Соңғы жылдары елімізде инемен емдеу, қыздырып емдеу, қан алу не болмаса нүктелі массаж секілді емдеудің тәсілі де түрленіп жатыр.
Нұршаш Нұрмахан: Хиджама, инемен емдеу бизнес көзіне айналып кетті
Анар Қоныс
1,051
оқылды

Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені де шындық. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс ем екенін біле бермейміз. Инемен қандай сырқатты жазатыны, қай ауруды үдетіп жіберетіні, оның адам баласына қаншалықты пайдасы бар-жоғын Шығыс медицинасының жоғары санаттағы дәрігері Нұршаш Нұрмахан айтып берді.

Инемен емдеудің шығу тарихы Қытай, Корея, Жапония елдеріндегі дәстүрлі медицинаның дамуымен тікелей байланысты екені белгілі. Сол жақтан білім алып, білікті мамандар өте көп. Десек те, арасында бұл жайында толыққанды білім алмаса да ем-дом жасап жүргендерде жеткілікті. Міне, соларға халық көзсіз сенеді. Кейбірі олардың айтқанын Құдайдай көреді. Басым бөлігі емделушінің медициналық сараптамасын қарамастан, тексерместен оның сырқатын қан тамырынан ұстап біледі. Сөйтіп, көктамырдың соғысына қарай емін жүргізеді. Алайда дәрігер Нұршаш Нұрмахан сырқатты тамыр ұстап анықтаса да, емделушінің тапсырған анализіне сүйену керегін ескертті.

– Әрбір науқастың жалпы жағдайын тамырдан ұстап, бет-әлпетіне, тіліне, алақанына қарап білеміз. Осыдан кейін анализ тапсыруға, флюорография түсуге жібереміз. Емделушінің денсаулығына байланысты барлық сараптамасы болса, соған сүйеніп ем тағайындаймыз. Мысалы, қан айналымын жақсартуға емдік шөп пе, банка қою ма немесе аяққа массаж керек пе деген жасалатын ем-домды шешеміз. Тіпті, ауруы шыдатпай,  ақылы түрде келетін пациенттерге сырқатын басатын «уақыттық ине» салып, МРТ-ға жіберген соң жүйелі ем бастаймыз,  – дейді Шығыс медицинасының жоғары санаттағы дәрігері Нұршаш Нұрмахан.

Ең қызығы, олардың емханасында МӘМС арқылы ем алуға болады. «МӘМС-пен емделуді былтырдан бастап қайта қолға алдық. МӘМС-пен келген әрбір ем қабылдаушы әуелі орталықтағы ревматологтің қабылдауынан, сараптауынан өтеді. Онда да біз тек оңалту орталығы ретінде көмектесіп, физиотерапия, массаж, ине терапиясын жүргіземіз», – деді ол.  

Ешқандай анализін қарамастан, ине сала беруге болмайды. Белі ауырып келді деп ине салып, сырқатын ушықтырып жіберуіміз мүмкін. Емделушінің омыртқасында туберкулез немесе өспе болып, оқыстан жарасын жайып, жарып жіберсек ше?! Адам өмірі ойыншық емес. Біз ең әуелі оның денсаулығына, қауіпсіздігіне жауап береміз. Егер дәрігер бұл істе жауапкершілік танытпаса, білімі мен біліктілігінің төмендігін көрсетеді, – деген Нұршаш Нұрмахан емді толық он күн алу керегін айтты. 

Ағзаны демалтпай, он күндік процедураны қайта-қайта алу – денсаулыққа зиянды

 Дәрігердің айтуынша, дені сау адам иммунитетін көтеру үшін инемен ем алуы әбден мүмкін. Емді тек үзбей 10 күндей алуы тиіс.

