Үкіметте вице-премьер Серік Жұман­ғариннің төрағалығымен өткен кеңесте әлеу­мет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­лары (ӘМАТ) бағасының қарқыны мен өңір­лердегі азық-түлік қорларының сақталу мә­селелері талқыланды. Қазіргі статистика әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік бағасы­ның екі апта қатарынан төмендегенін көрсетті.
Әлеуметтік маңызы бар өнімдер арзандады
3,249
оқылды

Сәуір айының екі аптасындағы бағаның жалпы өсу индексі: -0,2%-ды құрады. Осылайша, пияз (-2,6%), күнбағыс майы (-1,6%), қарақұмық жар­масы мен жұмыртқа (-1%), күріш (-0,5%), рожки (-0,2%) құнының төмендеуі тіркелді. Сиыр етіне орташа баға индексінің өсуі (0,6%) негізінен Ақ­төбе облысындағы өнім құнының қысқа мерзімді қымбаттауына байланысты, онда тасымалдаушылар  етті барлық өткізу орындарына дер кезінде жеткізе алмаған.

«Еліміздің сегіз өңірінде ӘМАТ-тың орташа баға индексі төмендегені байқалып отыр, оның алтауында нөлге тең. Ақтөбе облысында (0,8%-ға), Маңғыстау, БҚО (0,2%-ға), Атырау, Қарағанды және Абай облыстарында (0,1%-ға) бағаның бір­шама көтерілуі тіркелген», – деп атап өтті Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.

Алдын ала есептеулер бойынша, су тасқыны салдарынан өңірлердегі 130 сауда нысанына зиян келген. «Қазіргі сәтте Павлодар облысының бір кәсіпкеріне келтірілген шығын өтелді. Қалғандары бойынша шығынның мөлшерін анықтау жұмыс­тары жүргізілуде. Петропавлға Көкшетау, Астана, Қарағанды және Омбы қалаларынан ауызсу жеткізу жұмыстары ұйымдастырылды. Тәулік бойы ауызсу құю туралы келісімге «Көкшетауминсу» мекемесімен қол жеткізілді. Петропавл қаласының барлық дүкені мен қоймасы сумен қам­тылды», – деп мәлімдеді А.Бижанова.

Вице-премьер Жұманғариннің тапсырмасы бойынша Сауда комитеті БҚО мен СҚО-дағы көкөніс қоймаларын су басу және ӘМАТ қорларын жоғалту қаупі тұрғысынан мониторинг жүргізді. БҚО-да «Ел ырысы» базарының аумағында тұрақтандыру қорының 293 тонна күріш, 100 тонна қант, 46 тонна күнбағыс майы сақталғаны анықталды. Қойма су басудан қорғалған.

Солтүстік Қазақстанда көкөністердің негізгі қоры сатылды, қалған көлемі су басу қаупі жоқ қоймаларда сақталады.

«БҚО-дағы азық-түлік қорлары бар қойманы су басу қаупі аз болса да, қауіпсіз орын тауып, азық-түлікті әкету керек. Аздаған қауіп байқалған бар­лық өңірде азық-түлік өнімдері қауіпсіз жерге жеткізілуі тиіс», – деп тапсырды вице-премьер.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлі­метінше, өңірлерде тұрақтандыру қорларынан 77,5 мың тонна (42,8 мың тонна картоп, 11 мың тонна сәбіз, 13,3 мың тонна пияз, 10,3 мың тонна қырық­қабат) сатылған. Тағы 84,8 мың тонна көкөніс қалды. Зардап шеккен өңірлерде тамақ өнімдерін жеткізуде іркілістер байқалмайды. Көкөніс қоймаларын, ӘКК қоймаларын су басу туралы ақпарат әлі түскен жоқ.

Жалпы, маусымаралық кезеңнің басталуын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Ербол Тасжүреков әкімдіктер мен ӘКК-нің назарын көкөніс қалдықтарын өткізуді күшейтуге және импорттық және ерте егін жеткізуге шарт­тарын жасауға аударды.

Жамбыл облысы әкімдігі баяндағандай, бүгінде қоймаларда шамамен 37 мың тонна пияз қалып отыр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында экспортқа 162 мың тонна шығарылды, сәуірде 11 елге 22 мың тонна өнім жөнелтілді. Су тасқынынан зардап шеккен бес облысқа 241 тонна пияз гуманитарлық көмек ретінде жеткізілді.

Сондай-ақ көкөністі жылдам сату үшін облыс және аудан орталықтарында әр сенбі сайын ауылшаруашылық жәрмеңкесі өткізіліп, төмен бағамен 10-15 тонна пияз сатылып жатыр.