Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің әлеуметтік-саяси пәндер және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақстан халқының бірлігі күні: мереке тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Мереке тарихы – тақырып өзегі
240
оқылды

Жиынға ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, әлеуметтік-саяси пәндер және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушылары және студенттер қатысты.

Отырысты Қазтұтынуодағы Қарағанды уни­верситетінің әлеуметтік-саяси пәндер және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Минжанов ашты. 

Жиында ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Думан Малаев бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызына тоқталды.

 Осы мақсатта «Қоғамдық келісім» КММ атқа­рып отырған жұмыстарына, ірі жобаларына тоқталып  өтті.

Сонымен қатар отырысқа қаны бөлек болғаны­мен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болға­нымен, халқымызбен арманы ортақ этномәдени бірлестіктер өкілдері, оның ішінде Қарағанды облысының «Құрметті азаматы»  Валерий Громов,  Қарағанды облысы корейлерінің Этномәдени бір­лестігінің төрағасы Ася Хегай, Қарағанды облыс­тық «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский қатысып, өз ойларын ортаға салды. 

Университет пен Достық үйінің бірлесе өткізген еліміздегі бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы тағы да бір іс-шарасы тыңдаушылардың, студенттердің көңілінен шығып, үлкен ой салды. 

Осылайша, Қазтұтынуодағы Қарағанды уни­верситеті жанындағы Қазақстан халқы Ассам­блеясы кафедрасы университет студенттерін ұл­таралық  татулық пен бірлікті көздің қарашығындай сақтап, біртұтас ел ретінде бәсекеге қабілетті ұлт болуға шақырды.

Ә.БЕЛГІБАЙҰЛЫ