«Нүктелерге салынған иненің әсері негізі 4-5 күннен кейін байқалады. Қан тамырлары жақсарып, жүйке жүйесі қалыпқа келіп, иммунитетті көтереді. Он күндік процедурадан кейін ағза дем алуы керек. Қазір көбі «он күннен кейін қайта кел» деп ине салуды бизнес көзіне айналдырып алған. Бірақ ондай емнен адам шаршап-шалдығады, ағзаға да кері әсер етіп жатады. Сондықтан ине алғаннан кейін демалып, 2 айдан кейін жалғастырғаны жөн. Мысалы, бетке ине салған кезде емделушіге бір айдан соң келуін сұраймыз. Сол аралықта ем алушының беті қалпына келіп, келесі курсты бастауға дайын болады», – дейді Нұршаш Нұрмахан.

Жалпы, инемен  400-ге жуық ауруды емдейді. Атап айтсақ, жүйке жүйесінің ауруларына, ұйқысыздық, неврит, мойын омыртқаларының ауруы, ондағы жүйкелердің қысылып қалуы, буын аурулары, артрит, асқазан аурулары, бронхы, аллергиялық жөтел, артрозға көмектеседі.

Иммунитетті көтеру арқылы кейбір тері ауруларын алдын алу мүмкін. Мәселен, асқазан сырқатының бұл түрі бізде жиі кездеседі. Бір пациентіміздің бірнеше күн бойы іші өтіп тоқтамаған. Антибиотик те алған, бірақ сырқаты басылмаған. Кіндіктің маңында екі нүкте бар, іш өткенде сол жерге ине саламыз. Содан 5 күн бойы ем қабылдап, айығып шықты. Қазір пациенттердің көбісін остеохандроз, ұйқысыздық мазалайды. Дәрігерлер ұйқысыздықты тек дәрі арқылы емдесе, біз инемен жеңіл емдей аламыз, – деді Шығыс медицинасының жоғары санаттағы дәрігері Нұршаш Нұрмахан.

Тіпті, ол иненің қандай сырқатты жазуға күші жетпейтінін айтты. 

– Мәселен, қан аурулары, аққан секілді аурулар емделмейді. Онкологиялық ауруларға ине салуға болмайды. Ондайға салса да жеңіл таралмаған түрі не болмаса отадан кейінгі бұлшық ет пен сіңірдің жабысуы, нервтің қысылуына көмектесіп, ауырсынуын басады. Бірақ бұл дерттен толыққанда айықтырып, жазбайды. Бірде 40 жастағы пациент асқазан рагімен түсті. Асқазанның 3/1 бөлігін кесіп тастаған. Соған қарамастан  3-ші, 4-ші, 5-ші, 6-шы  омыртқаның аралығы ауырсына бастаған. Инеден кейін жақсарып қалды. Оның үстіне, дәрігер берген емін ішіп, күтінді, – дейді дәрігер.

 Баланы инемен емдеуге бола ма?

 Нұршаш Нұрмахан аутизмге шалдыққандарға инені қосымша ем ретінде алғанын жөн көреді. «Бізге емделуге аутист балалар да келеді. Ем барысында оларды бақылап, психикасына әрі қимыл-қозғалысына оң әсер еткенін байқадық. Аутист балалар ашушаң, іштегі агрессиясы басым, кейде тамақ ішпей қояды, әлде орнында тыным таппай кетеді. Осыны ақырындап қойдыра бастадық. Енді бірі дәретханаға өзі баруды үйренсе,  бірі орнында отырып, жазатын болды. Бұл – осы балалармен жұмыс істейтін педагог, психологтердің пікірі. Мұндай көрсеткішке қол жеткізу үшін үзбей, ұзақ емделу керек. Көпшілігі бір-екі рет келген соң, бас сұқпай кетеді» деген ол ем алушылардың төзімділігі жетпей жататынын жеткізді.

Негізі дәрігер балаға ине салғаннан гөрі, нүктелі массаждың пайдасы зор екенін айтады.

– «Баланың иммунитетін көтергім келді» деп оны инемен ем-дом жасауға болмайды. Кез келген нәрестені диагнозға қарай емдеу керек. Онда да инені 1 жастан асқан сәбиге ерекше жағдайда ғана салу мүмкін. Әрине, аутизм мен ДСП-ны инемен емдейді. Кейде бала түнімен ұйықтамай, тыным таппай, мазасызданып кеткенде ине салады. Бірақ ондай кезде оларға ине емес, арнайы ұйықтататын нүктелерін басатындай нүктелі массаж жасағаны абзал. Жалпы, балаларға арналған нүктелі массаж елімізде әлі дами қойған жоқ. Осыны жолға қойса, көп ауруға ем болатыны хақ, – деді дәрігер Нұршаш Нұрмахан.

Дәрігерлік жолын педиатрдан бастаған Нұршаш Нұрмахан он жылдан астам уақытын балалар еміне арнаған екен. Өзінің біліктілігін арттыру мақсатында ине терапиясы мен балаларға арналған нүктелі массажды меңгерген. Қазір ізінен еріп келе жатқан мамандарға, яғни дәрігерлерге шығыстың емін үйретуді қолға алған.

 «Табыс көзі ретінде көретіндер – бұл жолды таңдамағаны дұрыс. Білімсіздіктен абайсызда біреу зардабын тартуы мүмкін. Сол себепті білетінімді адамның денсаулығына жауапты екенін сезінетін, дәрігерлік білімі, тәжірибесі бар жанға үйретуден қашпаймын» деген ол бүгінде Шымкент, Петрапавл, Павлодар қалалары, Атырау мен Шығыс Қазақстан облыстары секілді еліміздің түкпір-түкпірінде терапевт, невролог шәкірт тәрбиелеп жатыр.

 Шөппен емдеу – қазаққа таңсық емес

Оның айтуынша,  елімізде көп дәрігерлер шығыс медицинасын мойындамайды. Ине алуды, хиджама жасауды құптамайды.

«Шығыс медицинасымен емдейтін емхананың көпшілігі дәстүрлі дәрігерлердің айтқанына құлақ аса бермейтіні белгілі. Дәрігерлер тарапынан да сыңаржақ көзқарас бар. Екі жақ бірлесе істесе, көп нәрсені еңсерер едік», – деген дәрігер шөппен емдеу қазақ халқында бұрыннан барын айтты.

– Шөппен емдеу тек Шығыс медицинасында ғана емес, қазақта да бұрыннан бар. Ондай емге қарсылық танытудың қажеті де жоқ.  Керісінше, білікті дәрігерлеріміз  емнің артық-кем тұсын ескерте отырып, түзесе шөппен емдеуді жоғары дәрежеге әкелер едік. Мысалы, Қытайдағы Қытай университетінде «Қазақ медицинасы» деген факультет бар. Онда қазақ емінің тарихын ғана емес, шөптерді зерттеу, шөп-шалаңмен емдеуді үйретеді. Қазақтар ерте заманда да емін шөптен тапқан. Мәселен, жалбызбен баланың ыстығын түсірген. Сол секілді әртүрлі ем бар.  Бұл біз үшін таңсық емес. Осының бәрі «Шипагерлік баян» атты кітапта жазылған. Тіпті, мидың әрбір түйіні қазақша атаумен белгіленген. Осыны Қазақстанда пайдалану керек. Қазақы емнің ешқандай жабайылығы жоқ. Бұл жағынан Қытай медицинаның басында тұр. Олар өздерінің халық емін жоғары бағалайды, сала-салаға бөлінген, – деді дәрігер Нұршаш Нұрмахан.

Сонымен бірге  «бүгінде дәрігерге барып қаралғаннан гөрі хиджама жасатуды оң көреді. Осы қаншалықты дұрыс?» деген сұрағымызға  халықтың басым бөлігі, әсіресе діни көзқарастағы жандар қан тазарту – пайғамбардың сүннеті дегенді алға тартып, хиджаманы көп жасатады.

