Су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашу керегін қазір елде болып жатқан тасқын судың өзі дәлелдеді.
Ерлан Саиров: Топан су – 30 жыл бойы қалыптасқан көзбояушылықтың көрінісі
1,202
оқылды

Осыған байланысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Ерлан Саиров ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Ағайын, апат айтып келмейді. Дәл қазір еліміз – ел аман, жұрт тынышта терең әлеуметтік дағдарысқа тап болды.

Дайын болмаған кезде келген топан су – Қазақстандағы 30 жыл бойы қалыптасқан даңғазалық, волюнтаризм мен көзбояушылықтың шынайы көрінісі. Бұл – факт! Бұл оқыс оқиға еліміздегі жергілікті басқарудағы жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсетті.

Сондықтан бізге аудандық, ауылдық деңгейдегі мемлекеттік басқарудың басымдықтарын қайта қарау маңызды. Мысалы, облыс, аудан әкімшіліктеріне қосымша құзырет бере отырып, инфрақұрылым, халық шаруашылығын ұтымды реттеу үшін шаруашылық бағыттағы децентрализация қажет. Әрбір әкім өңірдің коммуналдық-шаруашылық мәселелерін реттеу үшін дербес шешім қабылдау мүмкіндігіне ие болуға тиіс.

Ең кемі, олардың дербес иелегінде коммуналдық техника мен шаруашылыққа бағытталған арнайы өз тікелей бюджеті болуы қажет. Инфрақұрылым, тазалық, жергілікті жолдарды салу-жөндеу, кішігірім плотина, тоған, ирригация жүйелерін салып, жөндеу мәселелері бойынша әкімдіктерге қосымша құзырет беру маңызды.

Қазір аудандық әкімдер шешім қабылдауда қорқады. Өйткені тырп етсе, ертеңінде прокуратура, құзырлы органдар келеді. Соның салдарынан, бүгінгі жағдайда мемлекет жүздеген миллиард шығынға батып отыр. Сондықтан қоғамдық бақылау тетіктерін күшейтіп, Мәслихаттардың рөлін арттыра отырып, әкімдерге тиімді әрі ашық жұмыс істеуге жағдай жасау қажет.

Құзыретті бере отырып, бюджеттік бағдарламаларды да беру қажет. Қазір кей кездері құзырет болса да, аймақтарда бюджеттік бағдарлама жоқ болғандықтан, Қаржы министрлігі тиісінше қаржы бермейді. Оған қоса жергілікті мәселеге аудан немесе ауыл әкімі тікелей жауапты. Бірақ ең шалғай ауылдағы бөгеттер мен тоғандар «ҚазСуШар»-дың балансында.

Қазақстанның басым көпшілігінің облыс, аудан, алыс ауылдардағы кішкентай тоған, бөгет, гидроузелдердің барлығы солардың меншігіне өткен. Ал «ҚазСуШардың» аудандық деңгейде шаруашылықты дөңгелетіп әкетуге мұршасы жетпейді. Техникасы да, адамдары да жоқ.

Су шаруашылығы саласында аудандық, облыстық деңгейде су ресурстарын басқаратын коммуналдық кәсіпорындар ашу керек. Жергілікті аудандық коммуналдық кәсіпорын жергілікті маңызы бар тоған, бөгет, гидроузелдерді өз балансына алуы қажет. Жергілікті атқарушы органдарға тиісті бюджеттік бағдарламалар ашылуы маңызды. Оларды қажетті техника, білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, жергілікті гидроқұрылымдарды дамытуға күш салу қажет.

«Казводхоз» республикалық деңгейде стратегиялық маңызы бар нысандарды ғана басқаруға тиіс, – деді депутат.