтың ең биік тұғыры – қай кезде болмасын адам болып қалуы. Бүгінде әлем елдері болма­шы себептермен бір-біріне соғыс ашып отырғанын көріп отырмыз. Ал біз бұл қойылымда болмашы дүниеге өкпелемейтін, «ашуы – шай орамал кепкенше» адамның көп қиындыққа төтеп беруін көр­сетеміз. Басты кейіпкер айналаға ішкі агрессиясын көрсетіп, оларға қарсы әрекет жасамай-ақ өз деге­ніне жеткісі келді. Қаншама қиын­дыққа қарамастан, бас кейіпкердің алға қойған мақсатына ұмтылысын қоғамдағы азаматтар үйренсе екен деймін. Рухың сыну бір бөлек, физикалық тұрғыда сыну тіптен бөлек. Егер физикалық тұрғыда сынсаң, сені айналаң орныңнан тұрғызып алады. Ал рухың сынса, сені таптап өтіп кетеді. Сондықтан біз рухты сындырмаудың амалын ойласақ екен, – дейді театр артисі.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