Қан алудың белгілі нүктелері бар, содан алады. Шынында да, оның денсаулыққа пайдасы бар. Бірақ бүгінде көпшілігі келсін, келмесін қан ала береді. Нүктесінен шатасса немесе тереңінен тіліп жіберсе, артынан зардабын тартады. Бастан дұрыс алмай қалса көз көрмей қалады. Сондықтан хиджамаға тыйым салу керек. Емнің бұл түрі бізде де бар, бірақ қатты қажеттілік туындамаса, пайдаланбауға тырысамыз. Мысалы, қан қысымы қысса, белінен қатты зақым алса, қан алуға болады. Өйткені хиджамадан кейін адам әлсірейді. Одан қалса емделуші анализ тапсырып, денсаулығын тексермейді. Оның үстіне, алған қанды сумен ағызып жібереді. Ол жерге сіңеді не болмаса канализация арқылы өзен-көлге төгіледі. Сонымен қаншама бактерия, қан алдартқан жанның сырқаты суға жайылып, таралады. Су арқылы өзге біреуге сырқаты да жұғуы мүмкін. Осыны тазалап, реттеп отыратын жүйе енгізіп, реттеу керек.

Емхананың жақсы екенін қайдан білуге болады?

 25 жылдан астам дәрігерлік тәжірибесі бар білікті маман терапевт те болған. Өзі Қытайды білім алып, Қытай медицинасын жақсы білсе де әуелден инемен ем-дом жасамаған. Кейінгі жылдары адам ағзасына иненің пайдасын көріп, көзі жеткен соң айналыса бастаған.

«Жалпы дәрігер ретінде 25 жылдық тәжірибем бар. Жұмыс өтілімімнің көп уақытын балаларға арнаппын. Соның арқасында балаларға нүктелі массаж жасауды үйреніп, өз әдісімен емдей бастадым. Оған қоса, инсульт алған адамдардың аяғына тұрып кеткенін көріп, иненің өзіндік пайдасы барына көзім жетті», – деді Нұршаш Нұрмахан.

Дәрігер соңғы уақытта еліміздің бас қалаларында  шөппен, инемен емдейтін орталықтар саны артқанын мойындай келе, білікті маманды қалай анықтауға болатынын қозғады.

– Жақсы маман екенін заңды құжаттары, яғни лицензиясы арқылы анықталады. Ең бастысы – құжат. Соған қарап қай жылы, қай жерден оқығаны туралы мәліметі жазылады.  Екіншіден, «халық айтса қалт айтпайды» дегендей білікті маманды халық өзі саралайды. Десе те, қазір халықты көзбояушылықпен алдайтындар да жоқ емес. Оның үстіне, әлеуметтік желі дамыған заман. Ем алуға бармас бұрын пікірлерді оқып, жан-жақты қарастырған дұрыс, – дейді ол.

Емделушілердің бірі – Забира Молдабекова. Мамандығы – мұғалім, ұстаздық еткеніне 40 жылдан асқан. Айтуынша, бұл емханаға ұлы әкеліпті.

– Қан қысымым көтеріліп кетеді, буын ауруы тағы бар. Ем алып жатқаныма – жетінші күн. Жеңілдеп, жақсы болып қалдым.  Не нәрсенің алдын алған дұрыс. Өкінішке қарай, асқынбай тұрып не болмаса ауырмай тұрып тексеруден өту – қазақтың бойына бітпеген. Біздікілер «болары болып, бояуы сіңгеннен кейін» жанталасады. Соның алдын алса болмас па еді? Мысалы, ауырмай тұрып, осы емнің барын білгенімде қаралар едім. «Ештен кеш жақсы» ғой, профилактика үшін ем алып жатырмын. Енді ыстық сорпа ішіп, күтіну керек. Денсаулық – сатып алынбайтын байлық. Келген ауру бойыңнан еш уақытта кетпейді. Оның қонағыңдай күтуің керек. Сонда ғана жеңіл өтеді, – дейді ол.

Анар ҚОНЫС