Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты этно-мәдени ұйымының мүшелері екі аптадан бері Алмалы селолық округінде жаға бекіту жұмыстарына қатысып жатыр.
Бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол
233
оқылды

Атырау қаласы бойынша «қауіпті» учаскелер қатарына енгізілген Алмалы селолық округінің орталығында еңбек етіп жүрген Ассамблея мүшелері қиындықтан жеңіспен шығатынымызға сенімді. 

Бөгет соғу, құмға қап толтырып, оны тасы­малдау жұмыстарын екі ауысымда атқарып жатқан Ассамблея мүшелерінің бірі – «Тхониль Атырау» корей этно-мәдени ұйымының төрайымы Людмила Ли. 

«Тасқын басталғалы бері қала тұрғындары бір адамдай жаға бекіту жұмыстарына шықты. Біз әу бастан Ассамблеяға қауіпті учаскені беруін сұрадық. Қазір Атырау облысы бойынша он сегіз этно-мәдени ұйым бар болсақ, барлы­ғымыз үлкен, жасымыз бірлесіп, қаламызды қорғауға қатысып жатырмыз. Жастарымыз күндіз жаға бекіту жұмыстарына қатысса, кешке қалаға барып, гуманитарлық көмекті қабылдау­ға көмектесіп жүр», – дейді «Тхониль Атырау» корей этно-мәдени ұйымының төрайымы Людмила Ли.  

«Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени ұйымының Атырау облысы бойынша өкілдігінің төрағасы Нурид Тикаев атыраулықтарды қиындыққа бірлесіп қарсы шығуға шақырды.

Еске сала кетелік, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты 18 этно-мәдени ұйым бар. Қазір аталған ұйымдардың екі жүзден астам мүшесі Атырау қаласында Жайық жа­ғалауын бекіту жұмыстарына және гумани­тарлық көмек көрсету орталығында ерікті болып еңбек етуде.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА