Атырауда күтіліп отырған үлкен су тасқыны мамыр айының басында келуі мүмкін.
Атырау тасқынға дайын ба?
256
оқылды

Мұндай болжамды жергілікті ғалымдар Жайық өзенінің ғарыштан түсірілген суреттері, су­дың ағу жылдамдығы мен судың жо­лай арналарға тарауын негізге алып жасап отыр.

ҮЛКЕН СУ НЕГЕ «КЕШІКТІ»?

«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бо­­йынша филиалының инженер-гидро­логы Людмила Приданованың айтуын­ша, Атырауға үлкен судың «кешігуінің» табиғи себебі бар.

«22 сәуір, 08:00 сағаттағы жағдай бо­йынша, Жайық өзенінің  Атырау қала­сын­дағы гидропостындағы су деңгейі 412 сантиметрді көрсетті. Тәулігіне су  +3 сан­­ти­метр көтеріліп отыр. Су тасқыны бас­талғаннан бері жалпы көтерілуі 221 сантиметр құрайды. Қазір Қиғаш өзе­нінің де су деңгейі көтерілуде. Осындай ахуал Жайықтың Махамбет, Индер ауда­нындағы гидропосттарында да бай­қалу­да. Иректі су қоймасының негізгі суы Қазақстанның Ресеймен шекара­сында төгілді. Соның арқасында күті­летін су­дың жылдамдығы төмендеді. Сондықтан Атырауға үлкен су кеш келеді деп болжап отырмыз», – деді ол.

Ғалымдардың пайымдауынша, қазір Атырау қаласымен бірге, Индер, Исатай және Махамбет аудандарына су келу қаупі төніп тұр. Сол себепті каналдарды қазу, Каспий теңізінің табанын тереңдету және өзен жағалай бөгет соғу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

СОКОЛОК КАНАЛЫ ТЕРЕҢДЕТІЛІП, ҚОСЫМША АРНА ҚАЗЫЛДЫ

Қазірдің өзінде Атырау қаласында Со­колок каналында жағалау бекіту жұ­мыстары толығымен аяқталды. Соколок каналы үлкен стратегиялық маңызға ие. Үлкен суды «күтіп алатын» «қақпа» десек те болады. 

Жайық өзенінің Атырау қаласына қарай ағатын мол суын азайтуға арналған басты каналдың бірі – Соколок. Оның су өткізу қабілеті секундына 100 текше метрді құрайды. Ұзындығы 32 шақырым болатын каналдың ерекшелігі – ол қала­ны айналып, Жайық өзені мен Каспий теңізін жалғастырып жатыр. – Соколок бойынша бастапқы жоспар қолданыстағы каналды дамбалармен бекіту еді. Алайда жағдайды зерделей келгенде, ескі арна­мен қатарластырып жаңа канал қазу туралы шешім қабылданды. Себебі ескі каналдың көп жері батпақ, техниканың жұмысын шектейтін болды, – деді учаскенің координаторы Олжас Сұлта­нов.

Жаңа каналдың барлық стандартқа сәйкес нығыздалған өз дамбасы бар, биік­­тігі Балтық межесі бойынша 21 метр. Еңіс жерлердің барлығы геодезиялық белгілермен реттелген.

АЙМАҚТА МОБИЛИЗАЦИЯ ЖАРИЯЛАНДЫ

Атырауда мобилизация жарияланып, әскери міндетте жүрген азаматтар жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылып жатыр. Қазір Атырау қаласындағы Жа­йық жағалауын бекіту жұмыстарына аумақтық қорғаныс бригадасының 78 әскери міндетті азаматы қатысуда.

– 20 сәуірден бастап 78 әскери мін­детті азамат  жаға бекіту жұмыстарына жұмылдырылды. Қазір бізге Жайық өзенінің оң жағалауы бөлініп берілді. Біз бұл аумақта еріктілер көтерген бөгеттерді нығайтып жатырмыз, – деді аумақтық қорғаныс батальоны командирі  Руслан Спанов.

Айта кетейік, әскери міндеттілер қала және облыстың 7 ауданынан шақы­рылған. Олар Атырау қаласында атқа­рылып жатқан жағаны нығайту жұмыс­тарына 29 сәуірге дейін қатысады.

22 сәуірдегі жағдай бойынша, бір ғана Атырау қаласында 221,1 шақырым бөгет тұр­ғызылды. Жаға бекіту жұмыстарына 993 арнайы техника,  1 496 ұйым қызметкер­лері,  2 864 ерікті, 1 751 әскери қызметші қатысып жатыр. 

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫМЕН ШЕКАРАЛАС БАҒЫРЛАЙ КАНАЛЫНА СУ КЕЛДІ

Индер ауданында төрт суару-сулан­дыру каналы бар. Ақсай, Бағырлай, Ал­ғабас–Жорық, Құрайлысай канал­дарының жалпы ұзындығы 302 шақы­рымды құрайды. Соның ішінде ең ұзыны  105 шақырымды құрайтын Бағырлай каналы. «Бағырлай каналы да стратегия­лық маңызға ие. Себебі бұл канал Атырау облысы мен БҚО-ның шекарасы болып есептеледі. 1994 жылы су тасқыны кезін­де Бағырлай каналына үлкен су келген еді. Биыл да Батыс Қазақстан облысы территориясында судың көп болуына байланысты, шекараға үлкен су келіп тұр», – дейді «Казсушар» РМК Индер өндірістік учаскесінің басшысы Сайлау Байбосынов.

Қазір Индер ауданында Бағырлай, Ақсай каналында жаңғырту жүріп жа­тыр.

Исатай ауданында 8 сәуірден бастап жал­пы ұзындығы 75,28 шақырымды құ­рай­тын бөгеттер соғылды. Бұл туралы Иса­тай аудандық жедел штабы мәлімдеді. «Ауданның төрт ауылдық округіне бюд­жет есебінен және еріктілердің көмегімен шамамен 296 100 қап жиналды. Жаға жұмыстарына 49 бірлік техника қатысты, мемлекеттік қызметшілер мен мекеме қызметкерлерінен – 300, еріктілерден – 453, барлығы – 753 адам жұмылдырыл­ды», – делінген жедел штабтың ресми ха­бар­ламасында.

МАЛДЫ ДА ЭВАКУАЦИЯЛАДЫ

Индер ауданында үй жануарларын қауіпсіз аумаққа көшіру жалғасуда. Қазір арнайы бөлінген орындарға 5 000-нан астам ұсақ мал және 1 700 ірі қара мал көшірілді. Үй жануарларын көшіру жұ­мыс­тары Индер аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімі және ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары қатысады. 

Сондай-ақ қауіпті орындар белгіле­ніп, ықтимал су тасқынының арнайы картасы әзірленді. – Қауіпсіз аймақ­тардың координаттары белгіленді. Бү­гінгі күні Құрылыс және Жарсуат ауы­лынан қауіпсіз жерге қойларды шығарып жатырмыз. Сонымен қатар Жарсуат ауылында малды көшіру орын­дары да анықталады, – деді Индер аудан­дық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас ма­маны Абай Әбдіров. 

БІР ҚОЛЫ ЖОҚ ӘЛИЯНЫҢ ЕРЛІГІ 

57 жастағы Әлия Досмұханованың ерлігі көпті тәнті етіп отыр. 3-топтағы мүгедек әйел қиын жағдайына қарамас­тан, тасқынмен күреске бар ерік-жі­гері­мен жұмылып жүр.

Жолдасы және үлкен ұлымен бірге ерікті түрде волонтерларға тамақ дайын­дауды ұйымдастырып жүрген Әлия бірлік бар жерде жақсылық болатынына сенімді. – Күн сайын тамақ дайындап, шатырдың ішін жинаймын. Күйеуім мен ұлым қаптарды құммен толтырады. Күн-түн демей жұмыс істеп жүрмін. Мен бұл әрекетімді ерлік деп ойламаймын, ел басына күн туған кезде қолдан келген ісімді жасап қана жүрмін», – дейді Әлия Досмұханова.

Айта кетейік, Атыраудағы жағалау бекіту жұмыстарына түрлі ұйымның 3 875 қызметкері, 3 741 волонтер, 1 751 әс­кери қызметші тартылып отыр.           

ПШОННЫҢ САБАҒЫ

Пшон есімді ит әлеуметтік желілердің нағыз жұлдызына айналды. Пшон Ма­хам­бет ауданының Сарытоғай ауылында тұрады. Итте болса Пшон құм салынған қапшықтарды тасып, иесіне көмек қылып жүр. 

Қожайыны Зәмзагүл Жаңабаеваның айтуынша, Пшон үш жаста. Осы үш жыл ішінде Зәмзәгүл Пшонға әбден бауыр басып кеткен. Әрі біраз нәрсені үйреткен. – Қапшықтарды тасу маған қиындау. Сосын итімді көмекке шақырдым. Бір демде арқасына екі қапты саламын, Пшон оны  жағаға сүйреп апарды, – дейді Зәмзәгүл . 

Еңбек ардагері Атайман Тасымұлы­ның айтуынша, тасқын су Атырау хал­қын біріктірді. «Халық демде бір жеңнен қол шығарып, қиындыққа төтеп бере алды. Үш күн, үш түн қасқайып қарсы тұ­рып, ауылдарын аман алып қалған қызыл­қоғалықтардың бірлігі, Құлсары­ны су басып жатқан уақытта  тұтас бір ық­шамауданды тасқынға бермеген бере­келіктердің ерлігі, тасқынға қарсы тұрып, күні-түні бөгет соғып жатқан атыраулық азаматтардың үлкен ісі сүйсінтеді. Бұл жағдай қарға тамырлы қазақ халқының қандай қиындық болса да, біріге алатын үлкен күш екенін көр­сетті», –  дейді ақсақал.

 

ТҮЙІН.

Қазір халықтың береке-бірлігі сынал­ған шақ болып тұр. Қарғын судың әлегі мол  болса да, қалың елдің табандылығы мен ауызбіршілігі әлдеқайда  мығым екеніне  көз жетті. Мемлекеттің құтқару және тасқынның зардабын азайту шараларын  ұйымдастыруда біршама жүйелі әрекет еткені де байқалады.  Еріктілер, сарбаздар, қызметшілер, тіпті  қариялар да  қарғын судың зардабын жою үшін тер төгіп жатыр. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау облысы