Әзербайжанның халықаралық ұйымға төрағалығы АӨСШК мүше мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің Бакуда өтетін кезекті кездесуінен кейін басталады.
АӨСШК төрағалығы Қазақстаннан Әзербайжанға өтеді
1,141
оқылды

2024 жылғы 18 сәуірде Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігінде АӨСШК қызметінің негізгі бағыттары және Әзербайжанның осы ұйымға алдағы төрағалығы туралы жетекші әзербайжан БАҚ өкілдері үшін брифинг өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел екі елдің жемісті екіжақты ынтымақтастығы АӨСШК сияқты көпжақты алаңда да өзара табысты шараларды жүзеге асырып келе жатқанын айтты. Дипломат 2020-2024 жылдардағы ұйымның төрағасы ретінде Қазақстан тарапынан төрағалықтың бауырлас Әзербайжан мемлекетіне өтетініне қуанышты екенін жеткізді.

АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай өз сөзінде Бакуға сапарының негізгі мақсаты Әзербайжанның 2024-2026 жылдарға жоспарланған АӨСШК төрағалығы бойынша консультациялар өткізу екендігін мәлімдеді. Сапар аясында ол Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен, сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен келіссөздер жүргізіп, ондағы басқа да бірқатар лауазымды тұлғаларымен кездесті. Президент И.Әлиев Әзербайжанның Қосылмау қозғалысы төрағалығындағы табысты тәжірибесін АӨСШК қызметін үйлестіруде қолданатынын атап өтті.

Баспасөз конференциясы барысында Қ.Сарыбай АӨСШК қызметінің негізгі өлшемдері мәдени-гуманитарлық, сауда-экономикалық, экологиялық, әскери-саяси, азаматтық-құқықтық салалар екеніне тоқталып, АӨСШК шеңберінде Қазақстанның басым міндеттерін іске асыруға бағытталған соңғы қадамдар туралы ақпарат берді. Олардың бірі – АӨСШК аясында Тұрақты өзара байланыс жөніндегі кеңес құру туралы бастама. Осы тұрғыда ол тұрақты логистикалық инфрақұрылым мен өңірлік көлік бағыттарын құру, жасыл көлік технологияларын дамыту, климаттың өзгеруіне қарсы күрес, сондай-ақ Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын шешу мәселелерінде ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Қ.Сарыбай алдағы уақытта ұйымға Әзербайжанның төрағалық ететініне қанағаттанатынын айтып, елдің шиеленістен кейін мемлекетті қалпына келтіру мәселесіндегі тәжірибесіне ерекше назар аударды.

«АӨСШК тіпті бір-бірімен дипломатиялық қарым-қатынасы жоқ елдерді біріктіріп, жақсы диалог алаңы болып отыр. Әзербайжанның алдағы төрағалығы АӨСШК дамуына өз үлесін қосады деп сенемін», – деді Бас хатшы.

Брифинг соңында Әзербайжанның халықаралық ұйымға төрағалығы АӨСШК мүше мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің Бакуда өтетін кезекті кездесуінен кейін басталатыны белгілі болды.